ШұғылҚазақстанда коронавируспен ауырғандар саны 404 мыңнан асты

Жастардың 25% әскерге жарамсыз, көбінің мойнында несие бар – полковник Гаухар Сырлыбаевамен сұхбат

Әскерге шақырылатын жастардың көбінің көзінде ақауы бар, асқазаны ауырады екен

Гаухар Сырлыбаева – Тәуелсіз Қазақстанның тарихында қорғаныс істері саласындағы лауазымды орынға тағайындалған алғашқы офицер-әйел. Ол Алматы қаласы Алатау аудандық Қорғаныс істері жөніндегі басқарманың басшысы қызметін абыроймен атқарып келеді. Әскери салаға 28 жылын арнаған подполковникпен Отан қорғаушылар мерекесі қарсаңында Azattyq Rýhy тілшісі кездесіп сұхбаттасты.

- Гаухар Әмірбекқызы, меркеңізбен құттықтаймын! Осыдан бес жыл бұрын сізді қазір атқарып отырған лауазымға тағайындады. Қатал тәртіптегі әскери қызметке әйел адамның тағайындалуы бұрын болмаған екен. Елдегі көптеген әскери шенді офицерлердің ішінен Сізді қандай қасиетіңізге қарап таңдады?

- Рақмет. Иә, жауапты әскери лауазымға ие болған елдегі бірінші әйелмін. Елде әйел адамның бірінші басшылыққа келуі бұрын расымен болмаған. Мен әскери саладағы жауапты жұмыстардан, міндеттерден өткем. Қорғаныс министрлігіндегі басшылар мені қызметке қояр кезде тәжірибеме, кәсіби маман екеніме, физикалық дайындығыма, талапшылдық пен істі тиянақты орындайтыныма, бір сөзбен айтқанда жұмыстағы іскерлігіме жоғары баға берген. Бірінші басшы ұжымды басқарып қана қоймай, жергілікті округті қажет кезде әсери жағдайға жылдам жинап, ұжымдастыра білу керек. 1993 жылы Отар әскери гарнизонында алғашқы жұмысымды бастағам. Содан бері осы саладамын. Полковник дәрежесіне жеттім. Ұжымда 37 адам бар.

- Ұжымның жұмысы көктем мен күзде жігіттерді түгендеп әскерге шақыру, шығарып салу кезінде қызып, басқа уақытта аса қарбалас емес сияқты көрінеді…

- Жоқ, әскери салада жұмыс үнемі көп. Көктемгі немесе күзгі әскерге шақыру кезінде 2 мыңға жуық жігіттің денсаулығын тексеріп, ішінен мықты деген 150-170 адамды таңдап, Отан қорғауға жібереміз. Жергілікті халықпен де тығыз жұмыс істейміз. 16-ға толған ұлдарды тіркеу, олардың денсаулығын бақылау, 18 жасқа толғандарын тұрақты тексерістен өткізіп, шекараға, мемлекеттік маңызды мекемелерді күзетуге, гарнизондарға жіберу оңай емес. Жігіттер ғана емес, олардың ата-аналарымен де жеке-жеке кездесу өткіземіз. Ата-аналардың көбі психолгогиялық кеңестен кейін ғана балаларын әскерге жіберуге келісіп жатады. Одан бөлек, әскери полигонға дайындыққа барамыз. Түнгі, таңғы уақыттарда дабылмен жиналамыз. Қорғаныс саласындағы адамдар шұғыл жағдайға үнемі дайын болу керек.

- Шақырылған 2 мың жігіттің ішінде әскерге барғысы келмейтіндері де жиі кездесетін шығар?  

- Жігіттер емес, олардың ата-аналары әскерге балаларын жіберуге қарсылық танытады. Қорқады. Әсіресе аналар ұлын әскерге жібергісі келмейді. Мұндай кезде жағдайды жан-жақты түсіндіреміз. Жауапкершілік бізде де бар.

Отан алдындағы борышын өтеуге баратын сарбаздарға қазір жақсы жағдай жасалған. Бұрынғыдай әлімжеттік жоқ, тамақ, киім түгел. Психологиялық кеңестен соң баласының әскерге баруына келіседі. Кейін баласының пісіп, ысылып келгенін көргенде рақметін айтып жатады.

Ал, әскерге әкететін жігіттердің өздеріне келер болсақ, көбінің басында несие бар. Содан қорқады. Несиелеріне пайыздық үстеме көп қосылып кете ме деп алаңдайды. Бұндай жағдайда біз банкке хат жазып, үзіліс беруді сұраймыз. Ал, отбасындағы жағдайы нашар болса, түрлі әлеуметтік топқа жататын болса, баласы үйдің асыраушысы болса оларды бірден әскерге алып кетпейміз, жағдайына қараймыз.

- Маусымдық әскерге шақыру кезінде екі мыңға жуық жігіт басқармаға келеді дедіңіз. Жас жігіттердің денсаулығында көп кездесетін қандай кінәраттарды атар едіңіз?

- Биыл 2004 жылы туған балаларды әскери тіркеуге алдық. Статистикаға қарасақ, көбінің көру қабілеті күрт нашарлап кеткен. Компьютер мен телефонға көп қарайды.

Жас жігіттердің денсаулығында түрлі аурулар да көп кездеседі. Балалардың денсаулығы нашарлап барады. Ондай жағдайда біз емделіп келуге уақыт береміз. Көз ауруынан бөлек, белі нашар, омыртқасы ауыратын жігіттер көп. Сосын, асқазан-ішек ауруын да атар едім. Ол дұрыс тамақтанбаудан деп санаймын.

Мен осында шақырған жігіттерді көрген сәттен бастап олардың әскерге дайын немесе дайын емес екенін бірден байқаймын. Әскерге барамыз деп ұмтылып тұрған жігіттер денсаулығы нашар болғандықтан қалып қойып жатады. Ондай жағдайда әскерге жарамсыз деген әскери билетті береміз. Жігіттердің шамамен 20-25 % әскерге жарамсыз.

- Олардың отбасылық әлеуметтік жағдайына да қараймыз дедіңіз. Әскерге көбіне қай топқа жататын балалар барады? Жоғары білімді, яғни университетте оқыған ересек жігіттер көп кете ме?

- Мектептен кейін бірден ЖОО-ға түсіп кеткендер 22 жастан кейін әскерге барады. Университетте әскери кафедраны бітіргендер запастағы лейтенант болып шығады. IT, байланыс, инженер сынды мамандықтарға әскери салада да сұраныс бар. Ондай балаларды арнайы әскери бөлімдерге жібереміз.

Әскери билеті болмаса келешекте жақсы жұмысқа орналаса алмайтынын білгендіктен, жоғары білімі бар жігіттер де әскерге барып жатады. Көбіне 11-сыныптан кейін оқуға түсе алмағандар, орта білімді жастар, колледж бітірген балалар әскерге көп кетеді.

Әскерге баруға дайынмын деп көздері жанып тұрған балаларды көргенде қуанам. Ал жуастау, өздеріне сенімсіздеу жігіттермен сөйлесе келе олардың отбасында мәселе барын ұғамыз.

- Әкім, министр, депутаттардың немесе байлардың ұлдары әскерге барыпты дегенді естімейміз ғой?

- Заң бәріне ортақ. Жоғары шенді адамдардың балалары да барады. Әскери кафедраны бітіргендер арнайы қаулымен екі жылға әскери қызметке кетеді. Прокурорлардың да балалары барған. Біз негізінен үш статистикаға бөліп қараймыз: ұлтына, біліміне және қандай отбасынан шыққанына. Отан алдындағы борышын өтеуге баратындардың 80% – қазақтар. Қалаған 20% – ұйғыр, орыс, неміс, дүнген сынды өзге ұлт өкілдері. Әкімнің ұлы, министрдің баласы деген статистиканы жүргізбейміз. Мен бұл жерде соншалықты проблема бар деп ойламаймын. Әскерге әкетуге болатын талаптардың барлығына сай келетін болса кімнің баласы болса да әскерге баруға міндетті. Кейбір жастар іс-сапарға шығып кетеді, вахталық жұмысқа кетіп қалады. Осы сияқты түрлі себептермен әскери шақыруға кешігетін жағдайлар болады. Сосын, баспанасы болмаған соң немесе үйінің құжаттары жоқ болғандықтан әскери басқарманың тіркеуіне уақытылы тұра алмайтын жайттар көп болмаса да кездесіп қалады.

- Мемлекет әскери адамдардың пәтерақысын тұрақты төлеп келеді. Әскери салада жүрген адамдардың арасында баспанасы жоқтар көп. Өзіңіз жоғары әскери шендісіз. Отан қорғауға өмірін арнаған адамдар айлығымен баспана сатып ала ма? Айлық жеткілікті деп санайсыз ба?

- Қазіргі айлықпен Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласынан пәтер сатып алу қиын деп санаймын. Басқа өңірлерде баспана бағасы төмендеу. 3-4 баласы бар әскери адамға үй сатып алу оңай емес. Баспаналы болу – ең басты мәселе. Бұл проблеманы шешу үшін министрлік әскерилерге ай сайын пәтерақысын төлеп келеді. Бас Қолбасшы, Қорғаныс министрі әскерилерге жан-жақты жағдай жасап жатыр. Мен осы әскери салада жүргеніме 28 жылда бірде-бір рет өкінбеппін. Отбасымнан қарағанда жұмысыма көп көңіл бөлем. Адам іштей әскери адам болуға дайын болса оған барлық жағдай жасалған.

- Діни сенім, діни жоралғыларды жасайтын, намаз оқитын адамдардың әскери қызметке келуіне көзқарасыңыз қалай?

- Діни сенім, діни салт-жоралғыларды сыйлау әр адамның ішкі дүниесі. Десе де, әсери адам үнемі ұрысқа дайындық, атыс қаруымен жұмыс істеу, әскери техниканы меңгеру сынды қатал тәртіппен жүреді. Намаз оқып, діни рәсімдерді ұстанатын адам әскери қызметке келмеу керек. Бұл тіпті қарастырылмау қажет деп санаймын. Әскерде талап пен тәртіп алдыңғы қатарда.

- Айналамызда алып мемлекеттер тұр. Қазақ қоғамында кездестін синофобия мен русофобияға қалай қарайсыз, көрші елдерден қауіп бар ма?      

- Мықты әскери күшіміз бар. Қаруымыз да, әскеріміз де мықты. Мобильді армия қалыптасқан. Ал, көршілерімізден қазір ешқандай ашық қауіп жоқ. Халық арасындағы алып-қашпа әңгімелерді қорғаныс саласынан мүлдем хабары жоқ, дәлелі жоқ адамдар айтады. Мұны мен абсурд деп санаймын. Қазіргі армия Кеңес кезіндегі солдаттар емес. Санға емес, сапаға байланысты. Бұрын 100 сарбаз атқарған тапсырманы қазір 5 жігіт орындай алады. Жаңа технолгия, цифрландыру жақсы жүргізіліп жатыр. Біз ешкімнің армиясынан кем емеспіз.

- Жақсы, сенімге селкеу түспесін. Ашық әңгімеңізге рақмет! Мерекеіңіз құтты болсын!

- Сөз соңында Отан қорғаушылар күнімен әріптестерімді құттықтағым келеді. Ер адамдар ренжімесін, әскери саладағы әйелдер алға қойған тапсырманы нақты, соңына дейін орындайды. Әлия мен Мәншүктер арамызда бар. Қорғаныс саласында келіп жатқан қыздар көп. Әскери саладағы әрбір адамның ішкі жан дүниесінде қызметтік өсу мақсаты жатады. Бәріне әскери лауазымды қызмет, табыс, мықты денсаулық, отбасына амандық тілеймін!

Сұхбатты жазып алған Әмірболат Құсайынұлы