«Дарынды ашу - оқушының жан дүниесін түсінуден басталады» - педагог

Ширек ғасырға жуық еңбек өтілі бар мұғалім Жанар Әбіловамен сұхбат 

«Дарынды ашу - оқушының жан дүниесін түсінуден басталады» - педагог

Солтүстік Қазақстан облысында 469 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істеп тұр. Педагогтар қауымы мен оқушылар үшін биылғы оқу жылы ерекше болды. Балалар бірде қашықтықтан білім алса, енді бірде дәстүрлі форматқа ауысты. Кейбір мұғалімдер екі ауысымда жұмыс істеді. Солардың бірі - Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Жанар Әбілова. 25 жылға жуық еңбек өтілі бар педагогпен Azattyq Rýhy тілшісі сұхбаттасқан еді. 

- Жанар Жәметқызы, Сіз үшін 2020-2021 оқу жылы қалай өтті? Қандай жаңалықтарымен ерекшеленді?

- Иа, шынымен биыл оқу жылы ерекше болды. Екі форматта оқыдық. Қашықтықтан оқу, әрине, қиынырақ  болды. Желі арқылы балаға сабақ беру оңай емес. Оның эмоциясын көре алмайсың. Кейін мектепке барып, жүзбе-жүз оқыған кезде, бір рақаттанып қалдық. Оқушының жанында тұрып, көзбе-көз сабақ бергенге не жетсін! Осы оқу жылын жақсы аяқтадық. Қашықтықтан оқыған кезде кеткен кем-кетіктерімізді толықтыруға ұмтылдық. Аз уақыт болса да уақытты тиімді пайдалануға күш салдық. Көзді ашып-жұмғанша соңғы қоңырау да болып қалды. Жаз бойы күш жинап, тағы да жұмысқа кірісеміз.

- Педагогтар қауымы арасында «дарынды балалармен жұмыс істеу жеңілірек» деген көзқарас қалыптасқанын бірнеше рет аңғардым. Бұл пікірмен келісесіз бе, әлде ерекше қабілетке ие балалардың білімге деген қызығушылығымен бірге мұғалімге қояр талабы да жоғары бола ма?

- Иа, келісемін. «Дарынды балалармен жұмыс істеу» оңай деп көбі ойлайды, бірақ шын мәнінде олай емес. Бала қабылдау жағынан зерек болғанмен, үнемі сол ізденісте, үнемі іс-шараларға, байқауларға қатысу үстінде болады. Мұғалім де дәл солай үнемі ерінбей еңбек етуі шарт. Көбіне-көп уайым басым болады. Дарынды болған соң, сайыстан орын алу керек. Жүлде алмау – дарынды бала үшін де, мұғалім үшін де ауыр соққы. Сол себепті дарынды оқушыларға арналған мектепте жұмыс істеу – үнемі ізіденісте, үнемі дайындықта болуды талап етеді. Бұл – бірінші кезекте үлкен жауапкершілік. Заман көшінен қалмау керек. Өзімді бейне бір әскери қызметте жүрген адам сияқты сезінемін.

- «Дарынсыз бала жоқ, талапсыз мұғалім бар». Осы оймен келісесіз бе? Жалпы баланың дарынын ашу үшін не істеу керек? 

- Келісемін. Жұмыстың нәтиже беруі тек балаға ғана емес, мұғалімге де байланысты. Мұғалім шәкірттің дарынын ашу үшін оның жүрегінен орын алуы керек. Балаға жақын болу, оны жақсы көруі керек. Оқушы мен ұстаз арасында тек білім беру ғана емес, достық, түсіністік қарым-қатынас болуы шарт. Жақсы қарым- қатынас –  сыйластық пен дарындылыққа апаратын жол. Дарынды ашу - сол оқушының жан дүниесін түсінуден басталады. Басқаның барлығы әрі қарай өз ретімен кете береді.

- «Педагог мәртебесі туралы» Заң салаға қандай өзгеріс әкелді? Қоғамда мұғалім мамандығына деген көзқараста өзгеріс бар ма? 

- «Бұл Заң білім саласына көп өзгерістер әкелері анық. Оны ақырындап сезініп те жатырмыз. Біріншіден,  мектептен тыс, бізге қатысы жоқ жұмыстардан арылдық. Мәселен, мерекеде көшеге шығып, адам қарасын толтыру, қолбала болудан құтылдық. Екіншіден, қағазбастылықтан арылып келеміз. Үшіншіден, ата-аналардың да көзқарасы өзгеріп келеді. Сонымен қатар қоғамның да көзқарасы өзгеруде. Бұрын мектепте нашар оқыған оқушы «мұғалімдікке бара саламын» дейтін еді. Естіп ренжіген күнім де болды. Ең сорлы мамандық осы болғаны ма деп ойлайтынмын. Қазір педагогтарға оқушылардың да көзқарасы өзгерген. Жалақының көтерілуі де әсер ететініне көзіміз жетіп отыр.

- Педагог кадрлардың сапасын арттыра түсу үшін не істеу керек?

- Педагог кадрлардың сапасын арттыру – біліктілікті арттыру курстарымен шектелмеу керек, онымен сапа дамымайды. Негізінен тәжірибелер жасау, тәжірибе алмасу, тәлімгерлік  жұмыстарын жандандыру керек сияқты. Бұл да ақырындап келетініне сенімдімін. Бастысы, білім беру саласында серпін бар.

- Өзіңіз не себепті мұғалім мамандығын таңдадыңыз? 

- Менің ата-анам қарапайым жұмысшы. Жоғары қызмет атқармаса да – балаларына саналы тәрбие беріп, сапалы білім алу қажеттігін ұғындырды. Мектепте қатты жақсы көретін ұстазым болды. Мұғалімдікке деген қызығушылығымның оянуына сол кісі себепкер еді. Еліктедім, сол сияқты мұғалім болсам деген арман болды. Қазір де «ұстаз» деген ардақты атқа лайық болу үшін аянбай еңбектеніп келемін. Мұғалім – оқушы үшін үлгі алар жан болуы тиіс деп ойлаймын.

- Жұмыс барысында болған қызықты оқиғамен бөлісе кетсеңіз...

- Қазақ тілі сабағында одағай тақырыбын өтіп жатқанбыз. Балаларға одағайды қолданып, жарнама жасаңыздар деген тапсырма бердім. Сонда Әділхан деген оқушым тақтаға шығып, жарнамасын жасағанда «Пай, пай, Жанар Жаметовнаның қардай аппақ етігі-ай....» деп менің киген түгел киімімді одағаймен жарнамалап берді. Мен оқушылар алдында қысылып қалдым. Шәкіртім дәл солай жарнама жасайды деп ойламаган едім. Тауар болсам, сол жерде өтіп кететіндей жарнама болды. Оқушыларға сасқанымнан  «О, Әділханның жарнамасы қандай тамаша, одағайларды тиімді қолданған. Рақмет, рақмет. Дәл сіздей жарнамашы жоқ шығар деп, тиісті бағасын қойдым.

- Қанша шәкірт тәрбиеледіңіз, қандай шәкірттеріңізбен мақтана аласыз?

- Шәкірт санында шек жоқ. 1996 жылдан бастап алдымнан талай оқушы ұшып шықты. Мұғалім ретінде олардың жетістігіне әрдайым қуанып отырамын. Диас Аяған – аздап айтыс өнерінде танылып жүрген жас ақын. Болашағынан зор үміт күтемін. Қазір жолымды қуып, Қозыбаев университетінің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі мамандығын меңгеріп жүр. Басқа да оқушыларым ізімді басты. Дильфуза Абдукаюм – ҚарМУ қазақ тілі мен әдебиетінде, Жайна Балтабай ЕҰУ- қазақ тілі мен әдебиетінде, Ыбырай Сымбат жергілікті Назарбаев Зияткерлік мектебінде жұмыс істеп жүр. Сәуле Макашева сынды ЖОО-да еңбек етіп жүрген оқушыларым бар. Шәкірттерімнің жаманы жоқ, бәрі өздеріне лайықты мамандық таңдап, жұмыс істеп жатыр.

- Бүгінгі мерекеде мұғалімдер қауымы мен оқушыларға ақ тілегіңізді жеткізсеңіз...

- Барша әріптестерім мен шәкірттерімді құттықтай отыра, тек зор денсаулық, өмірде табыс, отбасында бақыт, баянды ғұмыр тілеймін. Еліміздің ертеңіне ие болар дарынды шәкірттеріміз көп болсын!       

- Сұхбаттасқаныңызға рақмет!

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.