Нұр-Сұлтанда өтетін Джокович-Надаль арасындағы матчқа 3,5 млн теңгеге билет алған кімдер?

Жарысты ұйымдастырушылардың айтуынша, құны 3,5 млн теңге тұратын 60 билеттің бүгінде төртеуі ғана қалған

Нұр-Сұлтанда өтетін Джокович-Надаль арасындағы матчқа 3,5 млн теңгеге билет алған кімдер?

Дәл қазіргі уақытта АТР рейтингі бойынша әлемнің бірінші және екінші ракеткалары Новак Джокович пен Рафаэль Надаль ертең, яғни 24 қазан күні сағат 19.00-де Нұр-Сұлтан қаласындағы «Барыс Арена» спорт кешінінде үлкен теннистен қайырымдылық матчын өткізеді.

Үлкен теннис – бүгінде танымал спорт түріне айналды. Алайда, бұл спортты көбіне аристократтар тамашалайтын, байлардың сүйікті жарысы ретінде санайтындар көп. 1926 жылы теннистен ең алғашқы кәсіби жарысты ұйымдастырған америкалық кәсіпкер Чарлз Пайл жүлде қорына қомақты қаржы бөліп, содан бастап бұл спортта бағы жанғандар әлемдегі ең табысты спортшылардың қатарына қосылды.

Қысқасы, екі спортшы да мәртебелі турнирлердегі жеңісі бойынша тарихта тек Роджер Федерерден кейін тұрған спортшылар. Спортты өнер деңгейіне көтерген, әлемді аузына қаратқан осындай спортшылардың өнерін тамашалауға асыққан, осы күнді сағына күткен қазақстандықтар да аз емес екен. Біз оны билет құнына қарамастан «Барыс Аренадан» орын алуға асыққан жандардың саны арқылы біліп отырмыз.

Қарапайым билеттердің құны 6 мың мен 23 мың теңге аралығында. Ары қарай билет құны қымбаттай береді. Ең қымбат билеттердің құны 3,5 млн теңге тұрады екен. Ол «Барыс Арена» спорт кешенінің 4 қабатында орналасқан 60 адамға арналған VIP-кабиналар. Жарысты ұйымдастырушы Қазақстан теннис федерациясының маркетологы Саида Халелованың айтуынша, құны 3,5 млн теңге тұратын 60 билеттің бүгінде төртеуі ғана қалған. Есептеп қарайтын болсаңыз, қайырымдылық матчына VIP қонақтардың өзі 200 млн теңгенің үстінде кіріс әкеледі екен.

Biletiastana.kz сайтында көрсетілген бағдарламада 3,5 млн теңге тұратын билет иелеріне жайлы орыннан басқа тағы не бұйыратынын көрсеткен. Біріншіден, оларға аумағы 38 шаршы метрді құрайтын жайлы орын бұйырады. Сондай-ақ VIP қонақтарға Қазақстан теннис федерациясы айрықша құрмет көрсетіп, әлемдік спорт жұлдыздарының қатысуымен өтетін қайырылымдылық матч алдында Ritz-Carlton, Astana бесжұлдызды қонақүйінде VIP Котейль-Пати өткізеді. Мұны Қазақстан теннис федерациясының өкілі Саида Халелова да растап отыр.

Бұл матч демеушілік жоба. Шараның мақсаты – Қазақстанда теннис спортының насихатын арттыру және әлемдік спорт жұлдыздарымен танысу. Ал екі теннис жұлдызының кездесуіне түсетін қаражат өңірлерде балабақшалар мен мектептерді теннис секцияларымен қамтамасыз етуге, сондай-ақ қолданыстағы теннис орталықтарын балаларға арнап инклюзивті ойын алаңына айналдырып, айналасын жеміс ағаштарымен абаттандыру сияқты қайырымдылық шараларына жұмсалады.

Нұр-Сұлтандағы «Барыс Арена» көпфункциялы спорт кешені, бұл кешенде бір мезетте 11 мыңнан астам адам жарыс тамашалай алады. Ал, Джокович-Надаль арасындағы матчты тамашалауға қанша адам келетінін, бұл қайырылымдылық шарасына қанша қаржы түсетінін алдағы уақытта сіздерге міндетті түрде ақпарат етіп береміз.

Новак Джокович пен Рафаэль Надаль да қазіргі таңдағы ең табысты, ең атақты спортшылар. Сербиялық Новак Джокович Australian Open (7 рет), Уимблдон (5 рет), US Open (3 рет), Roland-Garros (1 рет) сияқты мәртебелі турнирлерді 16 рет жеңген, ал испаниялық Рафаэль Надаль Roland-Garros (12 рет), Australian Open (1 рет), Уимблдон (2 рет), US Open (4 рет) жарыстарын 19 рет жеңген.

Қазақстан теннис федерациясы бұл кездесуді өткізу үшін 2016 жылдан бері келіссөз жүргізіп келген. Алайда, спортшылардың жарақатына байланысты бұл матч кейінге шегеріліп отырған.

Матч 24 қазан күні сағат 19.00-де басталады, 18.00-де қазақстандық жас теннисшілер үшін мастер-класс өткізеді. 

Жандос Мейірбекұлы, Нұр-Сұлтан

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.