Қазақстанда 3,5 мыңнан астам адам ағза ауыстыруға мұқтаж – маманмен сұхбат

Қазақстанда ағза ауыстыру операциясы тегін жасалады

Қазақстанда 3,5 мыңнан астам адам ағза ауыстыруға мұқтаж – маманмен сұхбат

Қазақстанда ағза трансплантологиясы өзекті мәселелердің бірі. Бүгінгі күні 3500-ден астам адам шұғыл түрде бүйрек, бауыр, жүрек және өкпе ауыстыруды қажет етеді. Оның 79-ы кішкентай бала. Өткен жылы күту парағында ағза ауыстыруға кезекте тұрған 341 адам қайтыс болған. Басты проблема – донорлық ағзаның тапшылығы. Мамандардың айтуынша елімізде мәйіттік донорлық дамымай отыр. Себебі қоғам оған әлі дайын емес.

Azattyq Ruhy тілшісі республикалық транспланттауды үйлестіру орталығының директоры Әділ Жұмағалиевпен сұхбаттасып, осы саладағы жетістіктер пен проблемалар туралы сұрап білді.

- Қазақстандық реципиенттер көбіне қандай ағза ауыстыруға мұқтаж?

- Бүгінгі күні Қазақстанда ағза ауыстыруға мұқтаж адамдардың бірыңғай күту парағында 3562 адам кезекте тұр. Оның ішінде 79-ы бала. Бүйрекке – 3214, бауырға – 174, жүрекке – 154, өкпеге – 16 адам және 4 адам өкпе-жүрек кешенін ауыстыруға мұқтаж. Оның 3-і бала екенін атап өткен жөн.

Ең басты проблема – ағза жетіспеушілігі. Мұндай тапшлылық барлық мемлекетте бар және әр ел оның түйінін табу үшін түрліше әрекет етуде.

- Қазақстанда бұл саланы ілгерілету үшін қандай жұмыс атқарылуда?

- Бізде жүйелі әрі кешенді түрде жүзеге асырылып жатқан шаралар бар. Нақтылап айта кететін болсақ, қазір жұмыс істеп жатқан бағытымыз – донорлық стационарларда еңбек ететін мамандардың білімін жетілдіру, санын арттыру. Бас ми өлімін тіркейтін мамандардың да қатары көп болуы керек. Жоғары білім де талап етіледі. Екіншіден, трансплант-үйлестірушілердің санын көбейту керек. Мысалы бұл салада Испания көшбасшы мемлекет саналады. Онда 600 адам трансплант-үйлестіруші болып жұмыс істейді. Ал Үндістанда 3 мың маман бар. Біз шет елдердегі жағдайды бақылап, біліп отырмамыз. Керек деп тапқан тәжірибені аламыз. Саланы ары қарай үздіксіз дамыту керек. Испания 20 жылдан астам уақыт бойы трансплантация саласында ағза донорлығы бойынша алдыңғы қатарда келеді. Біз сол тәжірибені өзімізде пайдаланып жатырмыз. Былтыр Қазақстанда үш деңгейлі испандық модель енгізілді. Ол республикалық, жергілікті және стационарлық деңгейде жаңа мамандық пайда болды. «Транспант-үйлестіруші» деп аталады. Ол кәдімгі транспантолог, хирург сынды медициналық мамандық. Біз де олардың жұмысын ары қарай жандандыру керек.

- Қазақстанда ағза донорын табу қаншалықты қиын?

- Қай елде болса да донор табу оңай жұмыс емес. Трансплант-үйлестірушілер биылғы жарты жылдың қорытындысы бойынша 27 ықтимал донор тапты. Оның 18-і бас тартса, 33 пайызында келісім берді. Кейін 2 донор ғана жарамды болып саналды. Барлығы 8 ағза, яғни бүйрек, жүрек, бауыр, өкпе алынып, түбінде 7 ағза ғана операцияға қолданылды. Кез келген адам донор бола алмайды. Оның түрлі себептері бар. Ағза да жай таңдалмайды. Үйлесімділік керек. Оның жаңа адамға салғаннан кейін қайтадан жұмыс істеп кету мүмкіндіктерін қарастырылады.

- Күту парағында кезекте тұрған 3500 адамның неше пайызы шұғыл түрде ағза ауыстыруды қажет етеді?

- Біз оралды бөліп қарастырмаймыз. Себебі барлығына шұғыл түрде ағза ауыстыру қажет. Жыл басынан бері 150-ге тарта адам дүние салуына байланысты кезектен шығып қалды. Олардың барлығы ағза жетіспеушілігінен қайтыс болы деуге болмас. Басқа себептермен о дүниелік болғандар бар. Дегенмен, басым көпшілігі ағза жетіспеушілігінен көз жұмып отыр. Мәселен былтыр күту парағында тұрған 341 адам қайтты. Күніне бір адам. Ал Америкада күніне 22 адам қайтыс болу себебінен күту парағынан шығып қалады. Әр 10 минут сайын ақпараттық базаға 1 адам енгізіледі. Олардың күту парағында 120 мың адам тұр деген мәліметтер бар. Пандемия бұл салаға да зиянын тигізді. Жасалатын операциялар саны екі есе азайды. Жер жүзінде ота саны 30 пайызға, кейбір ағзалар бойынша 40 пайызға төмендеді.

- Қазақстандағы көрсеткішке тоқталсаңыз...

- Биыл 6 ай қорытындысына сәйкес трансплантация бойынша 104 операция жасалды. Бұл көп пе аз ба? Мәселеге тереңірек көз жүгіртсек, пандемия басталған 2019 жылы 47 ота жасалды. Көрсеткіш екі есе артты. Бірақ оның өзі аз. Себебі ағза жетіпсейді. 104 отаның 80 пайыздан астамында тірі донордың ағзасы пайдаланылса, 15 пайызында мәйіттік донордың ағзасы қолданылды. Көшбасшы мемлекеттердің көрсеткіштеріне қарасақ, мәйіттік донор ағзасын пайдаланған операциялар әлдеқайда басым. Қазақстанда көбіне туыстар ғана бір-біріне донор болады.

- Қазақстанда ағза трансплантациясы қашан қолға алынды? Содан бері неше адамның ағзасы ауыстырылды?

- Ең бірінші ағза ауыстыру операуциясы кеңес дәуірінде жасалды. Ал тәуелсіз Қазақстанда мұндай медициналық қызмет 2012 жылдан жүйелі түрде дамып келет жатыр. Содан бері 2100-ден астам операция жасалды. Оның ішінде науқастардың 75 пайызы бүйрек ауыстырған. 400-ден астам бауыр, 86 жүрек трансплантациясы жасалды.

- Бір отаға қанша қаражат жұмсалады?

- Ағза ауыстыру – медициналық сақтандыру аясында жүзеге асырылады. Яғни, Қазақстанның барлық азаматтарына трансплантацияға байланысты оталар тегін жасалады. Былтырға дейін бүйрек ауыстыруға 3 млн теңге жұмсалатын. Бауыр ауыстыруға 6 млн теңге бөлінеді. Жүрек пен өкпе ауыстыру операциясы 15-20 млн теңге аралығында бағаланады. Яғни бұл сақтандыру қорынан медициналық ұйымдарға аударылатын сома. Ал шет мемлекеттерде мұндай қызметтер әлдеқайда қымбат. Мәселен, Белорусияда төленетін ақы доллармен саналады. Бүйрек 67 мың, бауыр 125 мың, жүрек 110, өкпе ауыстыру 95 мың доллар. Қазақтандағы қаржыға қарағанда 10 есе көп. Біз өзімізде трансплантация саласын, ағза донорлығын дамыту міндеті тұр. Бұл жайында «Стамбул» декларациясында да айтылған. Біз ешкімге тәуелді болмауымыз кемрек. Трансплант туризм деген бар. Яғни бай мемлекеттің адамдары кедей мемлекеттің азаматтарының ағзасын пайдаланады. Біз бұғын тосқауыл болуымыз керек. Бұл мәселе де жоғарыда аталған декларацияда да ұсыныс ретінде жазылған. Бұл бағыта жүйелі түрде жұмыс істеп жатырмыз. Соның барлығын жақын арада өз нәтижесін береді деген сенімдеміз.

- Сұхбаттасқаныңызға рахмет!

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.