Электронды темекінің адам ағзасына зияны қандай – токсиколог пікірі

iQOS, Glo құрамындағы зиянды канцерогендер туралы

Электронды темекінің адам ағзасына зияны қандай – токсиколог пікірі
көрнекі фото

iQOS, Glo сынды электронды темекі бұйымдары соңғы екі жылда қазақстандықтардың арасында кеңінен тарап кетті. Темекіні қойғысы келетіндер де электронды вейптерді жаппай сатып алды. Себебі, маркетологтар электронды өнімдердің зияны қарапайым темекіден аз екенін кеңінен насихаттады.

Токсиколог мамандар электронды темекі өнімдерінің де зияны көп екенін айтады. iQOS электроникасында биополимер (PLA) пластигі бар. Жоғары температура кезінде (құрылғыда 200 градустан 300-ге дейін) оның зияны көбейе береді.

Azattyq Ruhy тілшісіне елордалық токсиколог Алиса Әлібекқызынан электронды темекі құрамы туралы сұрап білген еді. 

«iQOS құрамында да қарапайым табактағы канцерогендер бар, бірақ нитрозамин аз. Сол себепті құрылғы қарапайым темекіні алмастырады дей алмаймыз. Екеуі арқылы да ағзаға никотин түседі. Электронды темекінің дизайны әдемі, стиктердің өзіндік хош иісі бар, яғни, маркетинг жағы мықты. Бірақ, кейбір пациенттерім iQOS шеккеннен кейін басы ауырып, лоқсып, енді біреулері денелерінде бөрткен пайда болды деп жүгінген кездер болды. Сол себепті темекіні тастағысы келетіндер электронды вейптар арқылы өзімді жеңемін деп қателікке ұрынбауы қажет», - дейді маман.

Маманның сөзінше, стиктердегі фильтрден соң қалған күйік қалдықтарының құрамында бауырға зиянды қосылыстар бар.   

«Вейп өнімдердегі табак фильтрін еріту үшін аэрозольдан бөлінетін температура жеткілікті болса да, күйік құрамында улы заттар бар. Газды хроматография және масс-спектрометрияның қосылысы, фильтрде пластикті әзірлеуге қосылатын лактид, ε-капролактон және 1,2-диацетин бар екенін анықтады. Олардың зияны көп емес. Сондай-ақ, резина өндіруге арналған токсинді формальдегид циангидрин бар. Бұл қосылыстар адам ағзасына түскеннен кейін, бауырда жиналады. Ал, стиктердегі хош иістер шылымды шеккеннің ғана емес, жанындағы адамдардың да ағзасында аллергия тудыруы мүмкін», - деді маман.

Дәрігер коронавирус инфекциясы басталғалы никотинге тәуелділіктен арылғысы келетіндердің саны артқанын жасырмады.

«Коронавирус инфекциясы «шылым шегушілер арасында тез тарайды» деген ақпараттан кейін «темекіні тастағым келеді» деушілердің саны көбейді. Бізге көбіне қыз-келіншектер келеді. Тағы бір айтатыным, ешкім темекіні бірден қойып кете алмайды. Оған ұзақ уақыт қажет. Егер адам шылым шегуді бірден тастайтын болса, ол соның орнын тәтті тағамдарды толассыз жеумен немесе басқа да азарт тудыруы мүмкін ойындармен толтыруға тырысады. Кейбір пациенттер күйзеліске түсіп кетеді. Сондықтан, шылымды тастағыңыз келсе, алдымен күнделікті тартып жүрген шылым санын біртіндеп қысқарту қажет. Бәрін аз-аздан, ақырындап бастауға кеңес беремін», - деді Алиса Әлібекқызы.

Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.