«Еңбегінің 40% әлі белгісіз»: Ахметтанушы ұлт ұстазының мерейтойында зерттеуге емес, насихатқа көп көңіл бөлінгенін айтты
Қазақтың рухани көсемі, Алаш ардақтысы, Ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлының туғанына биыл 150 жыл
Бүгінде Ұлт Ұстазының есімі бір ауылға, 200-ден астам көше мен 39 мектепке, бір әуежай мен бір музейге берілген. Сонымен қатар, Алматы қаласында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, Қостанай қаласында Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік универститеті бар. Оған қоса Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Ахмет Байтұрсынұлы орталығы» ашылған.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметінше, Ұлт көсеміне арналған Ақтөбе, Қарағанады, Қостанай, Түркістан облыстарында ескерткіш қойылған. Соңғы ескерткіш 1-қазанда Қостанай облысы, Жангелдин ауданы Торғай ауылында орнатылды. Алматы әкімдігі де қараша айында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы скверге тұлғаға арнап ескерткіш орнатуды жоспарлап отыр.
«Осы уақытқа дейін Алаштың арда азаматын насихаттап келгенімізбен, еңбектерін әлі толыққанды зерделей алмай жүрміз» дейді Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты директорының орынбасары, PhD доктор, ахметтанушы Ермұхамет Маралбек. Ғалым Ахмет мұрасын тыңғылықты зерттеуге мемлекеттік қолдау жеткіліксіз болып жатқанын айтады. Жақында Әзербайжан Республикасының ұлттық мұрағатынан Ахмет Байтұрсынұлының қатысуымен 1926 жылы Баку қаласында өткен Бүкілодақтық 1-түркологиялық съездің тұпнұсқа бейнежазбасын да тауып әкелген. Құнды деректі табу ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің жас ғалымдарды қолдау мақсатында жариялаған ғылыми конкурста мақұлданған, өзі жетекшілік ететін гранттық зерттеу жобасы аясында жүзеге асқанын айтады. Дәл осындай қаржылық қолдаудың әлі де жеткіліксіз екенін айтқан ғалым Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы зерттеуге қарағанда, насихаттау жұмыстарына басымдық беріліп жатқанын тілге тиек етті. Azattyq Ruhy тілшісі ахметтану ғылымын дамытуда қандай кедергілердің бар екенін ғалымның өзінен сұрап көрді.
- Ермұхамет мырза, айтыңызшы, ұлт ұстазын шын мәнінде ұлықтай алып жүрміз бе?
- Ахмет Байтұрсынұлы – 1988 жылдан бері, яғни ақталған кезден-ақ өз бағасын алған тұлға. Тіпті өз заманында да оны замандастары өте жоғары бағалаған, құрмет тұтқан. Бүгінде ғалым тұлғасына байланысты айтылатын «Ұлт ұстазы», «Ұлттың рухани көсемі» деген қазақ тарихында баламасы жоқ бағасы бар. «Ұлт ұстазы» деген «тұтас ұлтты тәрбиелеу» дегенді меңзейді. Ұлтты екінің бірі тәрбиелей алмайды. Бұл Ахмет, Абай сияқты аса қуатты рухани тұлғалардың ғана қолынан келеді. Мәселен, Абылай ханды «ұлттың ұстазы» деп айта аламыз ба? Әрине, жоқ! Ол қанша жерден бірегей тұлға болса да, айта алмаймыз. Ол – заманы бөлек хандық дәуірдегі қазақ халқының саяси көсем.
Екіншіден, Ахмет Байтұрсынұлын «ұлттың рухани көсемі» дейміз. Әдетте, «ұлт көсемі» деп Әлихан Бөкейханды айтамыз. Меніңше, «ұлттың рухани көсемі» «ұлт көсемінен» де мәртебесі, ықпалы, тарихи рөлі жоғары тұрады. Мысалы, Иран президентінен Иранның рухани көсемінің орны, ел тарихындағы ықпалы жоғары. Бұл дінге ғана байланысты емес, адам өзі өзге тіршілік иелерінен руханияты арқылы ерекшеленетін рухани құбылыс болғандықтан, адамзат руханиятына көсем болу – өте жауапты, қабағат үлкен міндет. Сондықтан «Ұлттың рухани көсемі» деген өте жоғары және Ахмет Байтұрсынұлы үшін лайықты баға.
- Ал ахметтану ғылымы өз деңгейінде ме?
- Меніңше, ахметтану ғылымының тұтас үдерістері өз деңгейінде емес. Көпшілік ғалымдар мен қоғам өкілдері Ахмет Байтұрсынұлын шын мәнінде танып-білген бірен-саран ғалымдардың айтқан пікірлері мен жасаған үздік тұжырымдары, тыңғылықты зерттеулерінің айналасында жүр, олар ұсынған тұжырымдарды қалыптасып, айтыла келе дағдыға айналған сөз ретінде жаттанды түрде қолданып жүр. Ол тұжырымдардың шынайы мәніне, себебіне бойлап жүргендер көп емес. Өйткені, оның мәніне бару үшін толыққанды зерттеу, тану қажет. Екіншіден, оны түсінетін деңгей керек. Жалпы 150 жылдық мерейтойдың негізгі мақсаты да – осы, ғалым мұраларын халыққа жеткізу, насихаттау, онымен сусындату. Негізі Мерейтой екі бағытта жүру керек. Біріншісі – Ахмет Байтұрсынұлы мұрасын зерттеу. Бұл «бір жылда бәрін түгендеп, зерттеп тасау керек» деген сөз емес. Осы мерейтойды пайдалана отырып болашақ сүбелі еңбектерге, тыңғылықты зерттеуге кең жол ашылу, қазірден бастап зерттеуді қолға алу, жүйелі ұйымдастыру деген сөз. Екіншісі – насихаттау. Ахмет Байтұрсынұлы мұрасын зерттеу нәтижелерін қаттап, мұрағаттап жинап қою емес, оны халыққа жеткізу, түсіндіру қажет. Осы жолы 150 жылдық мерейтой қарсаңында Ахмет мұрасы жақсы насихатталып жатыр деп ойлаймын. Әрине кейде науқаншылық та болып жатыр, дегенмен, бұған дейінгі өзге тұлғаларға арналған мерейтойлардың ішінде ауқымды, саны, деңгейі жағынан әлдеқайда жоғары деп айтуға болады. Бірақ зерттеу жағы жеткіліксіз болып жатыр. Бұл олқылықтың орнын әлі де болса толтыру үшін ахметтанушыларды қолдау керек. Ғалым мұрасын зерттеуді мемлекет деңгейінде жүйелі, мақсатты қолға алу керек. Ғалымның ғылыми мұрасын зерттеуге конкурс жариялау керек.
- Бүгінде қанша ахметтанушы бар?
Ахмет Байтұрсынұлының есімі тек тіл білімі саласында ғана емес, әдебиет, тарих, мәдениет, демография, география, философия т.б. көптеген салалармен байланысып жатады. Сондықтан ахметтанушылар ғалымның деңгейінде болмаса да, Ахмет мұрасының мәніне бойлай алатын, әрі қарай тыңғылықты зерттеуге қабілетті болуы керек. Бүгінгі ахметтанушылардың зерттеу нысаны мен аясы туралы айтқанда, көбіне өмір жолы, қоғамдық-саяси қызметі, ішінара әдеби және тілтанымдық мұрасына, қазақ тілін оқыту әдістемесіне қатысты зерттеулер екенін көреміз және әр ғылым, әр мамандық ыңғайына қарай жеке-жеке салаға бөлінген, бір ахметтану ғылымы болса да, бірі екіншісінің бағытында еркін жүзе алмайтын деңгейде. Бұл – толыққанды ахметтанушының деңгейі емес. Ондай ғалымдар қазір саусақпен санарлық қана. Кейде тіпті саусағыңызды да санай алмай қаласыз. 1988 жылдан бері ахметтану ғылымында жеке бағыттар бойынша жазылған жақсы еңбектер бар. Дегенмен, бүгінгі ахметтану ғылымы ғалым мұрасын жан-жақты, терең, әр саласын толық қамти алатын ахметтанушыларды күтеді. Әсіресе ғалымды ғылыми мұрасы арқылы танудың деңгейі, мәртебесі жоғары. Мысалы, Аристотельді, ол ғылымның көптеген салаларымен айналысты. Ал әл-Фараби – шын мәнінде аритотелтанушы. Ғылымның әр саласы бойынша жазған еңбектерін өз деңгейінде түсініп, тіпті дамытып, одан кейінгі ұрпаққа жеткізді, ашты. Ахметтану ғылымы да осындай болу керек. Ахмет Байтұрсынұлының бір қырын ғана зерттеу – зерттеу аясының тарлығын білдіреді.
- Ахметтің қай тұстарын тереңірек зерттеу қажет?
Ахмет Байтұрсынұлын Абайдың деңгейінде зерттеу керек. Жалпы Ахмет Байтұрсынұлын тану бірнеше бағытта жүреді. Алдымен, өмір жолы, қоғамдық-саяси қызметі, яғни тарихқа қатысты мәселелерін бір бөлек қарастыру керек. Ахметтің Ахмет болып қалптасуына әсер еткен факторлар қандай? Оның ішінде оған қазақ, шығыс, орыс, татар, Еуропа мәдениетінің ықпалы қандай болды?Ахметке ықпал еткен тұлғалар кім болды? Қалай ықпал етті? Міне осыларды нақты фактімен негіздеу керек. Мысалы, ғалымның өмір жолын зерттеуде оның қайда барғаны аса маңызды емес. Оның не үшін барғаны, қалай барғаны, кім үшін барғаны, не көздеп барғаны маңызды. Өмір жолы мен қоғамдық-саяси қызметі туралы зерттеулерде осындай мәселелерді әлі де тереңдете түсу керек. Екіншісі, ғылыми мұрасын зерттеу мен түгендеуге байланысты. Ахмет Байтұрсынұлының 1895-1937 жылдар аралығында өте көп еңбектері бар. Осының өзі түгенделмей жатыр. Шамамен, 30-40 пайыз еңбегі әлі белгісіз шығар деп ойлаймын. Оның бірнеше бүркеншік есімдері де бар. Одан басқа да біз білмейтін бүркеншік есімдері болуы мүмкін. Соларды анықтау керек. Ал бүркеншік есімдерді қалай анықтау керек? Ғалымның өзіндік жазу стилі бар, оның өзі зерттелмеген. Әрбір еңбегінің жазылу тарихы да бар. Ғұлама ғалым жайдан-жай осы мәселе айтылмай, зерттелмей жатыр-ау, мен ғылым жолына түсейін деп бірде-бір еңбегін ондай оймен жазған емес. Дені дұрыс ахметттанушы осыны жақсы біледі. Ол сол қоғамда ұлт мүддесіне барып тірелетін қандай да бір мәселе туындағанда, соны шешудің дұрыс жолын көрсетіп немесе болашақта ұлт басына ауыр нәубет болады-ау деген өзекті мәселелерді алдын-ала ескеріп, сақтандыру мақсатында жазады және ұлт руханиятына ең қажет тақырыптармен айналысты. Ахметтану толыққанды болуы үшін ең әуелі академиялық толық шығармалар жинағын құрастыру керек қой. Ол үшін Үкімет арнайы шын мәніндегі ахметтанушылардан шағын топ жасақтап, сапалы өнім дайындауға ықпал ету керек.
- Ал ахметтану бағытында зерттеулер жасауға, оны жүргізуге не кедергі?
- Былтыр Министрлікке, Тіл саясаты комитетіне Ахмет Байтұрсынұлының 12 томдық шығармаларын жинап құрастыру бойынша ұсыныс енгіздік. Ғалымның шамамен 70 пайыз еңбегі тіл біліміне қатысты болғандықтан, оны Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жасау керек деп ұсындық. Біз Ғалым атымен аталатын жалғыз ғылыми мекеме болғандықтан, бұл онысыз да солай болуға тиіс. Көптомдықтың шығын сметасын да жасап бердік. Бұл бастама Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын өткізу жөніндегі республикалық жоспарға енді. Жоспар бойынша басты орындаушы мекеме ретінде біз қарастырылып келдік. Дегенмен жоспар бірнеше рет түзетілді. Былтыр қарашаның соңына қарай соңғы рет бекітілгенде бұл жинақты Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы Алаштану институты дайындайтын болып өзгерді. Қосымша мекеме ретінде біздің институт тіркеліпті. Міне, біздің ғылымның, ұлтқа, алаштың рухани көсеміне жанашырлықтың жағдайы осындай. Әр жерде әр мүдденің құрбаны болады да тұрады. Қазіргі таңда Ахмет Байтұрсынұлының 12 томдық шығармалар жинағын құрастыру бойынша жұмыс жасалып жатқан болуы керек, дегенмен республикалық бас жоспарда қосымша орындайтын мекеме ретінде біз тіркелгенімізбен, бүгінге дейін бізге бірге жұмыс істеуге ешқандай ұсыныс та түскен жоқ, міндет те жүктелген жоқ. Менің білуімше, естіген түрлі ақпараттарға қарағанда 12 томдық шығармалар жинағының 6 томы ғалым еңбектерінің кирилл графикасындағы нұсқасы болса, қалған 6 томы соның төте жазудағы түпнұсқа фотофаксемилясы екен. Анығын шыққанда ғана білерміз. Дегенмен дәл осы естігеніміздей болса, бұл ахметтануға, Ахмет мұраларына үлкен қиянат болды. Ал біздің Институт дайындауды жоспарлаған көптомдықта бұған дейін белгісіз еңбектері көп, белгілі-белгісіз еңбектерін жинақтай алғанда қолымыздағы материалдар ешқандай фотофаксемилясыз қалың-қалың 10 том болатын еді. Дегенмен, болашақта бәрінің басын қосып, академиялық деңгейде шығарамыз деген жоспарымыз бар әлі. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жанынан «Ахметтану бөлімін» былтыр ғалым мұраларын жүйелі зерттеу, толық шығармалар жинағын құрастыру үшін аштық. Ол бөлімнің жұмысын жандандыру үшін Министрліктен арнайы грант бөлініп, қолдау көрсетілсе жақсы болар еді. Бірақ әзірге ондай қаржылық қолдау болмай отыр.
- Жақында Әзербайжан мұрағаттарынан Ахмет Байтұрсынұлының түпнұсқа бейнежазбасын елге алып келгеніңізді білеміз. Тағы да тың дүниелерге қол жеткізу жағы қалай болып жатыр?
- Ол жағы қазірше құпия бола тұрсын. Бейнежазбаның түпнұсқасын табуға болатынын мен бұрын да білетінмін. Оған министрліктің жас ғалымдарды қолдау үшін жариялаған гранттық конкурысынан гранттық зерттеу жобасын ұтып алып, соның аясында бардық. Үкіметтен тағы сондай қаржылық қолдау болса, жас мамандарға ахметтану бағытында арнайы тақырып беріп, шәкірттер тәрбиелеп, мұны жүйелі түрде ұйымдастырып, ғалым мұрасын жақсылап зерттеуге болады. Ахмет Байтұрсынұлын қанша таныған сайын ұлт саламаттығына соншалықты пайдалы. Ұлттық жоба болу керек. Бірақ оны науқанға айналдырып жібермей, мұның басына атақ-даңқы аспандап тұрған ғалымдарды жинап алып, ғылымды креслоға айналдырмай, нағыз қара жұмыс істейтін, жан аямай зерттеумен айналысатын жанкешті, жас идея, тың көзқарастағы ахметтанушыларға ерік, мүмкіндік беру керек. Келесі жылы Мәскеуге, әрі қарай Санкт-Петербургқа, Бакуге барып келуім мүмкін.
- Мәскеу деп қалдыңыз. Ондағы мұрағаттардан Ахмет Байтұрсынұлына қатысты деректерге қол жеткізуде кедергілер кездесе ме?
Іздестірген деректер, алайын деп тұрған материалдар мақсатты түрде арнайы жасырып қойса, қалай қиын болмасқа?!. Бір қарағанда әрине қиын болмайды, өйткені қор ашық, бірақ бізге қажет материалдар онда жоқ. Шын мәнінде Ресей мұрағаттарында өте көп деректер бар. Оның бәрі жасырылған ғой. Оған биыл шілде айында Орынборға барған кезде анық көзім жетті. Ол жерде мұрағат ашық, бірақ көп құжаттарды белгісіз қорларда жасырып отыр. Меніңше Ортаазия, түркі халықтарының тарихи жазба мұралары сақталған бөлек қор бар, оны көрсетпей, жасырын ұстап отыр.
- Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге көп рақмет!