$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
19.01.2021, 14:36
Сұхбат

Дәрі-дәрмектің көмегінсіз денсаулығыңды бақылауда ұстап, аурудың алдын алуға болады – биохакермен сұхбат

Қазақстанда биохакинг ұстанушыларының саны артып келеді

Дәрі-дәрмектің көмегінсіз денсаулығыңды бақылауда ұстап, аурудың алдын алуға болады – биохакермен сұхбат
Санди Айжарықова

Соңғы бірнеше жылдан бері әлемде қатерлі ісік, қант диабеті, семіздік секілді аурулар аса жоғары қарқынмен тарап жатқаны белгілі. Ғалымдар онымен күрестің жан-жақты жолын іздеп жатқанда, Батыста биохакинг деген ұғым пайда болды. Оны ұстанушылар өздерін биохакерміз дейді және аурудың көп түрін дәрі-дәрмексіз табиғи жолмен емдеуге болатынын айтады.

Биохакерлердің пікірінше, адам өз ағзасында болып жатқан процестерді өзі басқара білуі тиіс. Сонда ғана адамға ешқандай ауру жолмайды. Әсіресе, семіздік секілді дертті күрделі диеталарсыз, дәрінің көмегінсіз-ақ жеңуге болады дейді биохакинг ұстанушылары.

Бұл ғылым қазақстандықтар арасында да кеңінен тарай бастаған. Еліміздегі биохакерлердің белді өкілі – Санди Айжарықова. Azattyq Ruhy тілшісі маманмен сұхбаттасып, биохакингтің қыр-сырын толықтай сұрап білді.

- Санди ханым, биохакинг ұғымы қазақстандықтар үшін әлі де таңсық. Бұл не, ғылым ба, медицинадағы сала ма? Көздегені не?

- Биохакинг – денсаулықты қадалауға, күтуге көмек беретін құрал десек болады. Ол бізге ең алдымен ағзаның биохимиялық жағдайын бақылауға мүмкіндік береді. Түсінікті тілде айтсам, анализ тапсырып, ауру себебін анықтау, соған сәйкес салауатты өмір салтын ұстану. Ол көбіне табиғи, денсаулыққа қауіпсіз жолдармен емделуді, ауруды асқындырмай алдын-ала шара қолдануды көздейді.

Биохакинг денсаулықты түсіну жолдарын жеңілдетеді. Мысалы, семіздіктен арылу үшін біз арнайы дәрі-дәрмектерге жүгінбей, артық салмақтың пайда болу себебін іздеп, егер ол тамақ құрамындағы көмірсуларды шектен тыс тұтыну салдарынан болатын болса, көмірсуға шектеу қойып, қажетті нәтижеге жетеміз. Яғни, алдымен себебін анықтап аламыз, кейін соған байланысты шара қолданамыз. Барлығы да табиғи жолмен жүзеге асады.

Биохакингтің ден қойятын басты бағыттары: спорт, дұрыс тамақтану, су ішудің дұрыс жолдары, уақытылы ұйқы және міндетті түрде ағза көрсеткіштерін өлшеп, бақылап отыру. Осы қағидаларды ұстай отырып, ағзадағы процестерді өзіміз басқарамыз.

- Кез-келген ауруды биохакинг арқылы емдеуге немесе алдын алуға бола ма? Яғни, биохакинг болашақта дәстүрлі медицинаны алмастыра ала ма? Дәрі-дәрмек, операциялар мен вакциналардан толықтай бас тарта аламыз ба?

- Жоқ, барлық ауру түрі биохакингпен емделмейді. Емделуі қиын дерттер жетерлік. Бірақ, биохакинг арқылы сол аурумен ауыратын адамдардың өмір сүру сапасына әсер етуге болады. Оларға өздеріне қойған диагнозға тәуелді болмай, жақсы ұйықтауға, өздерін жақсы сезінуге көмек беруге болады.

Адамзат дәрі-дәрмектен, вакцинадан, оталардан бас тарта алмайды. Себебі, адамдар бір мезгілде денсаулықты күту жолдарын түсінуге, оларды қатаң сақтауға дайын емес. Тіпті, жыл сайын өту керек тексерістерге де бармайтындардың қатары көп. Оған қоса экологиялық жағдай, кері әсері жоғары тағам түрлерінің көбеюі тағы бар. Сондықтан, дәстүрлі медицинадан толық бас тарта алмаймыз. Дегенмен, биохакингтің болашағы зор деп айта аламын. Ол қазіргі медицина мен біздің ағзамыздың биохимиясын байланыстырады.

