Елімізде 2000-ға жуық мектептің спорт залы жоқ – Мәдениет және спорт министрлігі өкілімен сұхбат
Серік Жарасбаевтың айтуынша, бұқаралық спортты қолдау дене шынықтыру ұстаздарының мәртебесін арттырады
Қазақстанда бұқаралық спортқа қаражат аз бөлінеді, еліміз бойынша 1 970 мектепте спорт залы жоқ, осындай себептерге байланысты халықтың тек 30 пайызы спортқа әуес. Қоғамның бұл өткір мәселесі бірнеше рет айтылды, тіпті, Үкімет сағатында да көтерілді.
Осы ретте Azattyq Rýhy тілшісі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Серік Жарасбаевпен сұхбаттасқан еді.
Серік Маратұлының айтуынша, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен, елімізде бұқаралық спортты дамыту қолға алынған соң кешенді шаралар жүзеге асырылуда.
«Кәсіби спорт клубтарының қаражатын азайтып, оны бұқаралық және жасөспірімдік спорт түріне бөлу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жалпы, елдегі бүкіл 17 өңірдің бюджетін қосқанда, 140 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінген. Қазіргі уақытта соның 30 пайыздан астамы, кей өңірлерде 40 пайызы кәсіби спорт клубтарын қаржыландыруға бөлініп отыр. Ал бұқаралық спортқа 10 пайыз ғана қаражат қарастырылған. Сондықтан біз осы тапсырманы жүзеге асыру үшін кәсіби клубтарға бөлінетін қаражатты қысқартып, оны балалар мен жасөспірімдерге, бұқаралық спортқа бағыттап отырмыз»,- деді Серік Маратұлы.
Айта кетерлігі, кәсіби спорт клубтарын жабу мақсаты тұрған жоқ. Бастысы, шетелден келіп ойнайтын легионерлерге емес, балалар мен жасөспірімдерге арналған бұқаралық спортқа қолдау білдіру қарастырылған.
«Атап айтқанда, футбол, жеңіл атлетикадан өткізілетін марафондар, триатлон соңғы уақытта бұқаралық спортқа айналып бара жатыр. Велосипед тебу, жүгіру, парктерде жаттығулармен айналысу да осы қатарда тұр»,- деді комитет басшысының орынбасары.
Дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары әзірленген. Құжат 34 тармақ пен 5 негізгі бағыттан тұрады.
«Бұқаралық спортты дамыту бойынша заң әзірленіп жатыр. 18 қарашада осы заң бойынша Мәжілісте пленарлық отырыс болады. Осы жылдың аяғына дейін қабылдау қажеттілігі болып тұр. Бұл екі заңның да мақсаты – балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту»,- дейді Серік мырза.
2025 жылға дейін жаттықтырушылар мен ұстаздар жалақысын өсіру, спорттық нысандар салу сынды бірқатар жоба жүзеге асырылмақ.
«Спортқа деген махаббат бала кезімізде мектепте басталады. Дене шынықтыру пәні бізге оны насихаттайды. Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, дене шынықтыру пәнінен сабақ беретін ұстаздарға сабақтан тыс дәріс жүргізгені үшін базалық лауазымдық жалақыдан 100% мөлшерінде қосымша ақы енгізіліп отыр», – деді Серік Маратұлы.
Жолдауды іске асыру аясында ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес, педагогтардің жалақысы 2020 жылдан 2023 жылға дейін 25%-ға өсетін болады. Бұл балалар-жасөспірімдер мектептері мен спорттық интернаттардың жаттықтырушы-оқытушыларына да қатысты.
Сондай-ақ, 2025 жылға дейін елімізде спорттық нысандардың санын 30 мыңға жеткізу жоспарланып отыр. Бүгінгі күні елімізде 23 мың спорттық нысан бар.
Министрлік өкілі ұлттық спортты дамытуға да ерекше назар аударылатынын айтты.
«Ұлттық спорт түрлерін дамыту бойынша шаралар жоспарланған. Қазақ күресі, асық ату, садақ ату, көкпар, тоғызқұмалақ элементтерін енгіземіз», – деді Серік Маратұлы.
Елімізде 579 балалар-жасөспірімдер клубы, 107 дене шынықтыру клубы бар. Кешенді жоспар аясында балалар-жасөспірімдер клубының санын 700-ге, дене шынықтыру клубтарының санын 340-қа жеткізу көзделген. Бұл спортпен шұғылданушылар санын 100 мың адамға ұлғайтады.
Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан