Өмірзақ Шөкеев Арыс қаласында жарылысқа дейін адамдар баракта тұрғанын айтты

Әкімнің айтуынша, жарылыстан кейін кейбір кісілер үйін күрделі жөндеуден өткізуге көнбей, үйді сүріңдер деп талап еткен 

Өмірзақ Шөкеев Арыс қаласында жарылысқа дейін адамдар баракта тұрғанын айтты
Фото: ашық дереккөзден

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Арыс қаласында жөнделіп жатқан соңғы үйлер 10 қарашадан кешіктірілмей пайдалануға берілетінін айтты.

«Арыс қаласында үйлері бұзылып құрылысы кешеуілдеп жатқан үйлерді жөндеу 1 қараша, ары кетсе 10 қарашаға дейін аяқталады. Салынып бітпей жатқан үйлердің ең көбі әскери бөлімнің жанында орналасқан, былайша айтқанда, барактар болатын. Ол барактардың барлығы қирап қалды, сүріп тастадық. Қалаға кіре берісте алпысқа жуық үй салынып жатыр. Сол үйлердің құрылысы бітсе, бір аптаның ішінде адамдарды сол үйлерге қоныстандырамыз», - деді Өмірзақ Шөкеев.

Әкімнің айтуынша, жарылыстан кейін кейбір кісілер үйін күрделі жөндеуден өткізуге көнбей, үйді сүріңдер деген. Уақыт өтіп, бұзылған үйлер жөнделіп болуға таяғанда ғана келісті. Сондықтан, олардың үйлерін жөндеу уақыты кешіккен. Бұл ретте Өмірзақ Шөкеев өз үйлерін өздері қиратқан адамдарға қатысты пікір білдірді. Айтуынша, қандай да бір нысанды сүріп, қайтадан салу керегін немесе жөндеуге жарамды екенін әкім шешпейді.

«Қоғам болған соң әртүрлі адамдар бар. Өздерінің үйі қатты бұзылды деп көрсеткісі келгендер болды. Қандай да бір үйдің, қандай да бір нысанның тағдырын әкім емес, министр емес, үкімет емес, арнайы мамандандырылған институт шешкен. Сол институттың шешіміне қарап қана жөндеді не бұзды. Кейбір белсенді тұрғындар сотқа беріп, мәселені шешкісі келді, кейбіреуі үйін бұзды. Бірақ, қандай үйді граната бұзғаны, қандай үйді адам бұзғаны көрініп тұрды. Қазір қала әлдеқайда жаңарған», - дейді әкім.

Ол баспасөз мәслихатын пайдалана отырып, Арыс қаласын қалпына келтіруге атсалысқан Қазақстандағы облыстарға алғыс айтты.

«Адамдар 50 градус ыстықта металмен жұмыс істеді. Бір облыс жақсы істеп, бір облыс жай істеді деу – әділетсіз болады. Сондықтан, барлығына алғыс айтамын», - деді әкім.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.