$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
26.05.2021, 10:45
Сұхбат

«Балаға өзін қорғауды кішкентайынан үйрету керек»: Аружан Саин биыл балалардың жазғы демалысы қалай өтетінін айтты

Әлемде жыл сайын миллионнан астам балалар мен жасөспірімдер көз жұмады

«Балаға өзін қорғауды кішкентайынан үйрету керек»: Аружан Саин биыл балалардың жазғы демалысы қалай өтетінін айтты
Коллаж

Оқу жылы аяқталып, жазғы демалыс бастала салысымен балалардың өміріне төнетін қауіп те көбейеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) мәліметіне сүйенсек, әлемде жыл сайын 18 жасқа дейінгі миллионнан астам балалар мен жасөспірімдердің өлімі тіркеледі екен. Ересектер тарапынан бақылаудың жеткіліксіз болуынан балалар суға кету, өрт, жол апаты сияқты оқыс оқиғаларға тап болады. Сондықтан жаз басталса, ата-аналардың балаға деген жауапкершілігі де арта түседі.

Azattyq Rýhy тілшісі жазғы демалыс кезінде балалар тап болатын негізгі қауіптер, баланың қауіпсіздігі барысында ата-аналар ескеретін дүниелер, пандемия уақытында демалысты қалай тиімді өткізуге болатыны жайлы сұрақтар төңірегінде Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саинмен сұхбаттасты.

Омбудсмен соңғы жылдары әлемде балалардың жазатайым оқиғалары мен жарақаттану статистикасы күн санап артып келе жатқанын айтады. Балаларға қауіп тек су мен оттан ғана емес, кез-келген дүниеден келуі мүмкін екенін жеткізді.    

«ДДСҰ мәліметтері бойынша, күн сайын 2000-нан астам отбасы алдын-алуға болатын оқыс оқиғалар салдарынан баласынан айырылып қалады. Ойлаңызшы, біздің планетада сағат сайын 100-ден астам бала қайтыс болады. Балаларға, әсіресе жаз айында кез-келген тұстан қауіп төнуі мүмкін. Мысалы, үйде терезенің ашық қалуы, от, улану, үшкір заттар, ауладағы ойын алаңдары, үй жануарлары, саябақтағы тексерілмеген аттракциондар және жол апаты сияқты көтеген қауіп-қатер болуы мүмкін. Сондықтан ересектер қай уақытта да өзінің және басқалардың балаларына мұқият болуы керек. Ата-аналар үйінде барлық қауіпсіздік шараларын барынша сақтап, тұрмыстық химикаттарды, өткір заттарды баланың қолы жетпейтін жерге қоюға тырысу керек», - дейді Аружан Саин.

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл жыл басынан бері Қазақстанда балалардың басым бөлігі зардап шеккен негізгі қауіптер жөнінде ресми статистика келтіріп, қазақ балаларының көбі ата-анасының дұрыс қарамауы салдарынан қауіпті оқиғаларға жиі ұрынатынын айтты.

«БҒМ Балалар құқықтарын қорғау комитеті балаларға төтенше оқиғалар болған жағдайда шаралар қабылдау үшін күн сайын мониторинг жүргізеді. Биыл 1 қаңтардан бастап комитет балалар арасындағы төтенше жағдайлар туралы 1147 материалды зерттеген болатын. Талдау нәтижесінде, балаларға қатысты оқиғаның көбі (31%) ересектердің дұрыс қарамауынан (улану, электр тогының соғуы, терезеден құлау) болады, 20%-ы құқықбұзушылық құрбаны болған, қалған 15%-ы жол апаты, жабдықталмаған су қоймалары, ашық құдықтарға түсіп кету жағдайлары бойынша тіркелген.

Сондықтан ата-аналар ғана емес, барлық ересектер де балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жағдай жасау керек. Жергілікті билік, ведомстволық ұйымдар қоғамдық орындарда, саябақтарда және басқа да жерлерде қауіпсіздік ережелерінің толық сақталуын қамтамасыз етуге міндетті»,- дейді ол.

Аружан Саин баланың өзін қорғауы үшін ерте жастан оған ненің қауіпті/қауіпсіз екенін айқын түсіндіру өте маңызды екенін айты. Себебі, балаға өсіп кеткеннен кейін айтылған ақыл мен тыйым әсер етпеуі мүмкін.

«Балаларға кішкентай кезінен бастап қауіпсіздік ережелерін түсіндіру қажет. Тек түсіндіріп қоймай, оны әртүрлі жағдайларда қайталап, мысал келтіре отырып санасына құю керек. Былайынша айтқанда, жеке бас қауіпсіздігі балалардың мінез-құлқы ережесіне айналуы қажет.

Балаларға қашанда бәрі қызық көрінеді, айналасын толық танып-білуге ұмтылады. Сол себепті оларға тыйым салу кезінде құрылғының қалай жұмыс істейтінін, жүріп келе жатқан көліктің алдынан жүгіріп өту неге қауіпті екенін көрсетіп, түсіндіріп отыру керек. Ең маңыздысы, осы айтылған ережелерді ата-аналардың өзі бұзбауы. Егер ата-анасының бірі қызыл жанып тұрғанда, немесе тыйым салынған жерден өтіп кетсе, онда балаға айтқан ақыл мен шектеу еш әсер етпейді. Бала ата-анасының айтқанына күмән келтіріп, сенімсіздік пайда болады», - дейді Аружан Саин.

ПАНДЕМИЯ УАҚЫТЫНДА БАЛАЛАРДЫҢ ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫСЫ ҚАЛАЙ ӨТЕДІ?

Биыл пандемия уақытында бұрынғыдай арнайы лагерлер мен демалыс орындарына баруға шектеу қойылуда. Осы мәселеге қатысты пікір білдірген Аружан Саин карантин уақытындағы балалардың тиімді демалысы жөнінде арнайы отырыс өтіп, қаулы қабылданғанын айтты.

«Бұл мәселе Үкімет жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның соңғы отырысында талқыланды. 3 мамырда ҚР Бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысы күшіне енді. Соған сәйкес, балалар лагерлерге персоналына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып жұмыс істеуге рұқсат етілген. Стационарлық демалыс және сауықтыру ұйымдарының персоналын жұмысқа жіберу, жұмыс басталғанға дейін 72 сағат бұрын жүргізілген COVID-19 зертханалық зерттеуінің теріс нәтижесі немесе коронавирусқа қарсы вакцинациялаудың толық курсын алғаны туралы құжаттық растау болған кезде жүзеге асырылады. Сондай-ақ әрбір баланың демалу орталығына келу кезінде де денсаулық жағдайы туралы құжаттары (086 анықтамасы), инфекциялық аурулармен ауырмағаны және келгенге дейін кемінде 72 сағат бұрын жүргізілген COVID-19 зертханалық зерттеуінің теріс нәтижесі бар құжат болуы тиіс.

Биыл «Қазақстан балалары, жазды қуанышқа толтырайық!» тұжырымдамасы әзірленді. Онда жаз айында балалардың сауықтыру демалысы, бос уақытын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру қарастырылған», - дейді уәкіл.

Ұстаздар тарапы балалардың көбі жазғы демалыстан кейін оқуға ынтасы болмай, үлгерімі нашарлап кететінін алға тартады. Бұған каникул кезіндегі күн тәртібінің бұзылуы себеп болады. Осыған байланысты Аружан Саин әрбір отбасыға жаз айларын қалай тиімді өкізуге болатынын және демалыс уақытында баланың білімге деген ынтасын жоғалтпау үшін не істеу керектігі жөнінде ақыл-кеңесімен бөлісті.

«Өкінішке қарай, бүгінде ата-ана мен баланың арасында қарым-қатынас - өте төмен. Балалардың Instagram, Tik-Tok сияқты қосымшаларға, компьютерлік ойындарға көбірек көңілі ауып, бос уақыттын текке өткізетіні содан. Жазғы демалыс - отбасылық серуендер мен ойындар, туристік жорықтар, бірлескен спорт үшін тамаша мүмкіндік. Ең бастысы, үлкендер баланың ата-анасымен көбірек уақыт өткізгісі келетінін түсініп, көп сөйлесіп, бірге жұмыс істесе екен деймін. Бос уақытында әкесі ұлымен футбол ойнап, анасы қыздарға тігін тігуді үйретсе, бұл балаға тиімдірек болады.

Демалыс кезінде де біз күнделікті режимді ұстануға, жалпы кітап оқуға уақыт бөлуге тырысуымыз керек. Музейлер мен көрмелерге бару, дамыту үйірмелері мен спорт секцияларына қатысуға көңіл бөлу керек. Біз де бала болдық, жаңа оқу жылына күш-қуат жинау үшін жазғы демалысты жақсы көрдік. Ал қыркүйек айындағы оқушылардың көңіл-күйіне келетін болсақ, білім беру бағдарламасы 1-ші тоқсанның басында өткен тақырыптарды қайталайды ғой. Бұл оқушылардың жаңа тақырыптарды өткенге дейін мектепке бейімделуіне мүмкіндік береді», - деді Аружан Саин.

Сағыныш Ибрагим, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары