«Қазақстанда жиі боламын»: Спутник V вакцинасын әзірлеуге қатысқан қазақпен сұхбат
Ілиястың әкесі Шымкенттен көшіп барған
Коронавирусқа қарсы әлемде тіркелген алғашқы «Спутник V» вакцинасын әзірлеу бойынша вирусологтар тобы жұмыс істеді. Әзірлеушілер қатарында қазақ Ілияс Есмағамбетов те бар. Ресейлік ғалым Sputnik агенттігіге сұхбат берді.
- Ілияс Болатұлы, сіздің ұлтыңыз қазақ, бірақ, Ресейде туғаныңыз белгілі. Сіздің ата-анаңыз ресейлік қазақтар ма, әлде Қазақстаннан көшіп барды ма?
- Мен жартылай қазақпын, әкем жағынан. Менің әкем мұнда Шымкенттен көшіп келген. Ол Бауман университетінде оқып, осы оқу орнында аспирантураны аяқтады. Әкемнің мамандығы аэроғарыш технологияларымен байланысты. Ол КСРО тарағанға дейін Ресейде жұмыс істеді. 90-шы жылдардың басында Қазақстанға қайта оралды.
Мен Мәскеу облысында туғанмын. Бірақ, Қазақстанда жиі боламын, әрине. Қазір де барып тұрамын. Әкем жағынан жақын туыстарым Қазақстанның төрт қаласы – Шымкент, Алматы, Байқоңыр және елордада тұрады. Соңғы рет Қазақстанға екі жыл бұрын бардым.
- Бүгінде вирусолог мамандығына сұраныс жоғары. Ал, сіз неге бұл мамандықты таңдадыңыз?
- Мен – биотехнолог және молекулярлық биологпын, биология ғылымдарының кандидатымын. Мұның барлығы оқу кезінде өздігінен қалыптасты. Мен Мәскеу мемлекеттік қолданбалы биотехнология университетінде білім алдым. Бізде «Молекулярлық биотехнология» пәні басталған кезде, маған ол қатты ұнады.
Одан кейін тәжірибе басталды. Сол арқылы мен Гамалея атындағы ұлттық зерттеу орталығына келдім. Біздің университеттегі биология, вирусология және гендік инженерия кафедрасында Гамалея орталығы директорының орынбасары Борис Савельевич Народицкий сабақ берді. Ол мені орталықта тәжірибеден өту үшін бағыттады. Ал мен мұнда ұзаққа тұрақтап қалдым. Гамалея орталығында еңбек етіп жатқаныма 10 жылға жуықтады.
- Кандидаттық диссертацияны қандай тақырыпта жаздыңыз?
- Бұл – аденовирустық векторлардың тұмауға қарсы қорғаныш қасиеттеріне арналған зерттеу.
- Гамалея орталығы да дәл осы аденовирустық векторларды қолдану арқылы әзірленетін вакциналар бойынша жұмыс істейді емес пе? Алайда, медицина мен вирусологияға қатысы жоқ адам үшін мұның не екенін түсіну қиын. Қарапайым сөздермен түсіндіріп бересіз бе?
- Вектор дегеніміз – ағзаға инфекция қоздырғышын емес, ол туралы ақпаратты жеткізуге қажетті наноконтейнер іспеттес. Бұл генетикалық ақпарат патоген, яғни, бұл жағдайда коронавирус ағуызын кодтайды. Яғни, вектор инфекциялық процесс тудырмайды. Оған қарсы иммунитет түзілуі тиіс патоген тралы ақпаратты енгізеді.
- Сіз Спутник V вакцинасын әзірлеушілер қатарына қалай қосылдыңыз?
- Біздің орталықта аденовирустық векторларды өндіру және сынау технологиялары қарастырылған үш зертхана бар. Мен осындай зертханалардың бірінің мүшесімін. Үлкен ұжымның маңдай тер еңбегінің нәтижесі ретінде вакцинаны мақтан тұтамын. Ал, ондағы менің үлесім соншалық үлкен деп санамаймын.
- Сонда да, коронавирусқа қарсы вакцина – сіздің еңбегіңіз. Бастапқы кезде Спутник V туралы жалған ақпараттың таралуы сізді алаңдатпады ма?
- Жоқ, мен әрбір адам өзі қалағанды естиді деп ойлаймын. Екіншіден, менің мұндай ақпараттарды оқитын уақытым жоқ. Әрине, кейбір видеоларды көрдім. Интернетте адамды жаңылыстыратын ақпарат өте көп. Себебі, адамдар вирусология жайлы аз біледі. Сондықтан, мұндай жаңалықтар үшін ренжіген жоқпын және көңіл-күйім түспеді. Өйткені, мен өзім түсінбейтін ғылым саласы туралы видео көрсем, мен де ештеңе түсінбес едім.
- Сіздің ойыңызша қоғамдағы бұл олқылықты қалай түзетуге болады?
- Вирусология жайлы білгісі келетін азаматтар үшін қысқа әрі түсінікті тілде иммунология және молекулярлық биология туралы курстар жүргізу керек.
- Әзірше мұндай курс жоқ. Сол себепті, екпе салдыру керек пе, жоқ па деп екіұдай ойда жүргендер үшін не айтасыз?
- Мен екпе салдыру әркімнің жеке ісі деп ойлаймын. Ал, егер, сіз вакциналаудан кейін жағдай ушығып кетеде деп қорықсаңыз, керісінше, вакцина вирустан қорғануға 90%-тен жоғары кепілдік береді. Бұл ресми мәлімет. Вакциналауға қарағанда, ауру жұқтыру әлдеқайда қауіпті. Әсіресе, егер сіз мінсіз денсаулығыңызбен мақтана алмасаңыз.
- Өзіңіз екпе салдырдыңыз ба?
- Иә, әрине. Зерттеу жүріп жатқанда алғашқы болып екпе салдырғанның бірімін. Вакцина Ресейде қолжетімді болған уақытта менің мұндағы туыстарым да екпе салдырды. Ал, Қазақстандағы туыстарыма әлі вакциналау жасалмады.
- Қандай да бір жағымсыз әсері болды ма?
- Бірінші компоненттен кейін аздап дене қызуым көтерілді. Мен осы мәселеге тоқталғым келеді: векторлық вакциналар не себепті ең тиімді вакцина ретінде қарастырылатынын түсіну керек. Олар инфекциялық процесті имитациялайды. Сондықтан, жоғары температура түрінде ағзаның қысқа уақытқа созылатын иммундық әсері болуы мүмкін. Бірақ, бұл адам ауру жұқтырды деген сөз емес. Бұл жай ғана иммундық жүйенің жауабы.