$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Қатерлі ісік, скрининг, тегін емделу, алдын алу»: онкологпен сұхбат

Жыл сайын әлемде қатерлі ісіктен 9 млн адам көз жұмады

«Қатерлі ісік, скрининг, тегін емделу, алдын алу»: онкологпен сұхбат

Еліміздегі статистика да көңіл көншітпейді. Онкологиялық науқас саны бойынша Қазақстан 50 елдің қатарында екенін айта кеткен жөн. Елімізде онкологиясы бар науқастар қалай емделетінін білу үшін Azattyq Ruhy тілшісі Абай облысы денсаулық сақтау басқармасының Ядролық медицина және онкология орталығы директорының даму және стратегиялық жоспарлау жұмыстары бойынша орынбасары, жоғарғы санатты дәрігер онколог Қуантқан Жабағинмен әңгімелесті.

МЕДИЦИНАҒА АПАРАР ЖОЛ

Қуантқан Талғатұлы ақ халатты абзал жан болуды кішкентай күнінде барлығы армандағанымен, оны өмірде іске асыратындар кемде-кем екенін айтады.

«Медицина саласын таңдау аяқ астынан болмайды, медицинаға жай қызығушылықпен немесе ерігіп ешкім келмейді, келсе де бірінші курсты бастамай жатып-ақ оқуды тастап кетеді. Себебі медицина университетінің бірінші күнінен бастап-ақ оқудың өте ауыр және жауапты екенін бірден түсінесің. Мектеп қабырғасында оқып жүргенде мен гуманитарлық пәндерді көбірек ұнатып оқитынмын, журналистика мамандығы мен парсы тілдерін оқу қызықтыратын, медицинаға келу туралы ой келгенде, ойланбастан шешім қабылдадым, өйткені жауапты саланы оқып кетуге іштей дайын едім», - дейді Қуантқан Жабағин.

Маман онкология саласына қалай келгенін былайша айтып берді:

«Бұрынғы Семей облысы Қайнар ауылының ғасырлық тарихы бар Сапарғали Бегалин атындағы орта мектепті 2003 жылы тәмәмдадым. Мектеп ұстаздарының мықтылығынан кез келген пән бойынша дайындығымыз мықты болатын. Мектеп бітірісімен Семей мемлекеттік медицина академиясына емдеу факультетіне 1-курсқа оқуға түстім. Онкологияға қызығушылық студенттік кезеңнің 5-курсынан басталды, алғаш рет онкология орталығына сабаққа келгенде студенттік ғылыми үйірмелеріне қатысып, үнемі кафедрадағы профессорлардың тәлімін алдық. 5-курстан бастап өзіме онколог дәрігері боламын деген мақсат қойдым, университетті бітірген соң тереңдетілген клиникалық тәжірибе алуға 2 жылдық резидентураға түсіп, тәжірибемді пысықтадым.

Онкологияда әлі ашылмаған жайттардың көптігі мені ғылымға алып келді. Резидентурадан кейін, ғылыми онкологиямен айналысу үшін докторантураға түсіп, ғылыми жұмысымды сәтті қорғап, PhD докторы атағын алып шықтым. Қазіргі кезде клиникалық тәжірибемен, ғылыммен және оқытушылықпен айналысып жүрмін. Медицина университетіндегі онкология кафедрасында оқып жатқан онколог резидент дәрігерлердің тәлімгері ретінде оқытушылық қызмет жасап жатқан да жайым бар», - деді онколог.

ЖАС ТАЛҒАМАЙТЫН ДЕРТ

«Онкологиялық аурушаңдылық көне ғасырлардан бері бар. Ол жастар арасында да, қарт адамдар арасында да болған. Қатерлі ісікпен көбіне 50-ден асқан адамдар ауырады. Алдында айтып өткендей, 55-74 жас аралығындағы адамдар жиі ауырады. Балаларда жиі кездесетін аурулар болады (ақ қан, ретинобластома, нефробластома, саркома). Балалар мен жастар арасындағы профилактикалық қараулардың нашарлап кетуі, балалар мен жастар арасындағы ауруларды көбейтіп, әрі ушықтырып жатады. Ол тек жастар арасында ғана емес, орта жастан асқан адамдар арасында да кездеседі», - дейді маман.

Онкологтың айтуынша, экологияның нашарлауы, түрлі стресс, дұрыс тамақтанбау, аз қимылдау, және тағы басқа да себептер түрлі ауруларға алып келеді. Сондықтан баланы жастайынан дұрыс тамақтануға, дұрыс дене шынықтырумен айналысуға үйрету маңызды.

«Әрине, бастапқы сатысында анықталған қатерлі ісіктер жақсы емделеді, соңғы сатыларында емдеу қиын, кей жағдайларда емге де жарамай қалуы мүмкін. Елімізде онкологиялық ауруларды анықтаудың мемлекеттік 3 скринингтік бағдарламасы бар: әйел адамдарда жатыр мойыны, сүт безі, әйелдер мен ерлерде тоқ ішек қатерлі ісіктерін ерте сатыларында анықтау мақсатында скринингтік бағдарламалар бар. Сондықтан дер кезінде скринингтік бағдарламаға шақырған уақытта барып қаралу керек. Еліміздің әр азаматы жасы келгенде скринингтік тексерістен өтуі ауруды алдын ала анықтауға үлкен септігін тигізеді», - дейді Қуантқан Жабағин.

Маманның айтуынша, «Ауруын жасырған өледі» демекші, біздің адамдарда әлі де дәрігерге көрінуді қорқыныш санайтындар көп. Бірақ өз денсаулығына мән беретін, үнемі тексерулерден өтіп жүретін адамдар саны артып барады.

«Ауруды кеш сатысында емдеу әрқашан қиын, ұзақ, әрі қымбат тұрады. Ал ауру қаншалықты ерте анықталса, жылдам әрі жеңіл емделеді. Ол өз кезегінде құлан таза жазылып кетуге мол мүмкіндік тудырады. Біздің орталықта 11 000-нан астам адам қатерлі ісік диагнозымен тіркеуде тұр. Олардың 55 пайызға жуығы 5 жылдан астам уақытқа өмірін жалғастырып жатыр. Ол – диагностикалау мен емдеу стандарттарының сапасының артқанының арқасы», - дейді Жабағин.

Биыл елордада Президент іс басқармасы медициналық орталығы жанынан ядролық медицина орталығы ашылған болатын. Семей қаласындағы осындай орталық қандай іспен айналысатынын да сұрап білдік.

«Семей қаласында орналасқан Ядролық медицина және онкология орталығы Абай облысының халқына ғана емес, Қазақстанның кез келген өңіріндегі онкологиялық көмекке мұқтаж науқастарға көмек көрсете алатын еліміздегі үлкен онкологиялық орталықтардың бірі. Жылына 45 мыңнан астам науқасты қабылдап, тексере алатын қауқары бар мамандандырылған емхана бөлімі, хирургиялық оталар, химиотерапия, сәулелі ем жасайтын бөлімдері, 155 науқасқа арналған орны бар стационары бар, күндізгі бөлімі 40 орындық медициналық мекеме. Қатерлі ісікке шалдыққан науқастарға кез келген деңгейде көмек көрсете алатын орталық. Онкологиялық қызметті ұйымдастырудың үкіметтік кешенді бағдарламасы жасалып, диагностикалау, емдеу кезіндегі көптеген оң өзгеріс пайда болды», - дейді Жабағин.

Онкологтың айтуынша, қазіргі таңда медициналық сақтандырылған әр азамат онкологиялық ауруға күдік туған кезде өткізілетін барлық тексерулер тегін: компьютерлік томография, магнитті-резонансты томография, позитронды-эмиссионды томография және қосымша диагностикалық тексерулер.

«Ауру анықталған кезден бастап барлық емдеу түрі тегін. Соңғы кезде емдеуге арналған дәрілер арсеналының артып келе жатқаны да қуантады. Былтыр біздің Семей ядролық медицина және онкология орталығында – радионуклидті диагностика бөлімі және радионуклидті терапия бөлімі (қалқанша безінің дифференцирленбеген қатерлі ісігі, тиреотоксикозды радиойодтерапиямен емдеу) ашылды. Елімізде әзірге ашылған ең алғашқы және әзірше жалғыз орталық болып отыр», - деді ол.

АУРУДЫҢ АЛДЫН АЛУ

«Барлық түрі болмаса да, қатерлі ісіктер адамдарда тұқым қуалауы мүмкін. Сүт безінің, аналық безінің қатерлі ісігі бар әйел адамдардың қыздары, қыз немерелері ауыруы мүмкін. Асқазан, ішек жолдарының қатерлі ісігі бар әкесінің балаларында түрлі онкологиялық аурулар шығып жатады. Сондықтан, ата-анасы немесе ата-әжесі қатерлі ісікпен ауырып, содан қайтыс болса, балалары жылына бір рет болса да медициналық тексерулерден өтіп тұруы артық етпейді. Қазіргі уақытта түрлі «чек ап» бағдарламалар кез келген онкологиялық орталықта бар. Ал егер бір ауру белгілері бар болса, уақыт кешіктірмей дәрігерге көрінуі керек», - деді Қуантқан Жабағин.

Маман атағандай, онкологиялық ауру тек экологияның нашарлауынан немесе күйзелістен туындайды деу қиын.

«Қатерлі ісіктің адам ағзасында дамуы үшін көптеген зиянды факторлар ұзақ уақыт әсер етуі керек. Адам ағзасында күнделікті мыңдаған қатерлі ісік жасушалары пайда болады, оны біздің иммунды жүйеміз күнделікті жойып отырады. Ал күйзеліс иммунды жүйемізді әлсірететіні баршамызға белгілі, ол өз кезегінде тек онкологиялық ауруларға ғана емес, түрлі ауруларға шалдықтырады. Күйзеліске көп беріле бермейтін адамдардың аз ауыратыны да сол», - деді Жабағин.

Маман сөз соңында күн тәртібіндегі ережелерді сақтап, салауатты өмір салтын ұстану да ауруға шалдықтырмайтын қағида екенін айтты.

«Салауатты өмір салтын ұстану – осы сөзді барлығымыз естісек те, ол қағидаларды ұстанып жатқанымыз өте аз. Дұрыс әрі уақытымен тамақтану, дене шынықтырумен айналысу, көп қимылдау, көп жүру, таза су ішіп жүру, көкөніс пен жемістерді мол пайдалану, ет тағамдарын мөлшерінен тыс пайдаланбау керек. Сау адамдар жылына бір рет дәрігерге көрініп, түрлі тексерулер мен қараулардан өтіп отыруы керек. Әйел адам болсын, ер адам болсын профилактикалық тексерулерден өтіп отыру, анықталған ауруларды уақытында емдету – денсаулықтың үнемі мықты болып жүруіне септігін тигізеді. Ауырып ем іздемей, ауырмайтын жол іздеуді әр адам өзіне мақсат тұтса нұр үстіне нұр болар еді», - деп түйіндеді онколог.

Серіктес жаңалықтары