СҚО-да биыл 7,3 мың бала бірінші сыныпқа барады: Білім басқармасы жаңа оқу жылына дайындығын пысықтады

Өңірде «Мектепке жол» акциясы жыл бойы жалғасады

СҚО-да биыл 7,3 мың бала бірінші сыныпқа барады: Білім басқармасы жаңа оқу жылына дайындығын пысықтады
Tengrinews

Жаңа оқу жылының басталуына бір ай ғана уақыт қалды. Қазір мектептерді жөндеу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Негізінен ауылдық жерлердегі білім ошақтары қалпына келтірілуде. Солтүстік Қазақстан облысының жаңа оқу жылына дайындығы жайлы білім басқармасының басшысы Нәзір Жәшібековпен сұхбаттасқан болатынбыз.

– Нәзір Азаматұлы, теріскей өңірде биыл қанша бала мектеп табалдырығын айттайды?

– Бір айдан кейін жаңа 2022-2023 оқу жылы басталады. Алдын ала деректер бойынша 7,3 мыңға жуық бірінші сынып оқушысы мектеп табалдырығын аттайды деп күтілуде, облыс орталығында олардың саны 3 мыңға жуық. Ал жалпы оқушылар шамамен 75 мың адамды құрайды.

1-ші сыныпқа 6 жастағы балалар және күнтізбелік жылы 6 жасқа толатын балалар қабылданатынына назар аударғым келеді. Білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік қағидалары Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 12 қазандағы №564 бұйрығымен бекітілген. Құжаттарды қабылдау 1 тамызға дейін ғана жалғасады.

– Білім мекемелері дайын ба? Өткен жылдары құрылысшылар жөндеу жұмыстарын 1 қыркүйекке дейін аяқтай алмаған жағдайлар болғаны белгілі.

– Биыл Солтүстік Қазақстан облысында 2,4 млрд теңгеге 27 мектеп жөнделеді. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда төрт білім беру ұйымына күрделі жөндеу жүргізілуде. Айыртау ауданында – үш мектеп, Мағжан Жұмабаев ауданында төрт оқу ордасы жаңартылмақ. Аталмыш бағдарлама аясында Тимирязев ауданында төрт мектепте жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ақжар, Аққайың, Есіл, Қызылжар және Жамбыл аудандарында бір-бір білім ошағы жөнделуде. 27 мектептің 20-сы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша, яғни республикалық бюджеттен бөлінген қаржыға жөнделуде, сондай-ақ, облыстық бюджеттен 7 білім беру нысанына күрделі жөндеу жүргізуге қаражат бөлінді.

Жөндеу жұмыстарынан бөлек, ауыл мектептерінің материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары да жалғасуда. Жыл соңына дейін 28 пән кабинеті сатып алынады. Бұл – физика, химия, биология кабинеттері.

Мектебі жоқ ауылдардың балаларының сапалы білімге қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін автобуспен тасымалдау ұйымдастырылатын болады.

– Жаңа оқу жылында қандай жаңашылдықтар болады?

– Сұрағыңыз орынды, сізді алда күтіп тұрған кейбір өзгерістермен таныстыра кетейін. Біріншіден, оқу жылынның ұзақтығы бұрынғыдай 34 оқу апта емес, 36 аптаны құрайтын болады. Бұл оқу материалын бекітуге және пысықтауға арналған уақытты ұлғайтуға, балаға күніне жүктемені 7-8 сабақтан 5-6 сабаққа дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Осыған байланысты балаларда қосымша білім алу, сабақтан тыс уақытты тиімді пайдалану мүмкіндігі пайда болады. Сондай-ақ, барлық мектептер, соның ішінде лицейлер, гимназиялар, мамандандырылған мектептер де бес күндік оқу аптасына ауысады.

Екіншіден, қазіргі қолданыстағы мектеп бағдарламасына түзету енгізіледі. 1 қыркүйектен бастап барлық сыныптарда «Өзін-өзі тану» пәні үлгілік оқу жоспарының инвариантты компонентінен алынып тасталды.

Биылдан бастап қазақ тілінде оқытатын мектептерде 1-ші сыныптан бастап тек қазақ тілін, орыс тілінде оқытатын мектептерде – қазақ және орыс тілдері оқытылатын болады.

Қазақ тілінде оқытатын мектептерде орыс тілін оқытуды 2-сыныптан бастау жоспарланып отыр. Ағылшын тілі тек үшінші сыныптан бастап қазақ және орыс тілдерінде оқытатын мектептерге енгізілмек. Бағалау өткен жылдағыдай сақталады, яғни БЖБ, ТЖБ және күнделікті қалыптастырушы бағалау қалады. 1-ші сынып оқушыларына баға қойылмайды.

– Бұл мектептерге қатысты өзгерістер, ал колледж студенттерін не күтіп тұр?

– Колледждерде де сабақтар дәстүрлі форматта басталады. Қазіргі уақытта өтініштерді қабылдау жүргізілуде, ол орта буын мамандары үшін 25 тамызда, ал жұмысшы мамандықтар бойынша 30 тамызда аяқталады. 23 шілдедегі жағдай бойынша 2,5 мыңнан астам өтініш қабылданды.

– Оқулықтармен және оқу-әдістемелік құралдармен қамтамасыз ету мәселесі қалай шешіліп жатыр?

– Биыл оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдар сатып алуға және жеткізуге 817,9 млн.теңге бөлінді. Сондай-ақ, 112,8 млн. теңге сомасына көркем әдебиет сатып алынады.

– Нәзір Азаматұлы, жаңа оқу жылы қарсаңында «Мектепке жол» акциясын өткізу дәстүрі бар. Биыл бұл шара өте ме?

–  Иә, «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясын бәрі жақсы біледі. 2019 жылдан бастап Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша бұл акция жыл бойы өтеді. 2022 жыл «Балалар жылы» деп жариялануына орай қайырымдылық шараларына айрықша көңіл бөлініп, «Мектепке жол – шекарасыз жақсылық» ұраны негізгі ұстаным етіліп алынды. Акция барысында аз қамтылған, көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылардан шыққан балаларға, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балдырғандарға жан-жақты әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Облыста тұрақты негізде қаржылық демеушілік жасайтын шаруашылықтар мен кәсіпорындар аз емес. Солардың қатарында «Мәмбетов және К» КС, «Петропавл арақ зауыты», «АЗКО», «Буденное СК», «Раисовское», «Астық Привольный», «Западное СК», «ES GLOBAL AGRO», «Тахтаброд», «Адани Агро», «Содружество», «Компания Эдиль», «Азия-Тарангул», «Визигина», «Кантемир-Агро», «Заградовское», «Прометей-Агро», «Бромот С.В.» секілді серіктестіктер мен шаруа қожалықтары бар.

Былтыр 6292 бала жомарт жандардың қамқорлығына бөленіп, оларға көрсетілген қаржылық көмектің жалпы мөлшері 83 млн. 565 мың теңгені құрады. Биыл білім бөлімдерімен бірлесіп, көмекке мұқтаж балалардың тізімі жасалды. Демеушілер арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бүгінде аз қамтылған отбасылардан шыққан балалардың саны – 10 838. Оларға мектеп формасы, спорттық киім қажет. Жалпы, білім беру қоры аясында мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан шыққан 1 561 бала мектеп формасымен қамтамасыз етіледі. Бұл мақсатқа 58,2 млн. теңге қарастырылған.

Мектептерде сабақтың басталуына бір ай ғана қалғандықтан білім басқармасы барлық қайырымды жандарды игілікті іске белсене қатысуға шақырады. Жиналған қаражат аз қамтылған отбасылардың балаларының қажеттілігіне жұмсалады.

– Сұхбаттасқаныңызға рахмет!

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.