ШұғылҚазақстанда бір тәулікте 1430 адамнан коронавирус анықталды

Уран нарығы, Қазақстанда АЭС салу және Өзбекстан – сарапшымен сұхбат

Халықаралық экономика PhD докторанты Амалбек Өміртаймен сұхбат

Энергетика бүгінде әлемдік өркениеттің маңызды қозғаушы күшіне айналып отыр. Елімізде уран бойынша 100-ге жуық кен орны барланған. Қазақстан бүкіл ТМД елдерінің ішінде ең қуатты уран минералдық базасы бар ел қатарында, дүние жүзі бойынша уран өндіруден бірінші орында. Статистика мәліметтері бойынша, Қазақстанда жылына 17 800 тонна уран өндіріледі.

Azattyq Rýhy тілшісі әлемдік уран нарығындағы Қазақстанның үлесі, атом энергетикасының дамуы және Орта Азия елдеріндегі уран ресурстарына қатысты жүргізілген барлау жұмыстары жайлы Халықаралық экономика PhD докторанты Амалбек Өміртаймен сұхбаттасты.

- Қазақстан уран өндірісі бойынша әлемде алдыңғы қатардағы ел. Соңғы деректер қандай?

- Ядролық энергетиканың бастапқы энергия алу көзі – уран отыны. Кеңес Одағы кезінде Қазақстан мен өзге көрші елдер территориясында жүргізілген ауқымды барлау жұмыстары ірі уран қорын анықтауға мүмкіндік берді. 1945 жылдан бастап осы күнге дейін жер шарында шамамен 2,8 млн тонна уран өндірілген болса, оның 18%-ы Канадаға, 17%-ы Қазақстан мен көрші Өзбекстанға және 13%-ы АҚШ-қа тиесілі. Ал қалған бөлігі әлемнің басқа елдерінде өндірілген. Жер шарында 1954 жылдан бастап ядролық энергетикадан тұрақты электр энергиясы өндірілсе, технологиялық мүмкіндіктер нәтижесінде радиоактивті изотоптардың қолданылу аясы кеңейе түскен. Атом энергетикасын игеру тарихы 80 жылға жуық уақытты қамтыды. Орта Азия елдері - Түркіменстан, Қырғызстан, Тәжікстанда осы күнге дейін уран ресурстарына кең ауқымды барлау жұмыстары дейін жүргізілмеген. Соңғы деректер бойынша, әлемдік уран қорларының 16%-ы Қазақстан мен Өзбекстанның үлесінде. Уран өндірісі бойынша 2009 жылдан бастап әлемде Қазақстан көш бастаса, Өзбекстан тұрақты түрде алғашқы жетілікке еніп келеді. 2010-2017 жылдары аралығында Қазақстан орта есеппен жыл сайын әлемдік өндірістің 40%-ын қамтамасыз етіп келеді. Ал уран өндіруші мемлекеттердің барлығы шикізат экспортын жүзе асырмайтындығын ескерсек, Қазақстан шикізаттық уран нарығындағы экспорттық әлеуеті – әлемдік мұнай нарығындағы ОПЕК елдерінің экспорттық әлеуетінен асып түседі. Бұл - ой саларлық үлкен мәселе.

- Уран нарығында Қазақстан қалай жұмыс істеп жатыр?

- Бүгінде энергетикалық ресурстарды экспорттаушы елдердің кейбірі әлі де «Голланд ауруынан» шыға алмай отырғаны бір мысал болса, «Ресурстар қарғысынан» құтылып, «Құдайдың алғысына» бөленіп жатқаны – екінші мысал. Энергетикалық ресурстарды экспорттаушы елден импорттаушы елге айналып кету де үйреншікті үрдіске айналып бара жатқанын байқап отырмыз. Осы ретте, уран нарығында Қазақстан «Барында батып іш, жоғында сатып іш» тірлігі – түбі мемлекетіміз үшін ұлттық берекеге алып келмейді.

