ШұғылАналық капитал: депутаттар дүниеге келген әр сәбиге 4,2 млн теңге төлеуді ұсынды

Пандемия кезінде халық наным-сенімге қатысты бұйымдарды көп алып жатыр – кәсіпкер һәм этнограф

Ұлттық кәдесый бұйымдарын шығарумен айналысатын ірі дүкеннің қожайынына пандемия табыс әкелген

Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында мыңнан аса ұлттық кәдесый өндіріп, сатумен айналысатын дүкен директоры, этнограф Бахаргүл Төлегенқызының кәсібіне пандемия табыс әкелген. Кәсіпкердің айтуынша, қазақстандықтар барша адамзат үшін үлкен сынақ болған коронавирус пандемиясында түрлі наным-сенімге қатысты бұйымдарды көптеп алып жатыр.

Azattyq Rýhy тілшісі кәдесыйлар дүкеніне барып, этнографпен сұхбаттасып қайтты.

- Студент кезімде Пекинде оқыдым. Сонда Пекин сарайларындағы императорлардың түрлі бұйымына қызығатын едім. Кейін отаныма келіп, өзіміздің ұлттық бұйымдарды шығаратын дүкен желісін құрдым. Қазір қоластымда 20-ға жуық қызметкер бар. Ұлттық кәдесыйлардың 1000-нан аса түрін шығарамыз. Тиражымыз санаулы, әрбір бұйым - эксклюзив. Өзім 1997 жылдан бастап қазақтың қолданбалы өнеріндегі мыңнан аса жәдігерлік бұйымдарды жинадым. Кейіннен мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, жәдігерлер коллекциясы кітап болып басылып шықты.

Пандемия көп кәсіпкердің кәсібіне кері әсерін тигізіп жатыр. Бастапқы екі айда менің де дүкендерім жабық тұрды. Бірақ әлеуметтік желілердегі парақшаны жанданжырып едік, тапсырыс берушілер саны көбейді. Әсіресе, халық наным-сенімге қатысты бұйымдарды көптеп алып жатыр. Олардың арасында  «баспаналы бол», «жолың ашық болсын», «асығың алшысынан түссін», «нәрестелі бол» деген сынды брелоктар мен кәдесыйларға тапсырыс көп. Енді тұрмысқа шықпаған, әлі өз теңін жолықтырмаған қыз-жігіттерге арнап жұп асықтар, нәрестелі болғысы келетіндер үшін көптеп көк, қызыл асықтар мен тасбихтар шығарып жатырмыз. Бақа, пілді шетелден көтеріп келеміз ғой, сол сияқты Қазақстаннан барғандар біздің асықтарымызды алып жүрсе қандай әдемі?! Пандемияда осының түр-түрін жаңғыртып, түрлендіріп жатырмыз. Оның үстіне сыйлық қашанда екі адамды жақындастырады және ол сонау заманнан келе жатқан дипломатиялық қарым-қатынастың бір үлгісі.

«ШЕНЕУНІКТЕР БІР-БІРІНЕ АЛТЫН ЖАЛАТЫЛҒАН АСАТАЯҚТЫ СЫЙЛАЙДЫ»

- Кез келген кәдесый ол бір халықтың тарихы мен мәдениетінен, салт-дәстүрінен хабар беріп тұрады. Қазірдің өзінде әдемі тарихи картинкалар, алтын жалатылған асықтар, асатаяқтарды түрлі қызметтегі азаматтар бір-біріне сыйға тартып, тіпті, атын жаздырып беріп жатады. Кәдесыйлардың бағалары 5 мыңнан басталып, 5 миллион теңгеге дейін барады. Кейбір ерекше тапсырыспен жасалатын бұйымдардың құны бірнеше миллионды құрайды. Елбасының мойнына тағатын шенді алтынпен аптап, күміспен қаптап жасадық. Бір кездері облыс әкімдерінің бірі Бәйдібек бабамыздың мүсінін бір метр етіп жасатты. Оның бағасы 5 миллион теңгені құрады. Хандардыкіндей алтыннан жасалған 450-500 мың теңгені құрайтын асатаяқтарды беделді қызметтегі азаматтар бір-біріне сыйлық ретінде жиі алып жатады. Пандемия басталғалы наным-сенім, ырым-тыйымға қатысты заттарға сұраныс артты деп айттым ғой. Әсіресе, түрлі тасбихтар, мешіт сувенирлері, баспаналы болуға, нәрестелі болуға, екінші теңін табуға арналған асықтарды халық жақсы алып жатыр. Әрине, мұның бәрі көңілге медет болатын ырымдар. Қазір көбі Қытайдың фен-шуй бұйымдарын насихаттап жатыр ғой. Тиын тістеп тұрған бақаға қарағанда, асығың алшысынан түссін деген ниетпен асықтан жасалған бұйымды неге қойып қоймасқа?! Бұл да бір адамның жақсылықты, жағымды энергияны өзіне тартып, соған сенім артуы деп білемін.

ӘШЕКЕЙ БҰЙЫМДАРДЫҢ ТЫЛСЫМ ҚҰПИЯСЫ ЖАЙЛЫ

- Қазақтың әрбір әшекейінің, ұстанған бұйымының өзіндік философиясы болған. Көбінде қазақы әшекейлер той-томалақ пен құда-құдағидың ортасындағы киітке берілетін бұйым болып қабылданып жатады. Ал оның ар жағында әрбір адамның әлеуметтік мәртебесі, эстетикалық талғамы жатыр. Мәселен, екі саусаққа бірдей киілетін құдағи жүзікті қызына қамқорлық танытқан енесіне ризашылығын білдіріп, қыздың шешесі сыйға тартатын болған. Сол жүзікке қарап ол әйелдің ел ішінде сыйлы, қадірлі екенін аңғарған. Қазір «диадема», «корона» деп жүр ғой, соның бәрін біздің қыздар самайлық, шекелік деп атап, сәукеле астынан төгілтіп, сыңғырлатып, шашбауын қосып тағып жүрген. Оларды әкелері өз жағдайларына байланысты қымбат тастармен көмкертіп, алтын-күмістен жалатып жасататын болған. Хандар мен билер маңдайшаны бөріктің сыртынан тағатын болған. Болыстар үлкен шендерді өз мөрлерімен, руларының белгісімен тағып жүрген, сондай-ақ, саусақтарына құс тұмсық жүзік таққан. Бір шетінен көздің жауын алатын бұйымдар түрлі жаман энергиялардан қорғайды деп сенген. Себебі, адамның назары алдымен сол жылтыраққа түседі. «Әшекейсіз әйел – жапырақсыз ағашпен тең» деген сөз содан айтылса керек. Сол себепті, қазақ әйелдері қаралы күндері ғана әшекей бұйым тақпайды. Әже-апаларымыз адамға бәле-жала шаш арқылы кіріп, қолдың алақаны арқылы шығады деп сенгендіктен, күш-қуатымыздан айырылып қалмайық деп өмірінің соңына дейін білезік таққан. Бұйымдардың көпшілігін күмістен жасатқан. Себебі, күміс тазалықтың белгісі болып танылған және оның өзіндік емдік қасиеті бар. Бабаларымыз күмістен әшекей бұйым тақпаған әйелдердің қолынан дайындалған астың өзін «адал емес» деп есептеген. Сондықтан әйелдер әшекейін тағып шәй құйып, ас әзірлеген. Кейбір байдың қыздары 3-5 келі әшекей бұйымын тағып, ұрпақтан ұрпаққа қалдырып отырған.

Әшекей-бұйымдарға келгенде еліміздің әр өңірінің өзіндік ерекшелігі бар. Солардың ішінде Батыстағы адайлар әшекей бұйымдарға өте бай болған. Әсіресе, сіркелеу, бүршіктеу әдістерімен өңір жиектердің өзін көлемді және тақталарын жетеуге дейін жеткізіп жасап отырған. Өңір жиек көздің жауын алатын көрнекті әшекей ғана емес, өсіп-өркендеудің, көбеюдің белгісі болған. Қыз барған әулеттің бала-шағасын көбейткен сайын, тақта саны да көбейіп отырған. Жүкті келіншектер бәле-жала құрсақтағы сәбиге емес, әшекейге түссін деп өңір әшекейін тақтыратын болған. Ал, өңір жиектің қыздарға арналған түрі – өңір тал деп аталады. Ол екі тақтадан жасалып, арасы алшақ орналасады. Өңір талға шыны мен ақық тастардан қондырып, оған күміс пен алтыннан алқа таққан. Қыздар тұрмысқа шығып, ана атанғаннан кейін қалыңдау, үш таспалы, жеті таспалы өңір жиек таққан. Өңір жиектің әрбір салпыншағының мағынасы ұрпақтың өркен жаюы, көбею мағынасын білдіреді. Әйел бала туу жасынан асып, апа-әже атанған кезде, өңір жиек таспаларын ажыратып, бір ғана таспаны алқа ретінде тағатын болған. Бұл біздің бір ғана бұйымымыздың мән-мағынасы. Сол сияқты жүзік-сақина, сәукеле, сырғаның да өзіндік философиясы бар. Сондықтан жақыныңызға қандай да бір сый сыйлаған кезде оның көркемділігі мен бағасынан бөлек, мән-мағынасына зер салған абзал.

Айжан Бақдаулетқызы, Нұр-Сұлтан