«Мемлекет заңсыз соттағаны үшін кешірім сұрады»: толық ақталған Матаевтар моральдық шығын талап ете ме?
«Алаяқтық» және «Салық төлеуден жалтару» баптарымен сотталған журналист Сейітқазы Матаев пен оның ұлы Әсет Матаев бұл қылмыстарды жасамағаны белгілі болып отыр
Кеше Жоғарғы сот Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев пен оның ұлы, «ҚазТаг» ақпарат агенттігінің бас директоры Әсет Матаевты толық ақтады. Оларды 2016 жылдың күзінде сол кездегі Астана қаласының Есіл аудандық соты мүліктерін тәркілей отырып, әкесін алты жылға, ұлын бес жылға соттаған.
Сейітқазы Матаев 2017 жылдың желтоқсанында рақымшылыққа ілініп, мерзімінен бұрын босап шықты, ал, 2018 жылдың жазында ұлы Әсет бостандыққа шықты. Azattyq Ruhy тілшісі Әсет Матаевпен телефон арқылы хабарласып, бір-екі фактіні анықтады.
«Біріншіден, Матаевтар отбасы ақша, болмаса мүлік үшін күреспеген. Бізге ең керегі таза атымыз еді. Біз мүлік үшін күрескен жоқпыз, ақша үшін күрескен жоқпыз. Біз тек қана таза атымыз үшін күрестік. Жалпы айтқанда, прецедент жасадық. Болашақта осындай қара істер болмасын деп күрестік», - деген Әсет Матаев түрмеде өткен жылдары сөзсіз ауыр болғанын жасырмады.
«Білесіз ғой, мен түрмеде екі жарым жыл отырдым, ондағы жағдай жақсы емес. Менің көргенімді ешкімге тілемеймін», - дейді ол.
Айта кетейік, бостандыққа шыққан соң Сейітқазы Матаев та, Әсет Матаев та қызметке араласқан. Ең қиыны, кіші Матаевтың айтуынша, алдыңғы сот мүліктерін түгел тәркілеп алған. Олар осы қызметіне қатысты мүліктердің орнын толтыруға ниетті.
«Мен бостандыққа шыққан соң «ҚазТАГ-қа» оралғанмын. Әкем Журналистер одағына оралды. Бірақ шыққан кезде көлігіміз болған жоқ, ғимаратымызды алып қойған. Қазір сот бойынша қайта алып, жағдайды түзетіп, жаңа күшпен жұмысқа араласамыз», - дейді Әсет Матаев.
Осы орайда Әсеттен әкесі екеуін толық ақтап, алдыңғы «әріптесінің» қатесін түзеткен судья туралы анықтап сұрадық.
«Бізді қылмыстық істер бойынша сот алқасы, соның ішінде, алқа төрағасы Әбдірашид Жүкенов ақтады. Ал адвокаттарымыз Джохар Үтебеков пен Әлімжан Оралбай болды. Қаулыда әкем екеуміз толық ақталсын деп жазылған, мемлекет атынан заңсыз сотталғанымыз үшін кешірім сұралсын деп жазылды, моральды, материалды өтемақы өндіріп алуға құқылы екеніміз жазылған. Қаласақ, біз енді сотқа жүгіне аламыз», - деді сөзін түйіндеген ол.
Еске сала кетейік, Сейітқазы Матаев 2016 жылғы сот процесінде Парламент Мәжілісінің сол кездегі спикері Нұрлан Нығматулин өздеріне тиесілі медиаресурстарға рейдерлік әрекет жасағысы келгенін, Матаев келіспеген соң, оның үстінен қылмыстық іс қозғатып отырғанын айтқан еді. Алайда Матаевтарды соттаған судья оның бұл мәлімдемесін «ақталуға» теңеген.