«Салафизм батпақ сияқты, кірсең шығу қиын»: намазхан жігіттің мұңы
Қазір ол дәстүрлі исламға бет бұрғанын айтады
Тұрар Шәріпов – жат ағымның шырмауына түсіп, туған-туыс, отбасынан айрылған жандардың бірі. 6 жыл бойы сәләфиттік бағытты ұстанған жігіт өмірінің сол кезеңін батпаққа балайды. Петропавл қаласының тұрғыны өзегін өртеген өкініші жайында Azattyq Rýhy тілшісімен бөлісті.
– Сәләфиттік бағытқа қалай тап болдыңыз?
– 2013 жылы өз бетіммен діни білім ала бастадым. Ең басты қателігім – ақпаратты мешіт пен имамдардан емес, интертен пен «ахилардан» іздедім. Сәләфиттік ағымда жүрген жігіттер бірін-бірі осылай атайды. «Аға, бауыр» деген мағына ретінде. Ол кезде жасым 26-да еді. Жұрт қатарлы отбасым: әйелім мен балаларым болды. Құрылыста жұмыс істедім. Салынып жатқан нысандардың бірінде «ахилармен» кездесіп, таныстым. Оларға өзімнің дінге бет бұрып, намаз оқи бастағанымды айттым. Мені жақын тарта бастады, өз бригадаларына ауыстырып алды. Бірге жұмыс істеп, бірге тамақтанып, бірге намаз оқи бастадық. Барлығы 6 адам едік. Олар Исламның хақ жолы – сәләфиттік бағыт екенін айтты. Мен жаңа достарымның ақылына иландым.
– Оған дейін сәләфиттік бағыт жайында естіген бе едіңіз?
– Ол мәселеге ешқашан мән бермеппін. Менің ұғымымда ислам діні біртұтас еді. Намаз оқып, сол жігіттермен танысқан соң ғана, салафиттік бағыт, сүннет мәселелеріне терең үңіле бастадым. Жігіттер маған барлық жағынан көмектесіп, қамқорлық танытқандай болды. Ислам ғұламаларының сөздерін айтып, санама сәләфиттік ұғымды құя бастады. Ол кезде оның ақ-қарасын ажыратып жататын білімім болған жоқ. Сөздеріне титтей де күмәнданбадым. Бәріне имандай сендім. Уақыт озған сайын достығымыз беки түсті. Біртіндеп Қазақстандағы Ислам діні шынайы емес екенін айтып сендірді. 2-3 айда сәләфиттік бағытты қабылдадым. Өзіме ішкі дүнием күн сайын жақсарып жатқандай болып көрінетін. Олардың дәстүріне сай шалбарымның балағын қысқартып, сақалымды ұзарттым. Бұрынғы достарыммен байланысымды үздім. Оларды кәпірлер қатарына қостым. Ахилармен өз әлемімізде өмір сұрып жаттық. Мешітке де бірге бардық. Оны мен «шынайы Ислам әлемі» деп есептейтінмін.
– Достарыммен қатынасыңызды үзгеніңізді айттыңыз. Туыстарыңыз, отбасыңыз, әйеліңізбен қарым-қатынасыңыз қалай еді?
– Әйеліме шарт қойдым: хиджаб киіп, намаз оқу немесе ажырасу. Ол біріншісіне келісті. Сол кезде қаншалықты қатыгез болғанымды қазір ұғынып жатырмын. Өзіме қарсы сөз айтқызбайтынмын, ашық түсті киімдер киюге рұқсат етпедім. Қазір пайымдасам, ол байғұс отбасы, бала-шаға үшін зорлыққа шыдаған екен. Балаларымның не істеп жүргеніне де мән бермедім. Сабақ, оқу үлгерімін де сұрамайтынмын. Сол кезде отбасы болып, әңгіме-дүкен де құрмаппыз. Тіпті, оларды мектептен шығарып алғым келді.
Бірде ахилармен тоқал алу жөнінде әңгіме өрбіді. Маған оның сүннет екенін айтып, екінші әйел алуға кеңес берді. Мен олардың берген ақылының барлығын заң көретінмін. Үйге келген соң, ойымды әйеліме айттым. Соңы жанжалға ұласты. Ертеңінде келіншегім балаларды алып төркініне кетіп қалды. «Қайтадан адам болғанда хабарлас, сонда сөйлесеміз» деді. Бұл сөзге зығырданым қайнады. Дін жолында жүрген күйеуін адам қатарына қоспаған әйел мен үшін кәпірге айналды. Бірақ екеуміз заң жүзінде ажыраспадық. Ол кеткеннен кейін екі рет үйлендім. Екеуімен де дәм-тұзымыз жараспады. Қазір жалғыз тұрамын.
– Өзіңіздің қателескеніңізді қалай түсіндіңіз?
– Бірден түсінген жоқпын, әрине. Іштей өзіме беймәлім сезім болды, айтып жеткізе алмаймын. Жеке өмірімдегі сәтсіздіктерді таразыға тартып, ойлана бастадым. Жалғыз қалған кезде балаларым есіме түсе беретін. Осы күнге дейін не тындырғанымды саралай бастадым. Ауыз толтырып айтарлық ештеңе жоқ екен. Ахилардың арасында жақсы тұратындарға мән бере бастадым. Құдай бір өзі кешірсін, олар жайында жақсы ештеңе айта алмайды екенмін. Өздерінің мұсылман бауырларын жұмысқа тартады. Ақшаны дұрыс төлемейді. Сөздері мен істері қабыспайды.
– Олармен қарым-қатынасыңызды үздіңіз бе?
– Сәләфизм – батпақ сияқты елестейді. Оған бір кірсең, шығу қиын. Жаныңдағылар түрлі ғалымдардың сөздері жазылған бейнежазбаларды көрсетіп, өздеріне сендіреді. Бір байқағаным, сәләфиттік бағытты уағыздайтындар басқа дін өкілдеріне тіл тигізеді. Оларды кәпірге санайды. Өздерін бәрінен биік қояды. Сәләфиттің істеген әрекеттерінің барлығы дұрыс болып есептеледі. Осы мәселеге бей-жай қарай алмадым. Басқаларды сөгетіндей біз кім едік? Көкейімде осындай сұрақ туындады. Әйелімді қорлап, достарымнан бас тарттым. Мен балаларыма жақсы әке, келіншегіме сенімді жар бола алмадым. Отбасым, туған-туыс, достарым болды. Бәрі қайда? Ахилар маған отбасы бола алмайтынын түсіндім. Қалаған кезде басқа әйел алып, ажыраса салады. АХАЖ-ға бармайды, алимент төлемейді. 6 жыл бойы көзімді тұмшалап қойып, өзгелердің қалай өмір сүру керектігін тыңдап қана жүрдім. Осыны кеш те болса ұғынған кезде дәстүрлі Абу Ханифа мәзхабына оралдым, намазымды тастаған жоқпын. Біртіндеп достарыммен, туыстарыммен қарым-қатынасым дұрысталып келеді. Қазіргі бар арман-тілегім – отбасымды қайтару.
– Сұхбатыңызға рахмет.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО