Күрделі жөндеу көрмеген: СҚО-дағы мектептердің бірінде алғашқы қоңырау соғылмауы мүмкін

Ильич ауылындағы мектептің іргетасы 1968 жылы қаланған

Күрделі жөндеу көрмеген: СҚО-дағы мектептердің бірінде алғашқы қоңырау соғылмауы мүмкін

Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданына қарасты Ильич ауылдық мектебінде алғашқы қоңырау соғылмауы мүмкін. Білім ордасы жаңа оқу жылына дайын емес. Тұсауы кесілгеннен бері күрделі жөндеу көрмеген нысанның қабырғасы көгеріп, едені бүлініп жатыр, деп хабарлайды Аzattyq Rýhy тілшісі.  

МЕКТЕП АШЫЛҒАННАН БЕРІ КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУ КӨРМЕГЕН

Ильич ауылындағы мектептің іргетасы 1968 жылы қаланған. Тозығы жеткен қабырғалардың сылағы түсіп жатыр, ал жаңбыр жауса жағдай тіпті қиындайды. Төбеден сорғалаған судың салдарынан еден де көгере бастаған. Тамшылардан дәліз бен кабинеттерде қаз-қатар тізілген ыдыстар да құтқармай тұр. Өйткені төбеде тесік тым көп.

«Ағымдағы жөндеу жұмыстары басталды. Құрылыс бригадасы төбенің ескі жабынын алып тастады. Орнына жаңасы салынады. Мұнда шатыр жоқ, жұмсақ жабын. Келісімшарт бойынша жұмысшылар ай соңына дейін жұмысты аяқтап, нысанды тапсыруы керек. Білім бөлімінің бюджетінен 8 млн теңге қаржы бөлінді. Былтыр құрылыс материалдары алынған болатын. Тағы да қосымша жеткізіліп жатыр. Құрылыс бригадасына 4 млн теңге төленеді. Қыркүйектің біріне дейін үлгеріп, мектеп әдеттегідей жұмыс істейді деген ойдамыз. Жалпы, былтыр мұндай жағдай болған емес. Биыл шілде жаңбырлы болғандықтан, төбеден су ақты», - дейді Тайынша аудандық білім бөлімі жетекшісінің орынбасары Гүлжан Кәрменова.

АТА-АНА БАЛАЛАРЫН МЕКТЕПКЕ ЖІБЕРУГЕ ҚОРҚАДЫ

Ылғал салдарынан көгерген қабырғалардың исі аңқаны қабады. Ауыл мектебінде 50-ден астам бала білім алып жүр. Әлібек Жағыпаров осы білім шаңырағының түлегі. Екі баласы да Ильич мектебін тәмамдаған. Қазір үйдің кенжесі де осында білім алып жүр.  Ауыл тұрғыны жаңа оқу жылында баласын сабаққа жіберуге қорқады. Өйткені, бұзыла бастаған плиталар кез келген сәтте опырылып түсуі әбден мүмкін. Көктің исі де баланың денсаулығына оң әсер етпесі анық.

«Электр сымдарының үстінен су сорғалап тұр. Адамды ток соғуы мүмкін. Ертең балаларды мектепке қалай жібереміз? Оқудан өмір маңызды. Мектептің жөндеу жұмыстарын мына бригада қыркүйекке дейін аяқтай алмасы анық. Адам саны аз. Облыс немесе ауданнан қосымша бригадалар келсе ғана жұмысты тез реттеуге болады. Еденнің астына дейін су. Мектеп дайын болмаса, баланы мектепке жібермеймін. Нұр-Сұлтан қаласында үлкен ұлым тұрады. Жаңа оқу жылын сонда бастауға тура келетін шығар», - дейді Әлібек Жағыпаров.

АТА-АНАЛАР АҚША ЖИНАП, МЕКТЕПТІ ЖӨНДЕГЕН

Мектептің аумағы - 2 мың шаршы метр. Бір кездері орта мектепте бала саны көп болған. Жыл сайын халық жан-жаққа көшіп, оқушылар қатары сирей түскен. Былтыр қысқартылып, негізгі мектеп статусы берілген. Ескі ғимарат суық болғандықтан, ата-аналар өз қалтасынан ақша жинап, шама-шарқынша шұрық-тесік терезені бекітіп, қабырғаларды жамаған. Бірақ ол көпке жетпеді. 2-3 жылда тозығы жеткен төбе жабыны тағы да сыр берді.

«Мен бір тонна цемент бердім. Басқа біреу рубероид, тақтай әкелді. Үшінші басқа материал сатып алды. Ақырындап өзіміз жөндеген болдық. Өйткені балалар тоңды. Ұрпағың үшін не істемейсің? Қазір ауылға қоныс аударып жатқан жастар бар. Мына мектептің жағдайын көріп, қайта кетіп қалмаса игі», - дейді ауыл тұрғыны.

ЖОБАЛЫҚ-СМЕТАЛЫҚ ҚҰЖАТТАР САРАПТАМАҒА ЖІБЕРІЛДІ

Злата Терешкова биыл 7 сыныпқа көшіпті. Үлгерімі жақсы. Кітап-дәптерлерін жинап, сабаққа баруға дайындалып жүр. Өкінішке қарай мектеп оны қарсы алуға әзір дайын емес.

«Мен мектебімді жақсы көремін. Білім алып, балалармен уақытты көңілді өткіземіз. Әсіресе, дене шынықтыру пәнін ұнатамын. Былтыр бәрі жақсы болған сияқты еді. Биыл төбеден су ағып жатыр. 1 қыркүйекке дейін жөнделіп, сабаққа барсақ екен», - дейді оқушы. 

Жергілікті кәсіпкердің көмегімен келер жылы мектепті күрделі жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленіпті. Әзірге ол сараптамаға жіберілген. Оның мақұлданар-мақұлданбасы әзірге белгісіз. Комиссия қаражат бөлуден бас тартуы да мүмкін, өйткені мектептегі бала саны тым аз.

Ильич ауылы облыс орталығынан шашамен 250 шақырым қашықтықта орналасқан. Сау тұрған ғимараттан қирағаны көп. Елді мекенге келгендерді «күн көсемінің» тас мүсіні қарсы алады. Ауылды аудан орталығымен жалғайтын жолдың жағдайы да мектептікі іспетті. Жаңбыр жауса ми батпаққа айналады. Оның азабын тұрғындар тартып жүр. Айтуынша, жаңбырдан кейін жеңіл көлікпен жүрсе сағатына 20 шақырым қашықтықпен қозғалады.

Соңғы екі жылда Солтүстік Қазақстан обысындағы 249 білім беру нысаны күрделі жөнделді. Өңірдегі жалпы көрсеткіштің 63 пайызы. Бұл мақсатқа 10 миллиард теңге бөлінген болатын. Ал биыл 4,3 миллиард теңгеге тағы да 56 білім нысаны жаңаланбақ. 84 мектептің материалдық-техникалық базасы толықтырылып, білім беруге қажетті қондырғылар сатып алынды. Ал Ильич мектебінің оқушыларына мұндай бақыт қашан бұйырары белгісіз.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.