ШұғылҮкімет тамызда карантиндік шектеу шараларын күшейтеді

Шет елде отырып, қазақстандықтарды құрығына түсіретін алаяқтар көбейді – жедел уәкіл

СҚО-да жыл басынан бері 246 адам интернет алаяқтардың құрбанына айналған

Фото: ашық дереккөзден

Коронавирус пандемиясына байланысты білім беру, халыққа қызмет көрсету, банк және тағы басқа салалар жұмысына айтарлықтай өзгеріс енгізілді. Қазір көптеген құжаттарды монитордың алдында отырып-ақ немесе ұялы телефон арқылы оңай рәсімдеуге болады. Қаржы мен уақытқа үнем. Бұндай жаңашылдықтар өзгелерді арбап, оңай ақша табатын алаяқтардың да оң жамбасына дөп келді. Күн сайын БАҚ-та Қазақстанның әр түкпірінде тұрғындардың алаяқтардың құрығына түсіп, шығынға батып жатқандығы жайында ақпарат жарыса жарияланады. Айлакерлер азаматтардың жеке мәліметтерін қайдан алады, оларды ұстау не себепті қиын? Azattyq Rýhy тілшісі СҚО Криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі Құмарбек Жоламанмен сұхбаттасқан еді.

- Алаяқтар көбіне қандай схема бойынша әрекет етеді? Қазір интернет алаяқтықтың қай түрі басым?

- Интернет алаяқтықты да бірнеше түрге бөліп қарастыруға болады. Өздерін банктердің қауіпсіздік қызметінің маманы деп таныстыратындар бар. Олар Каспий, Халық, Форте сынды екінші деңгейлі банктердің тұтынушыларын тонайды. Телефон арқылы хабарласып, Сіздің атыңызға несие рәсімделгенін, оны тез арада KIWI-әмиянға немесе басқа шотқа ауыстыру қажеттігін айтады. Оған көпшілік сеніп, телефон желісінің ар жағындағы бейтаныс адамның айтқанын орындайды. Алданғанын кейін ғана біліп, сан соғып қалады. Интернет арқылы белгілі бір тауарға тапсырыс беріп, өкініп қалатындар да бар. Олар «Колеса», «Инстаграм» сынды мобильді қосымша тұтынушылары. Интернет желісі арқылы микрокредиттік қаржы ұйымдарында несие рәсімдеу әдісін де алаяқтар ұтымды пайдаланады. Осы үш түрлі схема тәжірибеде ең жиі кездеседі. Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері 246 адам интернет алаяқтардың құрбанына айналған. 58 қылмыс ашылды. Әрбір төртінші факті қылмыстық іспен аяқталды. Қалғандары бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

- Қарапайым азаматтар оларды бірден тану үшін қандай кеңес берер едіңіз?

 - Алаяқтарды тану қиын емес. Тек қарапайым қауіпсіздік ережелерін білу шарт. Дегенмен, оның барлығын біле тұра алданып қалатындар да баршылық. Банк қызметкерлері ешқашан карта номері, құпия сөздер туралы ақпаратты сұрамайды. Қоңырау шалмайды. Егер бөгде адамдар хабарласып, Сіздің шотыңыз арқылы аударымдар жүріп жатқанын айтса, қандай да бір мобильді қосымша жүктеуді ұсынса, атыңызға кредит рәсімделгенін айтса, шұғыл түрде банкке бару немесе жедел түрде анықтамалық телефон желісіне қоңырау шалу қажет. Ешқашан бейтаныс қоңырау шалушының айтқанын орындауға болмайды.

 - Қылмыскерлер халықтың жеке мәліметтерін аты-жөні, телефон номері сынды ақпаратты қайдан алады?

 - Оны да алаяқтық жолмен қолға түсіреді. Және алынған мәліметті келесі бір адамдарды арбау үшін пайдаланады. Банк карточкасын, CVV кодтарды, жеке куәлік мәліметтерін жариялауға болмайды. Мұндай бейқамдық кез келген адамды алаяқтардың құрбанына айналуына итермелеуі әбден мүмкін.  Кейде ойланбастан жеке куәлігіміздің суретін, банктік есепшот номерін ойланбай біреулерге жөнелтіп жатамыз. Ешқашан олай істеуге болмайды.

 - Инернет алаяқтарды ұстау не себепті қиын?

 - Иа, бұл оңай шаруа емес. Статистика мәліметтеріне жүгінер болсақ, елімізде тіркелген интернет алаяқтықтың әрбір үшінші фактісін шет елдерде тұрып жатқан азаматтар жасайды. Өзге облыста отырып та басқа өңірдің тұрғындарын тақырға отырғызғандар бар. Сондықтан олардың мекен-жайын анықтау қиын.   

 - СҚО-да ашылған интернет алаяқтықтың фактілерінен мысал келтірсеңіз?

 - Әлеуметтік желілерде жарияланған құжаттарды пайдаланып, түрлі өңірлерде тұрып жатқан азаматтардың атынан түрлі микрокредиттік ұйымдар арқылы 100 мың теңгеге дейін несие рәсімдеген Түркістан облысының тұрғыны ұсталды. Жапа шегушілер өздерінің атына банктік қарыз алынғанын біраз уақыт өткеннен кейін ғана білген. Микрокредиттік ұйымдардан берешек жайында хабарлама келе бастағанда ғана хабардар болған. Ұзақ уақыт бойы төлем жасалмаған. Бұл іске қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды. Күдікті барлығы 20 адамның атынан банктік қарыз рәмімдеген.

 - Интернет алаяқтар қалай жазаланады?

 - ҚР Қылмыстық кодексі бойынша 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Егер бұл салада ауыр қылмыс жасалса, бұл мерзім 3 жылдан 7 жылға дейін ұзартылуы мүмкін.

 - СҚО криминалдық полиция басқармасы тарапынан алаяқтық фактілерінің алдын алу үшін  қандай шаралар жүзеге асырылуда?

 - Интернет желісінде тәртіп ережелерін түсіндіре отырып, профилактикалық жұмыстарға көп көңіл бөлеміз. Биыл полиция департаментінің баспасөз қызметі арқылы БАҚ, барлық әлеуметтік желілер арқылы 126 профилактикалық материал жарияланды. «Колеса», «Крыша», «ОЛХ» сайттарында 350 жарнама тексерілді. Олардың 22-сі сайт әкімшілігі арқылы бұғатталды. Осы тақырыпта брифингтер өткізіп тұрамыз. Облыстағы танымал инстаграм парақшаларда жадынамалар жарияланды. 40 мың ақпараттық парақшалар таратылды. Оқу орындарында студенттерге арналған дәрістер жүргіземіз. Оқушылар сарайы, сапаржай, әуежайларда, банктердегі LED-экранда жарнама берілді. Екінші деңгейлі банктердің өкілдерімен кездесу өткізіліп тұрады. 5 банкке клиенттермен жұмысты күшейту жөнінде хат жолданды. Бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілердің мүмкіндігін барынша пайдаланып жатырмыз.

 - Алаяқтардың құрығына түспеу үшін не істеу керек?

 - Жеке мәліметтерді құпия ұстау керек. Интернет арқылы сауда жасайтын болсаңыз, алдын-ала төлем жасамаған дұрыс. Егер онсыз сауда жасалмайтын болса, өзіңіз сатып алып жатқан тауарды видеоға түсіріп жіберуін сұраңыз. Егер бөгде адамдар хабарласып, өздерін банк қызметкері деп таныстырса сенбеу керек. Банк бөлімшелеріне, полицияға хабарласу керек. 102 мобильдік қосымшасына өзіңіздің алданғаныңызды растайтын скриншот, ақша аударылғандығы жөніндегі түбіртектерді жолдауға болады.  Бастысы сақ болу керек.

 - Сұхбаттасқаныңызға рақмет!

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО