$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Саяси технологияда президенттіккке үміткер кандидатқа қара пиар артық етпейді - саясаттанушы

Институт тоқсан сайын Қазақстан қоғамындағы саяси жағдайларға байланысты әлеуметтік зерттеу жүргізеді

Саяси технологияда президенттіккке үміткер кандидатқа қара пиар артық етпейді - саясаттанушы
Фото ашық дереккөзден

Батыс елдері пен АҚШ-та саяси науқан үнемі талас-тартыспен, құдды шоу болып өтетіні белгілі. Біздің кандидаттар шоу көрсетпесе де жан-жақтан тараған видеолары арқылы танымал болудың түрлі тәсілдерін жасап жүргендей. Бірі бие сауды, өзгесе сүйек сындырды, тағы бірі абайсызда «Президент болу басты мақсатым емес» деп қойып қалды. Осылайша халық ақырындап үміткерлердің аты-жөндерін танып бастағанымен, бағдарламарын әлі де жете білмейтін көрінеді.

Azattyq Ruhy тілшісі кандидаттардың қазақстандықтарға ұсынатын бағдарламалары нендей мәселелерді қамту керектігін Қазақстандық қоғамдық даму институты Басқарма Төрағасының орынбасары Әсем Қайдаровадан сұрап көрді.

Институт тоқсан сайын Қазақстан қоғамындағы саяси жағдайларға байланысты әлеуметтік зерттеу жүргізеді.

«Үшінші тоқсанның қорытындысына тоқталып өтсем, жалпы қоғамды толғандыратын 10 шақты мәселе бар. Оның алдыңғы беесуі соңғы бес жылдың ішінде әлі де тиімді шешімін таппай отыр. Әлеуметтік-экономикалық мәселе соңғы 5 жылдың ішінде бірінші орыннан түспей отыр. Ең алдымен халқымыздың 90 процентін азық-түлік пен тұтынуға аналған тауарлардың бағасы алаңдатады. Кандидаттарға бағдарлама сәтті болуы үшін және халықтың назарын өзіне аудару үшін ең алдымен осы мәселеге баса назар аудару керек», - деді Әсем Қайдарова.

Зерттеу нәтижесі бойынша белгілі болғандай респонденттерді толғандыратын екінші мәселе – төменгі табыс көзі. Сұрақ-жауап алынғандардың 70 пайызы өз жалақыларына көңілдері толмайтынын білдірген. Бұл барлық өңір үшін өзекті, десе де 90 пайыз басымдылықпен Атырау, БҚО, Алматы және Солтүстік Қазақстан облыстарында жалақы ең өткір мәселе болып тұр.

«Үшінші мәселе – медициналық қызмет. Бұл пандемияға дейін де, одан кейін де, нақтырақ айтқанда соңғы 10 жылда біздің қоғамда әлі де шешімін таппай отырған түйіткілді проблеманың бірі. Соңғы сауалнамада ауыл мен қала халқының дәл осы медицина мен білім сапасына көңілдері толмайтыны анықталды. Бұл ретте әсіресе Павлодар мен Абай облыстарындағы медицинаның көңіл көншітпейтінін атап өткім келеді. Сонымен қатар, медициналық қызметтің де құны да шағымданушылардың көптігі байқалады», - деді ол.

Қазақстандықтар кандидаттардың бағдарламаларынан бұлардан бөлек, тағы бірнеше әлеуметтік бағыттағы мәселелердің  шешімін көргілері келеді.

«Төртінші мәселе коммуналдық қызметтердің тарифімен байланысты. Әсіресе Астана мен Алматы қалаларында тарифтердің қымбатшылығы халықтың қалтасын қағып отыр. Ал бесінші мәселе борыштық міндеттемелердің ауыртпашылығына қатысты. Респонденттердің 54 пайызы осы мәселені өзекті көреді. Әсіресе Атырау, Жамбыл, Ақмола, Түркістан, Алматы, Абай, Ақтөбе және СҚО облыстары, Алматы қаласының тұрғындары осы мәселеде көп тығырыққа тірелгені белгілі болды»,- дейді Әсем Қайдарова.

Инфляцияның қарқынды өсуі жедел түрде қымбатшылыққа төтеп беретін бағдарламаны талап ететінін сөзсіз. Халықтың кандидаттардан да күтетіні осы. Десе де бұл ел ішінде қордаланған мәселенің басы ғана.

«Бұл бесеуінен бөлек тағы бірнеше мәселені қоса кетейін. Еліміздегі сыбайлас жемқорлық әсіресе Шымкент пен Алматы қалалары, Алматы облысы респонденттері үшін өзекті болып отыр. Сондай-ақ, Жамбыл, Атырау облысы және Алматы қалаларының тұрғындары жұмысқа орналасу кездерінде қиындықтар көретіні белгілі болды.  Аймақтық тұрғыдан экологиялық мәселе де кей өңірлерді алаңдатушылық тудырады. Сондай-ақ, солтүстік аймақтарда нашақорлық пен маскүнемдік проблемасы да өз өзектілігін жоғалтқан жоқ», - деді Қазақстандық қоғамдық даму институты Басқарма Төрағасының орынбасары Әсем Қайдарова.

Қазақстандық қоғамдық даму институтының зерттеуіне сүйенсек, соңғы жылдары елімізде электоралдық белсенділік жақсы қарқынмен өсуде екен.

«1 ай бұрынғы сауалнама кезінде респонденттердің 70 пайызы сайлауға барамыз деп дауыс берсе, бұл көрсеткіш бүгінде 87 пайызға жетті. Бірақ өкінішке қарай электоралдық белсенділігі төмен топтың ішінде 45 жасқа дейінгі азаматтардың саны басым. Бұл ретте кандидаттарға осы белсенділігі төмен топтармен қарқынды жұмыс істеуге кеңес беремін. Соларды қызықтыратын бағдарламалар жасаса, солардың мәселелерін шешетін құралдарды ұсынса дұрыс болар еді», - дейді Әсем Қайдарова.

Соңғы бес жылда елімізде саяси белсенділігі, білімге көңіл бөлуі, азаматтардың жауапкершілігі біршама артқан. Қоғамдағы түрлі реформалар еліміздегі саяси мәдениеттіліктің өсуіне әкелді. Қазақстандықтар сайлауға бару - ол азаматтық жауапкершілік екенін түсіне бастады. Дегенмен қараша айында өтетін Президенттік сайлауда барлық үміткерлердің ұқсас көрсеткіште дауыс жинайтынына күмән көп.

«Себебі біріншіден олар қоғамға танымал емес тұлғалар, екіншіден олардың бағдарламаларында іліп аларлық дүние жоқ. Кейбірінің тіпті электоралдық топтары да айқындалмаған. Кандидаттардың бірі көтеріп отырған тұрмыстық зорлық-зомбылық өзекті, бірақ ол Қазақстан халқының жүз пайыз қолдауына ие болады деп ойламаймын. Бұл бағдарлама қоғамның белгілі бір топтарын ғана ерте алады. Сонымен қатар, кандидаттардың дипломатиялық тәжірибиелері жоқ екені белгілі. Осы тұста айтарым, олардың сыртқы саясатты ұстап тұруға шамалары жетеді деп ойламаймын. Оның үстіне қазіргі геосаяси ахуал ушығып тұрған кезде Тоқаевтың деңгейіне жететін дипломаттық кандидат бар деп ойламаймын», - деді ол.

Сондай-ақ, саясаттанушы бүгінде әлеуметтік желілерде кандидаттардың тарап жатқан түрлі шағын видеоларына қатысты пікірін айтты.

«Саяси технологияда «қара пиар ол да пиар» деген нәрсе бар. Бұл кандидаттың халықтың арасындағы танымалдылығын арттыруға сеп болады. Мәселен 11 млн электораттың ең болмағанда 20-30 пайыз дауысын жинау үшін кандидат халық арасында міндетті түрде танымал болуы тиіс. Сондықтан да мұның да оң жақтары бар. Бұл электораттың кей топтарына ұнауы да мүмкін, себебі қоғамның сұранысы әртүрлі», - деді  Әсем Қайдарова.

Елімізде сайлау науқаны біте салысымен кандидат болған тұлғаларды көк жәшіктен де, қоғам ішінен де таппай қалатынымыз бар. Әсем Қайдарованың айтуынша, бұл біздің елдегі саяси технологияның әлі де дамымағандығымен байланысты.

«Мәселен АҚШ-ға зер салсақ, оларда сайлау науқан талас-тартыспен өтеді.  Себебі кандидаттар үнемі электораттармен белсенді жұмыс істейді. Ал бізде сайлау аяқталғаннан кейін кандидат бәрін ұмытып кетеді немесе Қосанов сияқты беделін жоғалтып алады. Бірақ сол кандидаттардың келесі сайлауға қайта түсуге мүмкіндіктері бар. Сол үшін олар ары қарай да халықпен тығыз жұмыс істесе, бәлкім келесі сайлауда озып шығар ма еді? Шетелде кандидаттар сайлауға жылдар бойы дайындалады. Бірақ бізде ондай жоқ. Бәлкім, бұл біздің елдегі саяси технологияның әлі де дамымағандығымен байланысты шығар. Сондай-ақ, біздің қоғам әйел адамның президент атануына әлі дайын емес. Қазіргі қоғам оны қабылдамайтыны анық», - деді Қазақстандық қоғамдық даму институты Басқарма Төрағасының орынбасары Әсем Қайдарова.

Серіктес жаңалықтары