«Тосыннан қуантайын деген ой болды»: Тұрсынбек Қабатов қызына қатысты дауға жауап берді
«Біреудің аузын жырып, грантын жұлып алғым келген жоқ...»
Тұрсынбек Қабатов ҰБТ тапсырған қызына қатысты дауға жауап қатты. Шоумен оқушының мұндай қадамға баруына кімнің түрткі болғанын әлеуметтік желіде жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі
Белгілі сатирик өзінің Instagram-парақшасына қызының Нұрбек есімді репетиторымен телефон арқылы сөйлескен видеосын жүктеді. Әңгіме барысында оқытушының қылмыстық іске тікелей қатысы бар екені айтылған.
- Әдемі (Тұрсынбек Қабатовтың қызы – авт.) дайындалып жүрді, бірақ ҰБТ-дан сол дайындығынан да жақсы алып, сіздерді тосыннан қуантайын деген ой болған ғой негізі.
- Сен ештеңе айтпай қызыма, ҰБТ-ға барған кезде ол өзінің жеке куәлігімен кіріп, телефондарының бәрін бергеннен кейін «саған іштегі қыз көмектеседі, сенің клавиатураңның астында жалған жеке куәлік тұр» деп айттың ба?
- Иә, тестке кіретін кезде айттым.
- Сен неге бізбен ақылдаспайдың? Сен үлкен қылмыстық іске барғаныңды білесің бе? Мен саған сендім ғой, жақсы репетитор болғаннан кейін. Әдеміге ҰБТ-дан жоғары баллдың қажет емес екенін онсыз да білесің. Оның шетелге оқуға түсейін деп жатқанын білесің. Мен біреудің аузын жырып, грантын жұлып алғым келіп тұрған жоқ. Видео салсам да, жазсам да ешкімді сендіре алмаймын. Анау қызды танымаймын, - дейді Тұрсынбек Қабатов.
Қабатовтың «Сен клавиатураның астына құжатты қай уақытта барып тығып жүрсің?» деген сұрағаны репетитор еш саспастан заң бұзғанын айтты.
«Мен өзім түске дейін ҰБТ-ға кіріп, тест тапсырып шықтым, сол кезде қойып шықтым. Қателікпен болған нәрсе. Өзі тапсырса да 90-100 балл алатын еді», - деп жауап берді репетитор.
Сондай-ақ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері қызының бүгінде бұл жайттан стресс алғанын айтып, тіпті алған Алтын белгісі көпшіліктің арасында күмән туғызғанын жеткізді.
«17 жастағы кәмелетке толмаған қызым қазір бәріне сенеді. Айналып келгенде «Тұрсынбек алаяқ» деп жазып жатыр. Абзал (Абзал Құспан – авт.) менің қызымның фотосын, аты-жөнін, ИИН-мен қойып қойған. Қазір Әдемінің жағдайы қандай болып жатқанын білесіздер ме? Ол қазір үлкен стресс алды. Қасында мен және анасы болмаса өзіне не істейтін еді ол? Қызымның қазір «Алтын белгіні» сатып алғанын айтып жатыр. Қызымның 11-сыныбына дейін әрбір тоқсан сайын мұғаліміне ақша төлеп жүрді дейсің бе? Онлайннан гөрі сендерге бергеніміз дұрыс шығар деп ойладым», - деді Қабатов репетиторға.
Белгілі асабаның отбасында болған бұл жағдай оның абыройына біраз күйе жаққан сыңайлы. Ол өзінің мұндай әрекетке ешқаншан бармайтынын айтып ақталды.
«Бұл менің миыма кіріп шықпайды екен, мұндай алаяқтыққа барып, төмендікке барып, мен ондайға бармас едім. Қызым әкесінің көзіне қарап сөйлей алмайтын қыз, ондай нәрсені жасамайды, тіпті қаланы дұрыс білмейді. Сондай адам құжат жасайды дейсің бе? Халық оған сеніп жатыр. Тергеу жүріп жатса, бір шешімі болар», - деді Тұрсынбек Қабатов.
Телефонмен сөйлесу барысында репетитор тергеу кезінде де осы мәліметтерді айтқанын хабарлады. Сондай-ақ, видеожазбада оқытушының телефон номері де ашық көрсетілген.
Ал, әлеуметтік желі қолданушыларының көбі мұны Тұрсынбектің кезекті қойылымы деп жатыр. Яғни, өзін ақтап алудың әрекеті дейді. Тіпті, видеода көрсетілген телефон номердің ешқандай Нұрбекке емес, Бауыржан деген азаматқа тиесілі екені жазылып жатыр.
Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан