«Кеңсеміз жоқ, жұмысымыз – адам іздеу»: LIDER.KZ еріктілер тобының директорымен сұхбат

Биыл волонтерлер 115 адамды тірі күйінде тапқан

фото: ортасында тұрған - Дильмира Блац

Іс-түссіз жоғалған жандарды іздеу барысында еріктілерге оны және оның туыстарын талқылауға тыйым салынады. Еліміздегі жоғалған адамдарды іздеумен айналысатын LIDER.KZ қоғамдық бірлестігінің басты ұстанымдарының бірі осындай. Волонтерлер тобының хабар-ошарсыз кеткендерді іздеу жұмыстарымен айналысып жүргендеріне биыл 5 жыл. Былтыр белсенділер ресми мәртебе алып, заңды түрде қоғамдық бірлестік ретінде тіркелді. Бүгінде бұл топтың қатарына республика бойынша 3000-ға жуық адам қосылды. Ал Алматы қаласы мен Алматы облысында 100-ден аса адам жұмыс істейді. Оның 40 шақтысы кәсіби іздеушілер.

Осы уақытқа дейін LIDER.KZ еріктілер тобының арқасында табылған адамдардың саны мыңнан асып жығылады екен.

«Өткен жылы біз 263 адамды, 2021 жылдың жарты жылында 115 адамды тірі күйінде таптық. Біз адамдардың жылдам және тірі табылуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Мәселен, 2018-2019 жылдар аралығындағы статистикалық мәліметтерге тоқталып өтсем, бір жылдың ішінде 1380 адамға іздеу жарияланып, оның ішінде 482 ересек және 97 бала тірі табылса, өкінішке қарай 98-і өлі күйінде табылды. Туыстық байланысын жоғалтқандар - 70, туысын тапқандар - 27, сондай-ақ, 8 спам және 4-уіне іздеу жұмыстары тоқталды. Ал 664 адам әлі іздестірілуде. Бір жылдың саттистикасы осындай», - дейді LIDER.KZ қозғалысының бас директоры Дильмира Блац.

Іздеу жұмыстарында волонтерлерге басымдылық ең алдымен балалар мен үлкен кісілерге беріледі. Ал орта жастағылар жоғалса, олар туралы тек хабарламалар таратылады. Бірақ қоғамдық бірлестіктің басшысы сайып келгенде барлығы жағдайға байланысты екенін айтады.

«Көбіне ер адамдар жоғалып кетеді, олардың басым бөлігі әлі де іздеуде. Ал жасөспірімдер жақындарымен ренжісіп қалса, үйінен кетіп қалатын әдеті бар. Бірақ кейбірі басқалардың ықпалына түсіп, солармен бірге қашады. Сондай-ақ, өзгелері қандай да бір қиындыққа тап болып, денсаулығына байланысты үйлеріне орала алмай қалады. Ал 5-6 жасқа дейінгі кішкентай балалар ата-анасының немқұрайлығынан жоғалып кетеді», - дейді Дильмира.

Адамды іздеу - күрделі процесс. Әсіресе із-түссіз жоғалған жандардың нендей қиындыққа тап болғанын топшылау қиын. Сондықтан да волонтерлермен қатар, бұл міндетті құқық қорғау мен төтенше жағдай қызметкерлері де теңдей атқарады.

«Біз көптеген мемлекеттік органдармен өзара тығыз байланыстамыз. Біздің барлық іздеу шарамыз жоғалған адамның туыстары полицияға ресми өтініш бергенін растағаннан басталады. Бізге кәсіби мамандар әрқашан көмектесуге дайын. Қаланың полиция департаментімен, Алматы ТЖД және облыс аудандарымен өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Бұл біз үшін үлкен демеу», - дейді Дильмира Блац.  

Еріктілер қозғалысында түрлі адамдар бар. Бірі студент, өзгесі белгілі бір саланың маманы болуы мүмкін. Алайда оларды біріктеретін ортақ дүние – адамдарға көмектесу.

«Егер іздеу жұмыстары сәтті аяқталып, жоғалған адам табылса, онда топтың әкімшісі хабар-ошарсыз кеткен жандарды іздеуге ат салысқан тұрғындарды еріктілер қатарына қосылуға шақырады. LIDER.KZ тобы қиын жағдайға тап болған адамдарға көмектесетін еліміздегі өзге де көптеген волонтерлік ұйымдармен тығыз байланыста. Біз оларға алғысымызды білідіреміз», - дейді еріктілер басшысы.

Бір қызығы аталған топтың нақты жұмыс орны, кеңсесі жоқ. Еріктілер жұмысын онлайн форматта жүргізеді.

«Топ мүшелері отыратын қандай да кеңсесі жоқ. Бізге алдымен хабар-ошарсыз жоғалған адам туралы хабарлама түседі. Топта адамның жоғалу мерзімі немесе жас ерекшелігіне қарай таңдау жоқ. Бірден өтініш жіберген адаммен хабарласып, мән-жайды анықтаймыз. Іздестіру жұмыстарына рұқсат берілгеннен кейін қана жұмысқа кірісеміз. Жедел іздестіру кезінде LIDER.KZ тобының белсенділері WhatsApp-та арнайы чат ашып, сол жаққа іздестіру шарасына қатысатын адамдарды қосады. 

Топ мүшелері жинаған деректеріне сәйкес хабар-ошарсыз кеткен адамның бағыт-бағдарын болжап, жоғалған адам туралы жұртқа хабарлама таратады. Сондай-ақ, қоғамдық бірлестіктің ұстанатын бірқатар қатал ережесі бар.

«Топта іздеуге және басқа қажеттіліктерге қатысты кез-келген қаражат жинауға қатаң тыйым салынады. Сонымен қатар, жоғалған адамдар мен олардың туыстарын талқылауға және қорлауға болмайды. Топта іздеу тобына тікелей қатысы жоқ бөгде сайттарға, жарнамаларға және ақпаратқа сілтемелер жасауға тыйым салынады. Бұдан бөлек бізде дін, саясат және т.б. тақырыптарды, яғни іздеу жұмыстарына қатысы жоқ кез келген мәселелерді талқылауға рұқсат жоқ. Жоғалған адамдарды кемсітуге (жынысы, ұлты және т. б.), топ мүшелеріне балағат сөз айтуға және қорлауға тыйым салынған. Егер қатысушылар админнің талаптарын елемесе немесе орындамаса, ереже бұзғаны үшін ешбір ескертусіз дереу топтан шығарылады», - дейді Дильмира Блац.

Бұл еріктілерге қойылатын негізгі талаптар. Бұдан басқа олар іздеу жұмыстарына қатысып, өз парақшаларында жоғалған адам туралы деректермен бөлісуге тиіс. Сондай-ақ, әлеуметтік желілер арқылы іздеуде жүрген адам туралы қандай да бір ақпарат келіп түссе, оның туралығына көз жеткізбей жатып, қуанышты хабармен бөлісуге болмайды. Десе де, Дильмира Блац үміті үзілген жандарға жоғалған жақынының табылатынына сенім білдіріп, әрдайым жұбататынын айтады.

«Бұл – жанураларға көмек көрсету және қаражат жинайтын қайырымдылық тобы емес. Бірақ LIDER.KZ аз қамтылған отбасыларды, балалар мен қарттарды қолдауға бағытталған қайырымдылық акцияларына қатысып тұрады. Біз барлығына бейбітшілік пен жақсылық тілегіміз келеді. Есіңізде болсын, Сіз жалғыз емессіз, Сіздің жаныңыздан әрдайым сізге көмек қолын созатын жан табылатынына сенімді болыңыз», - деп қорытындылады қоғамдық бірлестіктің директоры.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.