Ірі уран өндіруші кәсіпорындардың қатарына қазақстандық «Қазатомөнеркәсіп» металлургиялық кәсіпорыны кіреді. Аталған ұйым әлемдік уран өндірудің 25%-ға жуығын қамтамасыз еткенімен, халықаралық бизнестегі масштабы мемлекет аумағымен ғана шектеледі. Уранның «қарғысынан» құтылып, «алғысына» бөлену үшін «Қазатомөнеркәсіп» пен оның коммерциялық серіктестерінің стратегиясы ұлттық байлықты еселеуге жұмыс істеуі керек! Ұлттық байлық тек ұлттық қорға кіріс әкелу емес, сондай-ақ, Қазақстан халқының өмір сапасынан, энергетикалық ресурстарды тұтынуынан көрініс табуы керек.  

ҚАЗАҚСТАН МЕН ӨЗБЕКСТАННЫҢ АТОМ НАРЫҒЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ

- Бұған дейінгі сұхбаттарыңызда Қазақстан мен Өзбекстанның атом энергетикасындағы ынтымақтастығы мәселесі жайлы айтып өттіңіз. Екі ел арасындағы атом кешенін қалыптастырудың маңызына тоқталып кетсеңіз.

- Қазақстан мен Өзбекстан энергетикалық стратегиясында шикізат экспортынан бөлек, атом өнеркәсібінің толық кешенін қалыптастыруы өте маңызды. Алайда уран шикізатын импорттаушы елдер өз өндірісін тоқтатып, Орта Азия елдерінен дайын отын алуға қызығушылық танытпайды. Сондай-ақ ірі ойыншылар нарықтағы жаңа қатысушылар үшін оңайлықпен шегініс жасамайтындығы да түсінікті. Трансұлттық энергетикалық корпорациялар әлемдегі АЭС-тарды жабдықтау ісін өзара бөлісіп алған және олардың шыққан тегіне сәйкес стратегиялық саясаты мен нарықтағы әрекеті әлемдік тәртіппен астасып жатыр. Бұл ретте Қазақстан Ресеймен өндірістік циклды интеграциялау, сондай-ақ Үлбі металлургиялық зауытында ядролық отын өндіруді ұйымдастыру бойынша біршама нәтижелі бастамалар жасады. Сонымен қатар, елімізде 2017 жылы МАГАТЭ-нің тікелей бақылауымен жұмыс істейтін аз байытылған уран банкі ашылған болатын. Бұл атом өнеркәсібіндегі ғаламдық үдерістерден Қазақстанның шеткері еместігінің, ажырамастығының нышаны. 2014 жылы АЭС-тың қарқынды дамуы жөнінде зерттеу жүргізген едім. Ғылыми зерттеуімнің нәтижесінде Қазақстандағы АЭС қазіргі Түркістан облысы, Көксарай су қоймасының батысына орналастыруды ұсынып, оның экономикалық артықшылықтарын негіздеуге тырыстым. Аталған ұсыныс билік пен бұқара тарапынан кең талқылауға түскен жоқ. Одан бері бұл аймақта елеулі өзгерістер болды. Ұсынылған аймақтан небәрі 150 км қашықтықта, Өзбекстан 2018 жылы өзінің алғашқы АЭС құрылысының негізін қалады. Мәселен, Өзбекстанда алғашқы АЭС-тың орналасатын орны ретінде Бұхара қаласының солтүстігіндегі Тұрдакөл нұсқасы көпшілікке белгілі болғанымен, 2018 жылы Жызақ облысы, Фарыш ауданына Тұзқан көлінің маңына орналастыру шешімі бекітілді. Басты мердігер «Росатом» компаниясымен EPC-келісіміне (жобалау, сатып алу және құрылыс) қол қойылып, Өзбекстан мен Ресей президенттері АЭС құрылысын бастауға арналған ресми іс-шараға қатысқаны мәлім. Сондай-ақ, Өзбекстанда 2019-2029 жылдар аралығында ядролық энергетиканы дамыту тұжырымдамасы қабылданды. Бұл тәуелсіз Өзбекстан тарихындағы келешекке жасалған стратегиялық, саяси-экономикалық қадам.

Бұл жерде өзбек ұлты үшін ядролық энергетиканы дамытудың басты алғышарты – көмірсутекті отынға тәуелділікті азайту, 2030 жылға қарай екі есеге артатын электр энергиясына деген сұранысты арзан энергиямен қамтамасыз ету. АЭС-тың іске қосылуы атмосфераға шығарылатын көмірқышқыл газын 14 миллион тоннаға, азот оксидін 36 мың тоннаға азайтуға жол ашады, сондай-ақ жыл сайын 3,7 млрд текше метр табиғи газды үнемдеуге мүмкіндік бермек. Үнемделген табиғи газдың экспорты Өзбекстанға жылына 500-600 млн доллардай кіріс әкеледі.

