Нашақорлардың дені 15 жастағы жасөспірімдер – психолог-аддиктологпен сұхбат
Елімізде синтетикалық есірткі қолданатындар саны артып келеді
ІІМ берген мәлімет бойынша, елімізде соңғы жылдары синтетикалық есірткі қолданушылар саны артты. Осы ретте, Azattyq Rýhy тілшісі «Аманат» орталығының басшысы, психолог-аддиктолог Нұрлан Тұрсынбековпен сұхбаттасқан еді.
- Нұр-Сұлтанда нашақорлықтан емдейтін орталықтар бар. Соның бірі – «Аманат» орталығы. Сіздердің мекемелеріңіз қандай бағыт бойынша жұмыс атқарады?
- Біздің негізгі бағытымыз – нашақорлық, араққұмарлық және ойынқұмарлықпен күрес. Халықаралық аурулар тізіміне енгізілген осы үш тәуелділік бойынша оңалту жұмыстарын жүргіземіз. Медициналық жағынан ғана емес әлеуметтік, рухани, психологиялық іс-шаралар жасалып, адамды қайтадан бірқалыпты, тұрақты өмірге қалыптастыру – біздің басты жұмысымыз.
- Орталықта ем алып жатқандар қарасы көп пе?
- Қазіргі таңда 30 шақты адам ем алып жатыр. Олардың барлығына кешенді ем көрсетіледі.
1. Мотивация. Науқастың өзі немесе туыстары келіп шағымданған кезде, консультация беру.
2. Реабилитация немесе оңалту процесі. Әлеуметтік мәселелер: отбасындағы қарым-қатынастар, жұмысқа орналасу, білім алу, т.б.
3. Постоңалту процесі. Қайтадан әлеуметтену.
- Нашақордың психологиялық портретін қалай сипаттайсыз?
- Нашақорлық, араққұмарлық және ойынқұмарлықтың салдары тереңде жатыр. Денсаулық жағын алып қарайтын болсақ, миға қатты зақым келеді. Адамның ағзасы зардап шегеді. Содан кейін рухани жағы бар. Мұндай адамдар өтірік айтуға, ұрлық жасауға бейім болып тұрады. Теріс әрекет, амалдарды жасап, өзін басқара алмайтын дәрежеге жетеді.
- Мұндай ауру түріне шалдыққан адам қанша уақытта жазылады?
- Оңалту процесі уақытты талап етеді. Себебі, құмарлық – созылмалы ауру. Мәселен, жиырма жастағы жігіт емделуге келді делік. Ол – студент, есірткіні қабылдауына онша ұзақ уақыт болған жоқ. Алты ай немесе бір жыл дейік. Әрине, бұндай жағдайлар да бір-екі айда жазылып кетуіне әбден болады. Ал егер есірткені қабылдау тәжірибесі он жылдан асып кеткен, жасы отыздарға келген азаматтар келсе, онда біз аурудың терең тамырлаған актілерін айтамыз. Наркологияда немесе халық емдерін қолдану арқылы емделіп, одан нәтиже таба алмай, бізге келсе, біз бірден түсіндіреміз. Жақсы, тұрақты нәтижеге қол жеткізу үшін төрт айға дейін ем алады.
- Есірткіге тәуелділіктен мүлдем жазылмайтындар үлесі көп пе?
- Бағдарламаны толық өтпегеннен кейін үш, алты ай немесе бір жылдан кейін қайтадан бұрынғы өміріне оралатындар көп. Оны «срыв» дейміз. Ем алушылардың 60-70 пайызы жақсы нәтижемен шығады, қалған 30-40 пайызы біздің ұсыныстарымызды сақтамайды.
- Орта есеппен алғанда, есірткі құмарлыққа шалдығатындардың орташа жасы қанша?
- Осыдан 5-10 жыл бұрын есірткі қабылдайтындардың орташа жасы 20 жас еді. Қазір жасарып кетті. Қазір орта жас деп 15 жасты айтар едім. Біздің орталыққа түсетін, нашақорлыққа құмарлықтан емделетіндердің 50 пайызы – 15 жастағы жасөспірімдер. Тіпті, 12 жастағы мектеп оқушылары да бар. Тағы бір айта кететіні, синтетикалық есірткі қолданатындар саны артып кетті. Себебі, интернет әр баланың қолында бар. Оның бағасы арзан. Бірақ синтетикалық есірткінің зияны жүз есе ауыр.
- «Есірткіден емделуде әйелдерге қарағанда, ер адамдар тезірек жазылады» деген рас па?
- Есірткі әйел, еркек, бай, кедей деп бөлмейді. Оның адамға қалай әсер ететіні адамның генетикалық ерекшеліктеріне, ағзасына, иммунитетіне байланысты. Бірақ айта кететіні, әйел адамның тәуелділіктен емделіп шығуы қиын. Өйткені, әйел адам эмоциялық және психологиялық жағынан сезімтал болып келеді. Содан кейін «ұят менталитеті» де әйел адамдардың ауруын ушықтырып алуына себеп. Ел естісе не болады деп, емделмей, жүре беретін әйелдер көп. Тіпті, ата-аналарының өзі қыздарын дәрігерге алып келуге ел естіп қояды деп ұялатын жағдайлар көп кездеседі. Ал жалпы алғанда, адамның тез жазылуы иммунитеті мен есірткі қолдану ұзақтығына байланысты.
Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан