GGG vs Derevyanchenko: Айтжанов, Ыбырайымов және спорт комментаторлары жекпе-жек туралы
Геннадий Головкин мен Сергей Деревянченко арасындағы жекпе-жекте кім жеңеді? Осы сұраққа спорт сарапшылары жауап берді
5 қазан күні Нью-Йорк қаласындағы «Madison Square Garden» кешенінде қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин мен украиналық Сергей Деревянченко арасындағы жекпе-жек өтеді. Осы жекпе-жекке қатысты бірнеше бокс сарапшыларының пікірін білдік.
Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы бас бапкері Мырзағали Айтжанов Головкин мен Деревянченконың мүмкіндігін 70/30 деп бағалайды.
«Бокс тілінде «ринг шешеді» деген сөз бар. Әрине, Қазақстан азаматы ретінде бүйрегіміз Генаға бұрады. Головкин өте тәжірибелі, әмбебап боксшы. Бірақ, Сергей Деревянченко де оңай қарсылас емес. Оның қарсыласын бақылауы, рингтегі төзімділігі ерекше. Деревянченконы бұрыннан білемін, Украина ұлттық құрамасында да мықты болды. Жалпы, украин боксшыларына тән бір қасиет бар, олар рингке төбелесу үшін шығады. Деревянченконың соққылар сериясы мықты, ол басымдыққа ие болғанда үзіліссіз қатарынан 5-6 соққы жұмсай алады. Бұл өте тамаша көрсеткіш. Мен алдағы жекпе-жекте GGG мен Деревянченконың мүмкіндігін 70/30 деп бағалаймын. Әрине, басымдық Генада болады. Бірақ, тағы да қайталап айтамын, бұл бокс, кәсіпқой бокста оңай қарсылас деген болмайды. Бәрі де мүмкін», - дейді білікті бапкер.
Ал, Головкиннің кәсіпқой бокстағы ең мықты қарсыласы кім болды деген сұрағымызға: «Әрине, Канело (Сауль Альварес), сосын Джейкобс. Джейкобс пен Головкиннің бойы өте қызықты өтті. Мықты қарсылас екенін көрсетті» деп жауап берді Мырзағали Айтжанов.
Бокстан Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбырайымов қазақстандық боксшы тәжірибесінің арқасында жеңіске жетеді деп есептейді.
«Деревянченко менен кейін шыққан боксшы ғой, сол себепті онымен жақын таныс емеспін. Бірақ, әуесқой бокста жүргенде Қанат Исламмен болған екі кездесуін білемін. 2 мыңыншы жылдардың басында Әлем кубогында Қанат Ислам Корея клубының атынан өнер көрсетіп, Ал Сергей Деревянченко украиналық клубтың атынан өнер көрсетті. Сол кезде біздің Қанат жеңіске жеткен. Кейін Қанат Ислам «Астана арланс» сапында жүргенде тағы да кездесіп, ол жолы Деревянченко жеңді. Жалпы, украиналықтар өте төзімді, қарулы келеді. Ломаченко, Усикті алып қараңыз, бәрі шетінен шыдамды. Головкинге қарсы кездесуде де Сергей шыдамдылығының арқасында біраз қарсылық көрсетеді деп сенем. Бірақ, Генаның аты Гена. Ол сонша жыл жиған тәжірибесінің арқасында жеңіске жетеді. Бірақ, кездесу оңайға соқпайды. Өте қызықты өтеді деп сенем», - дейді Олимпиада чемпионы.
Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев жекпе-жек алты раундтан асса Головкин үшін қиын болады деп есептейді.
«Шынымды айтсам, бокссүйер қауым үшін бұл көптен күткен жекпе-жек. Дәл осы кездесудің болатынына қуаныштымын. Екі чемпионның, екі мықтының кездесуі өте қызықты өтеді деп үміттенемін.
Геннадий де, Деревянченко да шабуылдағанды ұнататын боксшылар. Сергей өте төзімді боксшы, соның арқасында қарсыластарын қоғадай жапырып келеді. Гена жойқын соққысының арқасында қарсыласын кез келген раундта жеңуі мүмкін, ал Деревянченкода бұл көбіне алтыншы раундтан бастап сәтті жүзеге асады. Егер ол алты раунд бойы Генаның соққыларына тосқауыл бола алса, онда жетінші раундтан бастап GGG үшін қиын болады. Бірақ, мен қандай жағдай болмасын Гена досым үшін тақым қысып, жеңісін тілеймін», - дейді Олимпиада чемпионы.
Спорт комментаторы Есей Жеңісұлы Головкин Деревянченконы 6 раундқа дейін құлатуға тырысады деп сенеді.
Спорт сарапшысы Есей Жеңісұлы алдағы сенбі күні қазақстандық Геннадий Головкин мен украиналық Сергей Деревянченко арасында өтетін бокс бәсекесіне болжам жасады. Оның пікірінше, жерлесіміз GGG шаршы алаңдағы теке тіресті 5-6 раундта нокаутпен аяқтауға тырысады. Бірақ оның бұл мақсатқа жетуі өте қиын болмақ. Себебі, украиналық боксшы мығым, мықты, әлем чемионы атағына таласатын белестерді өте тез бағындырған спортшы.
«Сергей Деревянченко осал қарсылас емес. Сергей бокстың бүкіл өткелдерінен өткен боксшы, әуесқой бокста да, жартылай кәсіпқой бокс саналатын «WSB» сериясында да «Астана арланс» сапында өте жақсы өнер көрсетті. Оның менеджерлері де қазір де өте жақсы жұмыс істеп жатыр. Деревянченко 13 қана кездесу өткізсе, соның екеуінде әлем чемпионы атағына таласты. Ал біздің көптеген жігіттер 25-30 кездесу өткізсе де әлі әлем чемпионы атағына таласқан жоқ. Бірақ бұл жолы Головкин мәселені ары кетсе алтыншы раундқа дейін шешкісі келеді», - деді Есей Жеңісұлы.
Үнемі «Big Drama Show» жасауға уәде беретін GGG бұл жолы нокаутқа уәде бермеді. Бірақ оның бұлай айтпауы – тек қарсыласқа деген құрмет қана деп санайды спорт комментаторы. Сарапшының пікірінше, екеуара таласқа түсетін IBF және IBO белбеуін жерлесіміз жеңіп алғанның өзінде ол Головкинге айтарлықтай бедел бермейді. Себебі, бұған дейін IBF тұжырымынан Геннадийдің өзі бас тартқан. Оның үстіне Головкинің өзі бұрынғыдай орта салмақтағы чемпиондық атақтарды жинамаймын деген. Осы жолғы кездесулер тек оның бизнес жасап қалу жолындағы қадамдары ғана. Өйткені оның шаршы алаңдағы мансабы аяқталуыға жақын.
«GGG бокс әлеміндегі өз «карьерасының» аяқталуға жақын екенін біледі. Сондықтан тек қаржылық жағын мығымдауға мән беру үстінде. Дэниел Джейкобстан кейін Геннадий Головкин қартайғанын аңғартты. Бапкері де бұрынғыдай қорғаныста ашық болмауды тапсырып жатыр. Мені оның бапкері Джонатан Бэнкстің бір ғана сөзі үміттендіріп отыр. Ол бұрынғыдай «қарсыласын таптап өтетін емес, алаңда өнер көрсете алатын Головкинді көреміз» деген. Ол қанша десек те өзінің бұрынғы стилінен аса айнымайды. Оның қарсыластары көбіне Головкиннің оң қолынан қауіп күтіп жүргенде, сол қолмен де нокаутқа жіберуі мүмкін. Ол өзінің «GGG Promotions» компаниясына жұмыс істеп жатыр. Өйткені алдағы уақытта іргетасы мықты Оскар Де Ла Хойя сияқты промутерлік компанияны басқарып, өз чемпиондарын тәрбиелейтін мектептің іргетасын қалап алғысы келеді. Сондықтан кіммен жұдырықтасса да ол қаржылық тұрақтылыққа жұмыс істейді», - деді Есей Жеңісұлы.
Алдағы аптада өзінің 40-шы бокс кешін өткізетін жерлесіміз тағы кемі екі жекпе-жек өткізіп барып мансабын аяқтауы мүмкін. Оған қазір қарсы шығар мықтылар ретінде мексикалық жас пері Хайме Мунгия мен ұлыбританиялық Билли Сондерсты атауға болады. 5 қазанда 37 жастағы отандасымыз Нью-Йорктегі «Madison Square Garden» кешенінде украиналық Сергей Деревянченкомен жұдырықтасып, орта салмақта IBF және IBO белбеулеріне таласады.
Спорт комментаторы Ербол Каиров Головкиннің нокаут жасайтынына сенеді.
«Әрине, Головкин – жоғары деңгейдегі боксшы. Өте мықтыларға қарсы жек-жектер өткізген тәжірибелі спортшы. Ал, Деревянченконы қазақстандық боксшының ең мықты қарсыластарының қатарына қосуға келмейді. Украиналық боксшы жақын қашықтықта өте жақсы жұдырықтасады, бірақ алдағы жекпе-жекте мұндай тәуекелге барады деп ойламаймын. Деревянченкоға тактикасын өзгертуге тура келеді, бірақ қысқа аралықта мұндай өзгеріске бару өте қиын. Лаки-панчке (тәуекел соққы) бару да қисынсыз, өйткені Головкиннің жағы мықты, оны тіпті Альварестің өзі де нокаутқа жібере алған жоқ. Меніңше, Головкин Деревянченконы нокаутқа жібере алады. Ол үшін рингке біраз бейімделу керек, 7-8 раундтан бастап Головкин нокаут үшін жұмыс істейді деп ойлаймын», - дейді спорт комментаторы.
Әмірболат Құсайынұлы