Елімізде алкоголизмнен мәжбүрлі түрде емдейтін мекемелерде бос орын жоқ
СҚО Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Александр Розбахпен сұхбат
Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері 59 ауыр қылмыс тіркелген. Оның 46-сында қылмыскер алкогольдік мас күйде болған. Полицейлер көлік ұрлығын да көбіне ішімдікке тойып алған адамдар жасайтынын айтып отыр. 48 қарақшылықтың 29-ын мас адам жасаған. Azattyq Ruhy тілшісі СҚО Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Александр Розбахпен сұхбаттасқан еді.
- Александр Владимирович, мас күйдегі адамдардың қылмысқа жиі баратыны туралы ақпарат қаншалықты шындыққа жанасады?
- Соңғы 9 айдың қорытындысы бойынша Солтүстік Қазақстан облысында алкогольдік мас күйде жасалған қылмыстар саны азайғаны байқалады. Мәселен, өткен жылдың сәйкес кезеңінде 495 дерек тіркелсе, биыл 420 факті. Дегенмен статистика ауыр қылмыстардың мас күйде жасалатынын көрсетіп отыр. Сонымен қатар мысал ретінде айтып өтер болсам, қаңтар айынан бері тіркелген 22 адам өлтіру фактісінің 18-і ішімдікпен байланысты. 16 адам ауыр дене жарақатының салдарынан қайтыс болды. Оның 14-ін ішімдікке тойып алған адамдар жасаған. Облыста жыл басынан бері түрлі деңгейдегі 3 497 қылмыс тіркелді. Оның 420-сы ішімдікпен байланысты. Бұдан аңғарғанымыз, ауыр қылмыстардың басым бөлігін мас адамдар жасайды. Ал ұрлыққа көбіне сау адамдар баратынын көріп отырмыз. Мәселен қаңтар айынан тіркелген 1440 фактінің 134-інде ғана қылмыскер мас күйде болған.
- Соңғы кездері 5 литірлік пластик құтыларда сатылатын суррогаттық алкогольдік өнімдер көбейгені мәлім. Мұндай фактілерді қалай анықтайсыздыр?
- Облыс полицейлері мұндай қылмыстардың алдын алу мақсатында бірқатар шараларды жүзеге асырады. Жыл басынан бері алкоголь ішкені және қоғамдық жерлерде мас күйде жүргені үшін 9 042 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Спирттік өнімдерді сату талаптарын бұзудың 114 жағдайы анықталды. Заңсыз айналымнан 118 мың литр алкоголь тәркіленді. Мұндай деректерді анықтау барысында арнайы шаралар жүзеге асырылады. Нарықта суррогаттық өнімдер көбейді. Қаладағы ірі базарларында тексеріс жүргізіп тұрамыз. Ең соңғы рет Петропавлда заңсыз айналымнан 11 мың литр алкогольдік өнім тәркіленді. Мұндай сусындар адам денсаулығы үшін өте қауіпті. Тіпті психикаға әсер етеді. Өліммен аяқталған деректер де кездеседі. Әсіресе көп уақыт бойы тұтынса қауіпті. Үйде ішетін адамдарға заң бойынша ешқандай шара қолдана алмаймыз.
- Медицина ішімдікке тәуелділіктің ауру екенін әлдеқашан дәлелдеді. Мәжбүрлі түрде емдеу қалай жүзеге асырылады?
- Биыл 9 айда 173 адам мәжбүрлі түрде емдеуге жіберілді. Бұның барлығы сот шешімі бойынша жүзеге асырылады. Оның тәртібіне толығырақ тоқталар болсам, ішімдікке тәуелді адамдардың туған-туыстары тұрғылықты жері бойынша наркологиялық немесе медициналық мекемеге өтініш жазады. Одан кейін Полиция департаментіне хат жолданады. Соған сәйкес учаскелік инспектор тиісті құжаттарды жинайды. Ішімдікке тәуелді адам медициналық комиссияның қарауынан өтеді. Оны мәжбүрлі түрде емдеу мекемесіне жіберуге ешқандай қарсы көрсетілім болмаса, құжаттар сотқа жолданады. Адам бірінші рет мәжбүрлі түрде емдеуге 6 айға жіберіледі. Солтүстік Қазақстанда мұндай қызметті бір ғана мекеме көрсете алады. Ол Жамбыл ауданының Благовещенка ауылында орналасқан. Мекеме 150 орынға арналған. Үнемі емделушілерге лық толы болады. Өз кезегін тағы 15 адам күтіп жүр. Адамды мәжбүрлі түрде емдеуге жіберу үшін материал жинау процесі өте күрделі. Учаскелік инспекторлар көп еңбектенеді. Ішімдікке тәуелділерді өзі медициналық мекемеге апарады. Ондай адамдар үйде отырмайды. Біздің мамандар оларды іздеп жүріп тауып алады. Сотқа келгенде көбіне туған-туыстары бастапқы ойынан айнып қалып, емдеуге жібермей қояды. Учаскелік инспектордың бір айлы еңбегі далаға кетеді. Белгілі бір уақттан кейін сценарий қайталанады. Мәжбүрлі түрде емдеуге жіберуге тағы да өтініш түседі.