АТОМДЫҚ ЭНЕРГЕТИКАНЫ ДАМЫТУ ҚАЗАҚСТАНҒА НЕ БЕРЕДІ?

- Оңтүстік аймақта гидроэлектр станцияларды іске қосып, пайдалануға не кедергі?

- Орталық Азия елдерінің электр энергиясын өндірудегі бастапқы энергия алу көздері әртүрлі. Мысалы, Тәжікстан мен Қырғызстанның электр энергиясын өндіру – гидроэнергетикаға, ал Түркіменстанда толығымен газға негізделген. Әртараптандырылған электр энергиясын өндіру Қазақстан мен Өзбекстанға тән болғанымен, Өзбекстанда газдың, Қазақстанда көмірдің үлесі басым. 

Орталық Азия елдерінің негізгі су көзі – Сырдария мен Әмудария өзендері. Аталған бассейндер – жоғарғы ағыстағы Қырғызстан мен Тәжікстан үшін электр энергиясын өндірудің де көзі болса, төменгі ағыстағы Өзбекстан, Қазақстан, Түркіменстан елдерінің өзенді бойлай қонған халықтары үшін тіршіліктің, шаруашылық пен егіншіліктің нәрі. Екі өзен Орта Азия халықтары үшін Жер-Ананың екі омырауы іспеттес. Сол себепті жоғарғы ағыстағы елдердің жаңа гидроэнергетикалық жобаларын төменгі ағыс елдері терең күрсініспен қабылдайды. Өткен ғасырдың 50-жылдарынан бастап аталған бассейндердің суармалы егістікте есепсіз қолданылуы нәтижесінде аймақтағы үлкен экологиялық мәселе – Арал апаты орын алды. Арал теңізін қалпына келтіру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанымен, әзірге қуанарлық нәтиже жоқ. Төменгі ағыс елдері Қазақстан мен Өзбекстанның ядролық энергетиканы игеруі – экономиканың түрлі салаларын инновациялық сүйемелдеуге ықпал жасай отырып, түптеп келгенде Арал теңізін қайта қалпына келтіру мен аймақтық су ресурстары бойынша шиеленістерді жеңілдетуі де ғажап емес. Орталық Азиядағы су мәселесін ӨР-дағы Сардоба су қоймасындағы апат әлем назарын аудартты.

- Атом энергетикасын дамыту арқылы Қазақстан қандай жетістікке жете алады?

- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылы «Қазақстан-2050» стратегиясында: «Ядролық энергетиканы дамытудың келешегін ұмытпауымыз керек. Әлемнің таяудағы даму келешегінде арзан атом энергиясына деген қажеттілік өсе түсетін болады. Қазақстан – уран өндіруде әлемдік көшбасшы. Біз АЭС отыны үшін төл өндірісімізді дамытып, атом станциясын салуға тиіспіз» деп атап өткен болатын. Сол жылдан бастап Қазақстанда АЭС-тың экономикалық негіздемесі мен орналасатын орны туралы әртүрлі пікірлер мен мақалалар жарияланып келеді.

Атомдық энергетиканы дамыту халықаралық әріптестік пен түрлі халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық нәтижесінде ғана жүзеге асады. Орталық Азиядағы ядролық энергетиканың дамуында аймақтық ынтымақтастықтың да маңызы зор. Оның ішінде Қазақстан мен Өзбекстан ынтымақтастығы – бұл аймақтық қауіпсіздік пен бейбітшіліктің кепілі. Бүгінде аталған елдер арасында сауда-экономикалық байланыстың нығайып келе жатқанына куә болып отырмыз. Осы екі жақты әріптестікті тереңдетудің ендігі сыры – энергетикалық дипломатияда, және оның жүзеге асыруда қалыптасқан аймақтық, екі-жақты қарым-қатынас платформалары да жеткілікті. Екі ел арасындағы энергетикалық әріптестікті қамтамасыз ету – бүтін аймақтағы сауда-экономикалық, транспорттық-логистикалық, экологиялық, мәдени туризм және т.б. тіршіліктің түрлі салаларындағы бауырмалдық пен ынтымақтастыққа жол ашады.

Жазып алған: Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан