«Адамды бақытты қылатын мансап емес, білім»: «Болашақ» түлегі шетелде алған білімін қызметінде қалай пайдаланып жүргенін айтты

Сағыныш Ибрагим

Ламбриан Топузидис отандық телеарнада жұмыс істейді

«Адамды бақытты қылатын мансап емес, білім»: «Болашақ» түлегі шетелде алған білімін қызметінде қалай пайдаланып жүргенін айтты

«Болашақ» халықаралық стипендиясы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының 1993 жылғы 5 қарашадағы қаулысымен құрылды. Бағдарлама бекіген 27 жылдың ішінде 14 мыңнан астам шәкіртақы тағайындалып, қазақстандық жастар шетелдің ең үздік университетінде білім алды. Бағдарламаның негізгі мақсаты – жастардың шетелде жинаған тәжірибесін мемлекет игілігіне пайдалану.

Мемлекеттің осындай мүмкіндігін ұтымды пайдаланған жандардың бірі – Ламбриан Топузидис. Оның мамандығы – журналист. 2017-2019 жылдар аралығында АҚШ-та «Болашақ» бағдарламасы арқылы білімін жетілдіріп, қазір «Qazaqstan» Ұлттық арнасында тілші болып жұмыс істеп жүр.

Ламбриан АҚШ-та жинаған тәжірибесін Қазақстанда қалай пайдаланып жүр? Шетелдегі үш жылдық өмір оның дүниетанымын қаншалықты өзгерте алды? «Болашақ» бағдарламасы арқылы білім алу жұрт ойлағандай қиын ба? Бұл туралы журналистің өзінен сұрап білдік.

- Ламбриан, сіздің ұлтыңыз – грек, орыс мектебін бітірдіңіз. Бірақ, қазақша таза сөйлеп, қазақтілді тілші болып еңбек етіп жүрсіз. Мемлекеттік тілді қалай үйрендіңіз?

- Тілді игеру тоқтаусыз жүретін процес. Қазақ тілін жастайымнан білемін. Мектепті орысша бітірсем де, қазақ тіліне деген қызығушылық бала кезімде пайда болды. Тіл үйренуде қиындықтар көп болды. Тіл – ол дағды. Мен ол туралы үнемі айтып отырамын. Гитараның ішектерін басқанда саусақтардың басы ауыра береді ғой? Тілді игергенде де солай. Алдымен аузыңыздағы тіліңіз сөзді, кейін сөйлемді, әрі қарай тұтас мәтінді (ұзын-сонар әңгімелерді) айтуға дағдыланады. Басында ауыр болады, бірақ қасыңызда қазақша сөйлейтін, коммуникация жасай алатын адамдар болса, ми мен тіліңіз бір уақытта жұмыс істей алатын дәрежеге жетеді.

- «Болашақ» бағдарламасы арқылы оқуға түсу жұрт айтқандай қиын ба? Сіздің стипендия алуыңызда кедергілер болды ма?

- «Болашақ» бағдарламасымен шетелге баруды студент кезден армандайтынмын. Алты-жеті жыл бұрын журналистикадан баспасөз қызметкерлері үшін санат ашылғанда мен көп ойланбай құжаттарды түгендеуге кірістім. Әуелден ағылшын тілінен білімімді шыңдауға жеке курсқа жазылдым. IELTS емтиханынан 5 ұпай жинадым. Сөйтіп, шәкіртақыға іліктім.

Жалпы, бағдарлама екі кезеңнен тұрады. Шетелде магистратураға түсу үшін әуелі ағылшын тілін жетілдіру керек. Сол себепті бір жылдай тіл оқып, АҚШ-тағы бірнеше университетке құжат тапсырдым. Ақыры журналистика және медиа саласы мамандығы бойынша екі жерге, яғни Майами және Нью-Йорк университеттерінің магистратурасына түстім. Мен Нью-Йоркті таңдадым. Оқу 2017-де басталып, 2019-да аяқталды. Кейін елге қайта оралдым.

