Робототехника деген пән жоқ, бірақ оның берері көп – маманмен сұхбат

Әсел Оршыбекова

2014 жылы Сочиде өткен олимпиадада Талдықорғандағы НЗМ командасы 3-орын алды

Робототехника деген пән жоқ, бірақ оның берері көп – маманмен сұхбат

WRO-2022 робототехника олимпиадасына биыл ел атынан 11 команда барады. Биылғы халықаралық сайыстың тақырыбы – «My robot – my friend» деп аталады. Байқаудың басты мақсаты – роботтардың адамзатқа қалай қызмет ете алатындығы мен оларды қауіпсіз етуге болатындығын көрсету. Командалар күнделікті өмірде адамға қамқорлық танытып, қажет болғанда оқыс жағдайдан құтқара алатын роботтарды құрастыруы қажет. Azattyq Ruhy тілшісі WRO халықаралық олимпиадасының Қазақстандағы Ұлттық ұйымдастырушысы – Назарбаев Зияткерлік мектебіне барып, жарысқа дайындық қалай жүріп жатқандығымен танысып қайтты.

Халықаралық сайысты ұйымдастырушылардың бас кеңсесі Сингапур қаласында орналасқан. Назарбаев Зияткерлік мектебі 2014 жылдан бері WRO атты бүкіләлемдік роботтар сайысын ұйымдастырушылармен келісімшартқа отырып, техникалар додасына ұлттық құраманы дайындап жүр.

Елімізде қатысушылар саны жыл сайын артып келеді. Бұл сайысқа тек Назарбаев зияткерлік мектебі ғана емес, сонымен қатар өзге де қалалық және облыстық мектептің оқушылары қатыса алады. Дүниежүзілік роботтар олимпиадасы 5-19 жас аралығындағы оқушылар үшін ұйымдастырылатын жарыс.

«Жалпы WRO олимпиадасының тақырыбы жыл сайын ауысып тұрады. ЮНЕСКО-ның тұрақты даму мақсаты бар, барлық тақырыптар соған негізделген. Мәселен биылғы тақырып «My robot – my friend». Мұндағы басты мақсат – адамға оның өмірінде, жұмысында дос бола алатын роботтарды құрастыру. Ол түрлі салада көмек көрсетуі мүмкін, мейлі ол медицина, мейлі ол қарапайым үй тіршілігі болсын. Мысалға адамның денсаулығына зиян келетін жерлерде орнына роботы баруы мүмкін», - деді NIS Ақпараттық технологиялар және қызмет орталығы директорының орынбасары Азамат Биданов.

Олимпиада төрт санат бойынша өткізіледі: Future Engineers, Robomission (жас ерекшеліктері бойынша үш топ), Future Innovators (жас ерекшеліктері бойынша үш топ), Robosports. Азамат Бидановтың айтуынша, сайыста көбіне Шығыс Азия елдері басымдыққа ие екен.

«Шығыс Азия елдері ылғи да көш басында тұрады. Олардың қатарында электронды техника өндірісі жақсы дамыған Тайвань, Сингапур, Жапония және Малайзия елдері бар. Дегенмен біздің балалар да осал емес, білім деңгейлері жақсы. Оған дәлел – біздің көрсеткішіміз. Мәселен былтырғы онлайн өткізілген жарыста балаларымыз түрлі категорияларда 1, 2 және 3-орындарға ие болды. Олимпиада «Жасыл технологияның тұрақты дамуы» тақырыбына негізделді. Оған қатысқан балалар экологияны сақтап қалу, оны жаңғырту тақырыбында роботтар құрастырды.  Жарысқа Қазақстан атынан бес команда барды. Ал сайысқа жалпы саны 85 мемлекет қатысты. Қазақстан жарысқа аз баламен барса да, жүлдесіз қайтпайды», - деді Азамат Биданов.

Жалпы мұндай сайысқа көбіне IT бағытында қабілеті жақсы дамыған балалар қатысады. Себебі робототехника программалау, құрастыру жұмысына негізделген.

«Бізде алдымен жергілікті олимпиадалар ұйымдастырылады. Онда роботтарға арналған полигонды ұсынамыз, олар сонда өз роботтарын жарыстырады. Яғни әрбір Назарбаев Зияткерлік мектебі өз облысында жарыс ұйымдастырып, оның ішінен үздіктерін іріктейді. Олар республикалық олимпиадаға жолдама алады. Ал республикалық олимпиада аяқталғаннан кейін үздіктер анықталып, солардан ұлттық құрама құрылады.

Балалар көбіне Lego, Arduino, Raspberry Pi роботтарын қолданады. Әрдайым әлемдік дамыған платформаны қолдануға тырысамыз. Оқушылар өздеріне қай платформа ыңғайлы сонымен жұмыс істейді. Роботты құрастырудан бөлек, оның программасын жасау ең күрделі процесстердің бірі. Роботты кез келген бала құрастыра алады, ал оның программасын екінің бірі жасай бермейді. NIS-де бұл бағытты балаларға информатика пәнінің мұғалімдері үйретеді.  Ал кей балалар робототехниканы меңгеру үшін арнайы курстарға барады», - деді маман.

Робототехника мектеп пәндерінің қатарында жоқ. Десе де Азамат Бидановтың айтуынша, балалардың бұл салаға қызығушылығы олардың ойлау қабілеті мен мүмкіндіктерін аша түседі.

«Өзіміз жүргізген сараптамалардың нәтижесіне зер салсақ, осы олипиадаға қатысқан балалардың көбі мектепті аяқтағаннан кейін шетелдегі оқу орындарына түсіп жатыр. Олар көбіне осы техникалық бағыттағы IT, 3D форматында модельдеу мамандықтарын таңдайды. Демек, мұндай шаралар жастарымызға жақсы мотивация береді. Кезінде бізге оқушы болып келген қатысушылар – қазір білгенін өзгелерге үйретіп жүр. Кейбірі осы бағытта өздерінің арнайы клубтарын да ашқан. Жалпы робототехника балалардың логикалық дамуын күшейтеді, алгоритмиканы, маториканы дамытады», - дейді ол.

Ал халықаралық олимпиадада жарысқа түскен роботтардың кейбірі бүгінде музей төрінен орын тапқан.

«Жалпы қолданылатын материалдар – мектептің меншігіндегі заттар. Сол себепті әдетте Lego-дан құрастырылған роботтарды қайта бұзып, келесі қатысушыларға ұсынамыз. Өйткені оны бұзып, қайта құрастыруға болады. Ал жоба ретінде жасалған роботтар мектептің музейіне табысталады. 2014 жылы Сочиде өткен олимпиадада Талдықорғандағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің командасы 3-орын алды. Олар ғарыш саласына қатысты жасаған роботтарын Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық музейге табыстады» , - дейді Азамат Биданов.

Биыл WRO олимпиадасы 17-19 қарашада Германияның Дортмунд қаласында өтеді. Оған 80-нен аса мемлекет қатысады. Ел намысын 22 баладан құралған 11 команда қорғайды. Олардың жартысы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары болса, жартысы – өзге мектептердің оқушылары.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.