- Мас адамдар қандай қылмыстарға баруы мүмкін. Өңірде резонанс тудырған бірнеше деректі мылас ретінде айтып өтсеңіз.
- Биыл шілде айында Айыртау ауданының Лобаново ауылында жан түршігерлік оқиға болды. Күйеуі ұл-қыздарының көзінше аңшы мылтығымен әйелін атып, артынша өзі де суицид жасады. Ерлі-зайыптылардың соңында 3 бала жетім қалды. Әйелі 33, күйеуі 36 жаста болған. Ел қатарлы өмір сүрген отбасы. Жігіттің қолына қару алуына қызғаныш, одан туындаған жандал себеп болған. Ер адам қайғылы оқиға болғанға дейін бірнеше күн бойы тоқтамай арақ ішкені анықталды. Кәмелет жасына толмаған үш бала Айыртау ауданының Саумалкөл ауылындағы өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығына орналастырылды. Бірер күн бұрын ғана Қызылжар ауданында тағы бір қайғылы оқиға тіркелді. Бұрын сотталған ер адам анасын атып, өзін жаралаған. Күдіктінің жағдайы ауыр, аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Бұған дейін ұрлық жасағаны үшін бас бостандығынан айрылған. Қазір соттылығы жоқ. 2007-шы жылы түрмеден шыққан. Ішімдікке тәуелді адам ретінде тіркеуде тұрған жоқ. Алайда көршілерінің айтуынша соңғы кездері жиі мас болып жүрген. Ішімдікке мас болған адамдар ақылға сыйымсыз түрлі қылмыстарға баруы мүмкін. Мәселен жуырда кафеден шыққан 26 жастағы жігіт жайдан-жай алдында тұрған аялдаманы қиратып тастаған. Облыс орталығында 400-ден астам бақылау камерасы бар. Басбұзарды сол жазбалар арқылы тауып алдық. Ол жауапкершілікке тартылып, көшедегі мүлікке шығын келтіргені үшін 400 мың теңгеден астам айыппұл салынды. Ол бұған дейін ешқашан жауапкершілікке тартылмаған.
- Өңірде ішімдікке тәуелді қанша адам тіркелген?
- Қыркүйек айына дейін ішімдікке тәуелді адамдар ішкі істер органдарында тіркеуде тұрды. Қазір бұл мәліметтердің барлығы наркологиялық мекемелерде жинақталады. Қыркүйек айына дейін ішімдікке тәуелді 2900 адам тіркеуде тұрды. Ал есірткіге тәуелді 420 адам.
- Арақтың салдарынан ата-ана құқығынан айрылып жататын жандар жетерлік. Жыл басынан бері статистикаға тоқталсаңыз...
- Жыл басынан бері ата-ана құқығынан айыру жөнінде 80 материал жиналып, кәселеттік жасқа толмағандар ісі жөніндегі комиссияға жіберілді. 41-і мақұлданды. Қалған 39 жағдайда ата-аналарға жағдайды дұрыстауға тағы да уақыт берілді. Қылмыс жасаған және үйінен кетіп қала беретін 3 бала Алматы қаласындағы арнайы мекемеге жіберілді. Қазір «қаңғыбас» синдромына шалдыққан балалар көп. Неігінен сәтсіз отбасыларда өсіп келе жатқан жеткіншектер үйінен кетіп қалады. Тағы 5 материал жиналып жатыр.
- Сұхбаттасқаныңызға рахмет!