- Осы уақыт аралығында не үйрендіңіз? АҚШ-тағы білім берудің ерекшелігі қандай екен?

- Мен Нью-Йорк университетінде PR және корпоративтік коммуникациялар мамандығын бітірдім. Әсіресе, үкіметтік емес ұйымдарда PR ұғымын тереңірек оқыдым. Қазақстандағы PR мәселесі бір бөлек, АҚШ-та бір бөлек. Біздің елде бұл сала Америкадағыдай экономиканы алға сүйреуші фактор деп есептелмейді. Бізде мамандар бар, бірақ көп емес. Біздің қоғам PR мәселесін басқаша түсінеді. Осы салада жүрген мамандардың функциялары бизнесті дөңгелетуге емес, бизнесті жарнамалау мен имидж құруға ғана бағытталған. Сол себептен коммуникация дұрыс жолға қойылмаған. PR саласының шетелдегідей дамымай жатқанына біздің қоғам кінәлі емес дер едім. АҚШ екі ғасырда индустриализацияның екі толқынын еңсерді.

Өткен ғасырдың басында бизнес пен қоғамды жақындастыру мақсатында PR (жұртшылықпен байланыс жүргізу) саласы пайда болды. АҚШ-та пайда болған ұғым бірте-бірте дамып, жетіле түсті. Бизнес құрылымдарындағы PR және мемлекеттік органдардағы PR-дың екі үлкен бағыты бар. Мен магистратурада көбіне бизнес саласындағы PR-ға қатысты пәндерді оқыдым.

АҚШ-тағы PR департаментінің құрылымы туралы сөз етсек, оның жұмыс істеу принципі бизнесте де, мемлекетте де біркелкі. Онда БАҚ өкілдерімен, қаржылық институттар, тұтынушы, инвесторлармен байланыс жүргізіледі. PR жетекшісі компаниядан бастап басшының беделіне дейін өзі жауап береді. Біздің қоғамда PR-дың рөлі басқаша. Себебі біздің тарихи даму жолымыз басқаша өрбіді. Бәлкім, оған әлі уақыт керек.

- Қазір, телеарнада жұмыс істеп жүрсіз. Қазақстандағы журналистиканың дамуына қандай баға бересіз және қазақтілді журналистер қай жағынан дамуы керек деп ойлайсыз?

- Мен оқуымды бітіріп, жыл басында ғана жұмысыма қайтып оралдым. Қазір «Қазақстан» телеарнасының жаңалықтар бөлімінде тілшімін. Өткен аптада ғана Ұлттық арна тілшілері Түркияның TRT Haber телеарнасы ұйымдастырған бес күндік онлайн-семинарға қатысты. Түрік мамандары қазіргі журналистика саласында болып жатқан өзгерістерге кеңінен тоқталды. Біз өз тарапымыздан толғандырған сұрақтарды да қоюға мүмкіндік алдық. Шетелдік мамандар әлемдегі цифрлық технологиялардың өзгеруіне байланысты ақпарат берудің түрлері мен мазмұны да қарқынды өзгеріп жатқанын айтты. Мобильді интернеттің заманында жазбаша ресурстардың маңыздылығы біртіндеп жойылып бара жатыр. Ұзақ мәтіндердің үлесі азаюда. Олардың орнын жылдамдығы жоғары бейнекөріністер алмастыруда. Бұл өз кезегінде тілшілердің материалды мейлінше аз, қысқа жазуларына ықпал етеді. Онымен қоса, мобильді журналистиканың рөлі де қарқын алып отыр. Бұл дегеніміз, журналистердің кез-келген нүктеден тікелей эфирге шығып отыруы жиілей түседі деген сөз. Осы тұрғыдан алғанда қазақтілді журналистер тікелей эфирде мүдірмей сөйлеуі үшін жасап жүрген материалдарын терең қазбалап, жан-жақты зерттеп отыруы керек деп ойлаймын.

- АҚШ-та жинаған тәжірибеңіз қазіргі қызметіңізге қаншалықты пайдасын тигізіп жатыр?

- Мен қазір өзіме ұнайтын тақырыптарға ғана көңіл бөліп жүрмін. Негізінен отандық технология мен инновация бағытындағы материалдарға жоғары қызығушылықпен қараймын. АҚШ-тағы оқу өзіме ұнайтын саланы айқындауға көмектесті. Әрбір тілші бір саланы ғана алып, сол салада эксперт деңгейіне дейін өсуге талпыныс жасауы керек. Сонда ғана отандық журналистиканың сапасы өседі. Сондықтан жоспар көп. Қазір елімізде IT стартаптар енгізіліп жатыр, қоғам компаниялардың акцияларын сатып алуда. Бұл тенденцияларға бей-жай қарауға болмайды.

- «Болашақ» бағдарламасының мүмкіндіктеріне кеңінен тоқталып өтіңізші?

- Бағдарламаның жастармен қатар орта жасқа келген білім қуған азаматтарға да берері мол. Байқап қарасаңыз, Болашақ бағдарламасының арқасында жеке дамуыңызға құйылатын басты инвестиция – ол тіл. Ағылшын тілін жоғары деңгейде игеріп алсаңыз, сізге жарты әлем, мүмкін бүкіл әлемнің есігі ашық болады. Ағылшын тілінде сөйлей алсаңыз, сауатты жазып үйренсеңіз, оқи алсаңыз, адами әрі кәсіби құндылықтарыңыз арта түседі. Ағылшын тілі шетелдік әлемге танымал ақпараттық ресурстарды оңай пайдалануға жол ашады.

Екіншіден, оқу арқасында кәсіби дағдылар шыңдалады. Елге оралғанда қатып қалған жүйеге тот басқан темірге май құйғандай жаңа әдістерді енгізуге мүмкіндік аласыз. Мұндайда ми ешқашан қартаймайды. Оған қаншалықты білім азығын беріп отырсаңыз, ішкі жан-дүниеңіз де соншалықты байып отырады. Адамды бақытты қылатын мансап емес, білім дер едім.

- Болашақтықтардың арасында шетелде қалып қоятын жастар да бар. Немесе 5 жылдың міндетті жұмысын атқарып, шетелге қайта көшіп кетіп жатқандары да аз емес. Біздің елде «Болашақ» түлектеріне тиісті қызмет берілмей жатыр ма?

- Иә, ондай мысалдар бар. Алайда, болашақтықтар оқуды бітірген соң міндетті түрде елге келіп, ел игілігі үшін қызмет етуі керек. Бағдарламаның негізгі талабы да осы. Тағы бір айта кететін жайт, «Болашақпен» оқуға баратындардың мақсаты әрқилы болады. Яғни, біреулер әлем көргісі келеді, тағы біреулер ағылшын тілін оқығысы келеді, басқалар кәсіби тұрғыда шыңдалғысы келеді. Сондықтан жастардың елде қалу-қалмауы олардың алға қойған мақсатына тікелей байланысты.

- Аталған бағдарлама арқылы оқуға түскелі жүрген үміткерлерге қандай ақыл-кеңесіңізді айтасыз?

- «Болашақпен» шетелге барып оқимын деушілер ең алдымен оқудан бөлек әр түрлі тақырыптық жиындарға қатысуға ерінбесе екен деймін. Себебі, мұндай жиындарда жаңа таныстар, достар пайда болады. Егер де белгілі бір бағытта дамығыңыз келсе, сіз өзіңіз сияқты пікірлес адамдарды іздейсіз.

«Болашақ» бағдарламасының бір жақсы тұсы – оқумен қатар жастарға басқа елде, басқа қоғамда өмір сүруге мүмкіндік береді. Қайтып келгенде көрген-білгенін отандастарымен бөлісіп жатады. Бұл өте маңызды. Мен де шетелдік тәжірибені негізге ала отырып, жұмысымда да, қоғамдық өмірде де мейлінше бейімдеуге тырысып жатамын. Жас журналистерге мүмкіндігінше сабақ беріп отырамын. Алда жоспар көп.

- Әңгімеңізге рахмет!

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.