ШұғылАналық капитал: депутаттар дүниеге келген әр сәбиге 4,2 млн теңге төлеуді ұсынды

Ең жас депутат – ең жас гроссмейстермен сұхбат

Жансая Әбдімәлік Алматы мәслихатында немен айналысатынын айтты

Жансая Әбдімәлік, фото: ашық дереккөзден

10 қаңтарда Қазақстанда Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы өтті. Сайлау нәтижесі бойынша Алматы қаласының мәслихатына төрт партия өкілдері өтті - 39 мандат: «Nur Otan» - 29 орын; «Ақ жол» - 4 орын; «Қазақстан Халық партиясы» - 3 орын; «Ауыл» - 3 орын. Қалалық мәслихаттан бір мандат Nur Otan атынан партиясының өкілі – ең жас депутат, қазақстандық шахматшы, халықаралық спорт шебері және әйелдер арасындағы гроссмейстер Жансая Әбдімәлікке бұйырды.

Жансая Әбдімәлік Алматы қаласы мәслихатының депутаты атанғанда, оған қатысты қоғам тарапынан «Әлі тым жас, қаршадай қыз не бітіреді?», «Одан да шахматта жетістіктерге жетіп жүре бермей ме?» деген сияқты пікірлер айтылды. Бүгін осы сұрақтарды жас депутат Жансая Әбдімәліктің өзіне жолдап көрдік.

- Жансая, біз сізді мықты шахматшы ретінде танимыз. Қазақстанның атын әлемге танытып жүргеніңіз үшін мақтан тұтамыз. Енді сіз депутаттыққа бет бұрып жатсыз. Оған не себеп болды?

- Бұның себебі менің патриоттық сезіміммен тікелей байланысты. Бала кезімнен бері бір мақсатым болды, ол – біздің елімізді дамыту және нығайту үшін тер төгу. Егер сіз менің кішкентай кезімде берген сұхбаттарымды оқысаңыз, «мен өскенде депутат боламын, адамдарға көмек беремін» деген арманымды айтқанмын. Мен тек жақсы жаңалықтарға бағытталған үлкен өзгерістер жасауға бел будым.

- Тамаша. Депутат ретінде қандай мәселелермен айналысуды жоспарлап отырсыз?

- Қолға алып отырған негізгі мәселелер жөнінде мен сайлауалды бағдарлама жасап, жазып шықтым. Басымдық жастар арасында зияткерлік спорт түрлерін дамытуға бағытталған. Сондай-ақ түпкі мақсат - еліміздің атын мәшһүр етіп, әлемге таныту. Өйткені, спорт адамгершілік және зияткерлік сияқты қасиеттерді дамытудың маңызды құрамдас бөлігі деп санаймын. 

Алға қойған жоспарымды жүзеге асыру үшін мен «электрондық ұлттық деректер банкін» құру идеясын қолға алдым. Осылайша, түрлі қызмет саласындағы (спорт, ғылым, өнер) дарынды балалар мен жастарды іздестіру және оларға мониторинг жүргізудің орнықты тетігін әзірлеуге ниеттімін. Бұл жыл сайын жаңартылып отыратын және жастардың әлеуетін дамыту мен іске асыруды қадағалауға мүмкіндік беретін еліміздің болашақ «алтын қоры» болады. Халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтарына жататын балаларға бойындағы дарынын дамыту үшін басымдықпен қажетті қолдау білдіріледі. Бұл айтылған проблемалар маған жақын және түсінікті, өйткені, мен өзім осы жолдан өттім.

- Спорттан бөлек, Алматы тұрғындарының көкейінде жүрген өзекті мәселелер қандай?

- Алматы – ресурсы бойынша Қазақстандағы ең ауқымды қала. Ол елдің ғылым, білім беру, іскерлік және қаржы орталығы. Біз, алматылықтар, шахмат тілінде сөйлегенде, басым позицияға иеміз. Бірақ, мегаполистің барлық тұрғыны сияқты ауаның ластануы, жолдағы кептеліс, қауіпсіздік және т.б. өткір проблемаларға «ұрынып» отырмыз. Міне, осы мәселелерді қолға алу қажет.

- Жаңа лауазым спорт саласындағы жетістіктерге кері әсерін тигізеді деп ойламайсыз ба? Екі саланы қатар алып жүру қиын болмайды ма?

- Әрине, екі саланы бірге алып жүру қиын болары сөзсіз. Бірақ мен қиындыққа үйрендім. Қорықпаймын. Уақытты дұрыс пайдаланып, қажетті деңгейде үлгеруге болады.

- «Саясатта спортшылардың болуы қажет» деген пікірге қосыласыз ба?

- Ия, әрине. Саясатта спорттық рух пен мінез болуы керек: ерік-жігер, табандылық және батылдық. Онсыз ешқандай жеңіс болмайды, еш жерде және ешқашан!

- Депутаттыққа сайланған сәтте сізге негатив пікір айтқандар болды ма? Оларға не дейсіз?

- Негатив пікір айтқандар болды. Дегенмен, әр адамның пікірі, дүниетанымы әртүрлі. Атап өтетіні, сол жағымсыз пікір айтушылардың көбі жаңа қызметтің маған не үшін керек екенін түсінбейді. Оларға жауап бере кетейін: егер менің жеке мысалым жастар арасында кем дегенде бір адамға Қазақстанда қалуға, оралуға және Отанына пайдалы болуға шабыттандырса, онда мен бұл қадамды бекер жасамадым деп ойлаймын.

- Сұхбатыңызға рахмет!

АНЫҚТАМА:

  • Ең жас депутат – шахматшы Жансая Әбдімәлік жақында (2000 жылдың 12 қаңтарында дүниеге келген) ол 21 жасқа толды.
  • Жансая 2019 жылы 20 жасқа дейінгі әлемнің үздік шахматшысы деп танылды. Ол кезде мұндай оқиға Қазақстан шахмат тарихында алғаш рет тіркелді. Шахматшы ЭЛО рейтингінде классика, рапид (жылдам шахмат) және блиц бойынша ең үздік деп танылды.
  • Шахмат ойнауды ерте жасынан бастаған Жансая Әбдімәлік 14 жасында Қазақстанның ең жас гроссмейстері атанды. Қазір жас спортшының қоржынында республикалық және әлемдік турнирлердің көптеген марапаты бар.

Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан