Анасын құтқарған Роман, волонтер Нина, өрт сөндіруші Талғат: Риддердегі алапат өрттің куәгерлерімен сұхбат

Орман шаруашылығында шыққан өрт 310 гектар аумақты шарпыған

Анасын құтқарған Роман, волонтер Нина, өрт сөндіруші Талғат: Риддердегі алапат өрттің куәгерлерімен сұхбат

10 мамырда Шығыс Қазақстан облысындағы Риддер орман шаруашылығында өрт шығып, қызыл жалын 310 гектар аумақты шарпыды. Шамамен 4 күнге созылған өрт салдарынан 1 адам қаза тапты. 30-дан аса үй өртеніп, 80-ге жуық адам панасыз қалды. Зардап шеккен отбасының бірі – Исиневтер отбасы.

«Отбасымда төрт адам – әйелім, екі балам және мен. Өрт шарпыған аймақта тұрып жатқанымызға 8 жылдай уақыт болды. Үйіміз Риддер қаласының құрамына кіретін аймақта орналасқан. Күтпеген жерден өрт шықты. Қазір «Қазақмырыш» компаниясы орналастырған қонақ үйде тұрып жатырмыз. Шүкір, бәрі артта қалды. Өмір бойы жиған-терген мүлкіміз бен баспанадан айырылып қалғанымыз болмаса, аса уайымдайтын ешнәрсе жоқ. Nur Otan партиясы, әкімдік, волонтерлар тарапынан гуманитарлық көмек көрсетілді. Қарапайым адамдар хабарласып, моральдық қолдау көрсетіп жатыр. Басымызға қиындық түскенде «қандай азық-түлік, дәрі-дәрмек керек?» деп сұрайтын жандардың көп болғанына ризашылығымды білдіргім келеді», - дейді отағасы Қайрат Әділбекұлы.

Қайраттың айтуынша, жергілікті әкімдік өрттен зардап шеккендерге 15 тамызда дайын үй беріледі деп уәде еткен.

«Өрт басталған кезде мен үйде болған жоқпын, қаланың сыртында едім. Әйелім түнгі ауысымға жұмысқа шығуы керек болатын. Ол апаттан қашып, құжаттарды жинап, үйден аман шығып кетіпті. Маған «өрт басталды, үйің жанып жатыр, сенің әйеліңді таппай жатырмыз» деген хабар келгенде, қандай сезімде болғанымды ешкімнің басына салмасын. Риддерде байланыс ұстамайтын аймақтар бар. Әйелім қауіпсіз, бірақ ұялы байланыс жоқ жерге кетіп қалған. Мен үйге қарай зымырап, әйелімді іздедім. Дені сау, тірі екеніне көз жеткізгім келді... Бірақ мен психологтың алдында отырған емделуші сияқты бұл жанның жарасын айта бергім келмейді. Үйі жанып кеткен әр адам осындай ауыр сәтті басынан өткерді. Оңай емес. Қазір айтатыным, оның бәрін енді тек ұмыту керек, бәріміздің басымыз аман ғой», - дейді Қайрат Исинев.

Қайрат мырзаның екі ұлы бар, үлкен 26 жаста, кішісі 24-те. Ол отбасындағы әр адамның тілсіз жаудан аман қалғанына шүкіршілік айтып, қазір шағымданатындай жағдайда емес екендерін айтты.

Ал Роман есімді тұрғын жасы алпысты алқымдаған анасы – Светлана Жилина өрт қаупінен аман қалғанына қуанады.

«Анам Светлана Николаевнаның үйі, дүние-мүлкі тұтастай жанып кетті. Анам жергілікті билік, Nur Otan тарапынан жасалып жатқан көмектер туралы жақсы пікір айтып, риза болып отыр. Өзімнің пәтеріме орналастырдым, енді бәрі жақсы болады деп сенемін», - дейді Роман.

фотосурет: ортадағы Талғат Зарипов

Тілсіз жаумен күні-түні күрескен өрт сөндірушілер қатарында Талғат Зарипов есімді азамат та болды.

«Өрт шыққан күні бардық, ертесіне кешке сөндіріп біттік. Яғни, бір тәулік бойы күрестік. Негізі өрт орманнан басталған, одан кейін тұрғын үйлерге жеткен. Өкінішке қарай, бір адам қайтыс болды, екі адам зардап шегіп, ауыр жағдайда емханаға жеткізілді. Негізгі өрт ошағы Риддердің жанындағы Лесхоз деген ауылда тіркелді. Жалпы, біз өртті сөндірген жерде 30 шақты үй және Хромтау құрылысы толық жанып кетті», - дейді ол.

Ал Нина Каданцева – волонтер. Еріктілер қатарында жүрген Нина үйі жанып кеткен 80-ге жуық адамның тізімін жасауға атсалысқан.

«Өзім Риддерде тұрамын. Арнайы құрылған ұжымның мүшесі емеспін, біз қамқор адамдардан құралған бастамашыл топпыз. Әкімдік тізімді құпия ұстады. Біз еріктілер және эвакуациялау пункттері арқылы зардап шеккен жандардың тізімін өз беімізше нақтыладық. Бүгін әкімдіктің тізімін алып, салыстырдық. Екеуі сәйкес келді, сондықтан мына құжатта зардап шеккендердің толық тізімі бар. Олардың карта деректері жазылды - біз бұл адамдармен жеке байланысып, нақтыладық», - дейді Нина Каданцева.

Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.