Болашақта мектептер мен жоғарғы оқу орындарында биохакингті үйрететін арнайы сабақтар болғанын қалар едім. Балалар ерте жастан қандай тағамдар немесе әдеттер денсаулыққа зиян екенін, дұрыс тамақтану режимі мен ағзаны бірқалыпта ұстауды үйренсе екен деймін. Тек дәрігерлер ғана емес қарапайым адамдар да денсаулықты күтудің жолдарын жетік білсе, қазіргідей аурулар белең алмас еді.

- Биохакинг деген қарапайым диетаға ұқсайтын сияқты. Жай ғана ақша табу мақсатында ойлап табылған дүние емес па?

- Жоқ, боихакинг диета емес. Ол медицина, химия, биохимия, биология бағытындағы ғылыми зерттеулерді байланыстырады. Бұл жүйені ойдан шығарылған деп айту қиын. Себебі, бұл байланыстырушы сала. Жоғарыда айтқанымдай, өмір сүру бағытын өзгерту, тамақтану жолын денсаулыққа зиян келтірмейтіндей бақылау болып саналады.

- Биохакинг қазақстандықтар үшін таңсық деп жатырмыз ғой. Елімізде оны ұстанушылардың саны қанша? Оларды оқытатын курстар барын естідім, қай қалаларда және саны қанша? Қымбат емес пе?

 - Осыдан бірер жыл бұрын биохакерлердің қатары аз болса, қазір оларды саусақпен санап шығу мүмкін емес. Бұл сала көпшілік арасында танымал. Бүгінде диетология сынды мамандықтар биохакинг бағытына бұрылуда. Ал, арнайы курстарға келер болсақ, өз басым оларды жақсы, жаман деп айырып айта алмаймын. Өзім америкалық «Bastyr» академиясында «натуропати» бағыты бойынша оқып жатырмын.

Курспен қатар, биохкаингке қатысты қосымша модульдерді де тыңдауға болады. Өзің үшін бірнеше модульді тыңдап, отбасыңды, жақындардыңды қалай дұрыс тамақтандыру және қолдану керек дәрумендер жөнінде кеңес алуға болады. Мен осы бағытта арнайы кездесулер өткізіп тұрамын. Мысалы, «Биохакермен таңғы ас» деп аталатын кездесулерімді бірнеше қалада өткіземін. Онда үй шаруасындағы әйелдерге, студенттерге биохакингтің не екенін, өз ағзаңа қалай дұрыс көмек көрсету керегін жеңіл, күнделікті тілмен түсіндіремін. Дәл осындай мастер-класстарға келіп, биохакинг жайында жалпы түсінік алуға болады. Егер қызықтырып жатса одан әрі тереңдетілген курстарға бару керек. Сапалы білім арзан тұрмайды. Кәсіби оқу көп уақыт алады және қымбатырақ тұрады.

- Сіз биохакерсіз, айтыңызшы, қазақтардың тамақ рационы қаншалықты дұрыс немесе бұрыс? Етті көп жейтін ұлтпыз ғой.

- Биохакер ретінде кез-келген елдің ұлттың тағамдарына құрметпен қараймын. Себебі, ұлттық тағам әр ұлттың қаншама мыңжылдықтан бері дәріптеп қалдырған мұрасы. Онда ағзаға қажеттінің бәрі топтастырылған. Әр ұлттың тамақтануының өз ерекшелігі бар. Біреуі теңіз жағасында тұрады. Олардың физикалық белсенділігі төмендеу болса, қазақтарда жоғарылау болады, өйткені біз көп қимылдаймыз. Бабаларымыз көшпенді болғандықтан, бір орында тұрақтап отырмаған, сондықтан қуатты тамақтанған.

Әр ұлттың тамақтану рационы бар және сол рацион нағыз пайдалы тамақтану жолы болып саналады. Тек бір ескеретіні, ұлттық тағамдарды қазіргі заманауи тағамдармен ұштастыра білу керек. Ата-бабаларымыз ет, қуырдақ секілді майлы тағамдарды тұтынды. Бірақ, олар қанша тамақтанса, сонша қозғалыста болды. Атпен шапты, мал бақты, үнемі жұмыс істеді. Ал, біз бұрынғыдай көп тамақтанып, оның үстіне заманау фаст-футтар мен тәттілерді қоссақ, еш қозғалыссыз үйде жатсақ, онда денсаулығымызға үлкен қатер төнеді. Сондықтан, ұлттық тағамдарды араластырмай тек таза күйінде тұтыну керек.

- Әңгімеңізге рахмет!

Сағыныш Ибрагим, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары