Жаңа оқу жылында мұғалімдер мен оқушыларды қандай жаңашылдықтар күтіп тұр

СҚО Білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімовамен сұхбат

Жаңа оқу жылында мұғалімдер мен оқушыларды қандай жаңашылдықтар күтіп тұр
Фото: ашық дереккөзден

Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Әлемдік пандемия жағдайында офлайн форматтағы алғашқы қоңырау соғылады. Бірнеше жылдық үзілістен кейін «Әліппе» партаға қайта оралады. Жаңартылған білім беру мазмұнына толықтай ауысудың соңғы жылы. Azattyq Rýhy тілшісі білім беру саласындағы осы және басқа да жаңалықтар мен проблемалар жайында СҚО Білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімовамен сұхбаттасқан еді.

- Жаңа оқу жылын бастауға әзірлік қалай?

- Бірінші сынып оқушыларына салтанатты линейкада «Әліппе» және «Букварь» тапсырылады. 2-11 сынып оқушылары үшін сынып сағаттары өткізіледі. Барлық салтанатты іс-шаралар ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналады. Былтырғыдай білім беру ұйымдарында санитарлық қауіпсіздіктің маңызды шаралары – маскалық режим, санитайзерлер, термометрия қамтамасыз етіледі. Ғимаратты  желдету, кварцтау және ылғалды тазалау режимі күшейтіледі. Оқыту «бір сынып – бір кабинет» қағидаты бойынша жүргізіледі, кабинеттік жүйе болмайды. Оқушылардың бір – бірімен байланысын қысқарту мақсатында сабақтың басталуы мен үзілістерге қоңырау шалу уақыты жылжымалы кесте бойынша, яғни әр параллель үшін жеке соғылады. Тамақтану режимі асханының 30% толуымен ұйымдастырылады. Буфет өнімдері жеке қаптамаларда сатылады. Әрбір тамақтан кейін бөлмеде ылғалды тазалау жүргізіліп, желдетіледі. Егер оқушы немесе мұғалім  ауру жұқтырса, сынып қашықтықтан оқыту форматына көшеді. Оқушыларға жауапты сақтауға компьютерлік техника беріледі. Бірінші кезекте компьютерлер табыс деңгейі төмен отбасылардан шыққан балаларға тиесілі.

- Пандемия білім беру саласына қалай әсер етті? «Оқушылардың білім деңгейі түсіп кетті» деген пікірлермен келісесіз бе?

- Пандемия мен шектеу шаралары кезінде оқушылардың білімінде олқылықтар болғанын түсінеміз. Сондықтан оны толтыру үшін біз нақты қадамдар жасадық: Білім беру сапасын арттырудың 2020-2025 жылдарға арналған Жол картасы әзірленді; Манаш Қозыбаев атындағы СҚУ-мен бірлесіп, оқушылардың білімін қалпына келтіру жөнінде Кешенді жоспар бекітілді. Бұдан былай кейбір білім сапасы төмен ауыл мектептеріне алдыңғы қатарлы білім ошақтары қамқорлық етеді. «Тәлімгерлік зертхана», «Ашық сабақтар аллеясы», «Білікті ұстаз» ютуб каналы сияқты педагогтердің білімін коррекциялау және кәсіби құзыреттіліктерін арттыру жөнінде білім беру жобалары іске қосылды; Балалардың жазғы демалыс уақытында негізгі пәндер бойынша «Қысқы мектепте», «Көктемгі мектепте» атты сабақтар ұйымдастырылды. Оқу жылының соңында білім беру мекемелерінде барлық тілек білдірушілерге күрделі тақырыптарды түсіндіру мақсатымен «Жазғы мектеп» жұмыс істеді. Биылғы ҰБТ қорытындысына келер болсақ, облыстағы нәтиже өткен жылғы көрсеткіштен кем түскен жоқ.

- Биыл елімізде жаңартылған білім беру мазмұнына көшу толығымен аяқталуы тиіс. Мұғалімдер мен оқушылар қауымын тағы қандай жаңашылдықтар күтіп тұр?

- 1 қыркүйектен бастап мектеп кестесінде бірінші сынып оқушыларында «Цифрлық сауаттылық» және «Әліппе-Букварь» атты жаңа пәндер пайда болады. 6-сыныпта мұғалімдер мен материалдық база болған жағдайда «Музыка» пәні аясында «Домбыра» курсы ұсынылады. 5-11 сынып оқушылары үшін «Парасаттылық», «Экология», «Сыни ойлау және эмоциялық интеллект», «Медиасауаттылық», «Зайырлылық және дінтану негіздері», «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» атты жаңа курстар енгізіледі. Оқушылар өзіне ұнағанын таңдауға құқылы. Облыста жаңа оқу жылында 75 мыңнан астам оқушыны қамтитын 472 мектеп жұмыс істейді. Өткен жылмен салыстырғанда балалар саны 2,5 мыңға көп. Алғаш рет 8 мың бірінші сынып оқушысы мектеп табалдырығын аттайды. Облыс орталығында олардың саны 4 мыңнан асады.

 - Неше мектепте алғашқы қоңырау соғылмайды? Қысқарған және жұмысын тоқтатқан білім ошақтары жайында айтып өтсеңіз.

- Өңірде 361 шағын жинақты мектеп бар. Бұл жалпы көрсеткіштің 78 пайызы. Бүгінгі күні бала санының аздығына байланысты 6 бастауыш мектеп жабылды. Ақжар ауданында – 1 мектеп, Аққайың ауданында – 1, Есіл ауданында – 1, Жамбыл ауданында – 2, Қызылжар ауданында – 1. Аталған нысандарда бастауыш сыныптарда 4 оқушы және одан да аз адам білім алып келген еді. 7 мектеп қайта құрылды.

- Ол оқушылар білімін қайда жалғастырады?

- Сапалы білімге қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін оқушыларды тасымалдау ұйымдастырылады. Биыл 1 қыркүйектен бастап 298 елдімекеннен 2 074 баланы тасымалдау жоспарлануда, оның ішінде күн сайын 1261 оқушы, апта сайын 813 оқушы қамтылады. 124 көлік бар. Автопаркті жаңарту мақсатында 2020 жылы 42 техника сатып алынды. Биыл автопарк тағы 18 көлікпен толықты.

- ҚР Білім министрлігі қазіргі елдегі жағдайды ескеріп, мектеп оқушыларына форма кимеуге рұқсат етті. Бұл жеңілдік СҚО мектептерінде сақтала ма?

 - Биылғы оқу жылында мектеп формасына қойылатын талаптар сақталады. Сонымен қатар, классикалық стильдегі киімді киюге де рұқсат етіледі.  

- Қаладағы қазақ мектептерінің көбінде оқушы саны тиісті орыннан көп.  Жалпы Петропавл бойынша қазақ мектептеріндегі орын тапшылығы мәселесін шешу мақсатында не істеліп жатыр?

- Орын тапшылығын шешу мақсатында өткен жылы мемлекеттік тілде білім беретін 1,5 мың орындық екі мектеп салынған болатын. Биыл тағы да бір білім ошағы іске қосылмақ. Сараптама жасайтық болсақ, 5 жыл бұрын қалада 24 аралас мектеп болды. Ол кезде орын тапшылығы мәселесінің шешімі сол еді. Енді таза қазақ мектептері ашылып жатыр. Аралас мктепке сұраныс төмендеді. Саны 3 есе азайды.

- Azattyq Rýhy  ақпарат агенттігінде Тайынша ауданындағы Ильич мектебі жайында мақала жарық көрген болатын. Білім ошағы жаңа оқу жылын қалай бастайды? Жөндеу жұмыстары 1 қыркүйекке дейін аяқтала ма?

- Әр мәселенің шешімі болады. Қазір Ильич мектебінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Күрделі жөндеу жасауға арналған жобалық-сметалық құжаттар сараптамада жатыр. Ағымдағы жөндеу жүргізуді дұрыс деп шештік. Бюджеттен 8 млн теңге қаражат бөлінді. Жұмыстың 70 пайызы аяқталды. Мектеп оқу жылына дайын болады деп ойлаймын. Ильич мектебінің оқушыларының басқа балалардан айырмашылығы жоқ. Олар да жақсы ғимаратта білім алуға құқылы. Бүгінгі бала – ертеңгі елдің болашағы. Сондықтан барлығы да заман талабына сай сапалы білім алса дейміз. Осы мақсатта аянбай еңбек етеміз.

- Сұхбаттасқаныңызға рахмет!

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.