ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте 78 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды

«Қиын сәтте халыққа қызмет көрсету – парызым»: алматылық дәрігер пандемия кезіндегі жұмыс режимін айтып берді

Ол күніне 20-25 шақыртуға барған

Қиын кезде адамның басты қасиеті оянады, нағыз қаһармандар пайда болады. Олар –пандемия кезінде айналасына көмектесіп, әлемді жақсырақ, мейірімді қыла түсетін медицина қызметкерлері, волонтерлар, әлеуметтік жауапты кәсіпкерлер.

Kaspi.kz әлеуметтік желіде «Алғыс эстафетасын» іске қосты. Әрқайсымыз Kaspi.kz-тің instagram-парақшасында осындай қаһармандар туралы баяндап, оларға көпшіліктің рахмет айтуына мүмкіндік бере аламыз.

Біз бүгін Абай Нұрымбетов туралы айтқымыз келеді. Ол індетке қарсы күресіп жатқан дәрігерлердің бірі. Өзге қазақстандықтар сияқты, ол да болашақты жоспарлап, тұңғышы өмірге келген сәтті күтіп жүрген еді. Алайда, карантин кейбір мақсатына өзгеріс енгізді. Отбасы басқа қалаға кетті, қызы дүниеге келгенде жанында бола алмады. Тұңғышын тек бір айдан кейін көрді.

Жедел жәрдем дәрігері алматылықтардың өмірі үшін әлі де күресіп жүр. Абаймен 20 шілде күні, коронавируспен күрестің ең қиын кезеңдерінің бірінде сұхбаттастық.

- Абай, бүгін неше шақыру болды, науқастар көп пе?

- Қазір түске таяп қалды. Алтыншы шақыруға барып келдік. Карантинге дейін әдеттегі күндері мұндай уақытта бір-екі шақыру болатын. Өткенде індет қатты болған кезде мүлдем үлгермедік. Қала бойынша 6-6,5 мың шақыру болды. Әр биргада 20-25 шақыртуға барды. «Жедел жәрдем» қызметінде төрт бригада болады: желілік бригада, дәрігерлік бригада, интенсивті терапия биргадасы, фельдшерлік бригада. Мен желілік бригададамын. Шақырулар да санатқа бөлінеді. Бірінші санатқа өте ауыр науқастар кіреді, мұндай шақыруға 15 минутта жету керек. Екінші санатқа 30 минутта, үшінші санатқа 60 минутта, төртінші санаттағы шақыруға 60 минутта баруымыз керек. Біз осы күндері көбіне бірінші санаттағы шақыруға бардық деуге болады. Жағдайы ауыр науқастар көп болды. Сатурациясы – 40%, өкпесінің зақымдануы – 80% болған адамдар, қант диабетімен, жүрек, қан тамыры ауруларымен ауыратын қарт адамдар да көп болды.

- Ондай шақырулар өмірлеріңізге қаншалықты қауіпті? 

- Қауіпті. Сақтанамыз. Қорғаныш киімдерін киеміз. Кейде күні бойы жүргенде масканың терең ізі бетке түсіп қалады. Алдында бетінде масканың ізі қалған қытайлық дәрігерлерді көрсетіп жатқанда, біз де сондай жағдайға тап боламыз деп ойламадық. Бірақ, таңдаған мамандығымыз, халыққа қызмет көрсету – дәрігердің парызы. 

-  Бұл мамандықты не үшін таңдадыңыз?

- Мен өзім де дәрігер отбасынан шыққанмын. Анам педиатр-дәрігер. Кейін мамандық таңдау кезінде анамның жұмысы да ықпал етті. Қазір Алматыдағы жәдел жәрдемнің 4-ші қосалқы станциясы бар, сол жерде желілік дәрігер болып істеймін. Қазір өте қиын сәттерді бастан өткізіп жатырмыз. Науқастар да көбейді, жұмыс көлемі артты. Бірақ медицина саласын таңдағаныма еш өкінбеймін. Қайта қуанамын. Өйткені, мұқтаждардың, ауырып, емделіп шыққан халықтың қолдауын, алғысын аласың.

- Үш ай отбасында болмаған дәрігерлер бар екен. Сіз де солай жұмыс істедіңіз бе?

- Мен де бірнеше ай отбасымды мүлдем көрмедім. Карантин басталған тұста, 20 наурыз күні төтенше жағдайға байланысты қалалардың арасында жол жабылатын болды. Жедел жәрдемде жұмыс істегендіктен, індетті тасымалдаймын ба деп қорқып, аяғы ауыр келіншегімнің, іште жатқан қызымның денсаулығына де алаңдап, оларды туған жеріме, Түркістан қаласына жібердім. Кетіп бара жатқан кезде қатты қиналдым. Себебі, отбасындағы қызықты да, уайымды да келіншегіңмен бірге көресің ғой.

Оның үстіне, өмірге тұңғышым енді келейін деп жатқан. Босанған кезде жанында өзім боламын деп ойлағанмын. Бірақ, карантин жағдайы бүкіл жоспарымызға өзгеріс енгізді. Таңдаудың бір жағында өмірге енді келейін деген тұңғышың, аяғы ауыр келіншегің тұрса, екінші жағында науқастар, сенің көмегіңді қажет ететін әріптестерің, ұжымың тұр.

Негізгі күш дәрігерлерге түсті ғой. Мамандар санаулы. Сондықтан отбасымды ауылға жіберіп, дәрігерлік міндетімді орындап, халыққа қызмет көрсету мақсатында қалада қалдым. Түркістан қаласында бір айдан кейін, 28 сәуір күні қызым дүниеге келді.

Жалпы, қызымның дүниеге келуі өте қызық болды. Карантинге байланысты Түркістанда перзентханалар жабық, келіншегім Кентау қаласында босанды. Жол жабық. Ашық болса да жұмыс көп, бара алмайсың, қызымды 4 маусым күні, бір айдан кейін бірінші рет көрдім. Оған дейін видеоқоңыраумен сөйлесіп жүрдік. Неге екенін білмеймін, қызымды тек қолыма алғанда әке екенімді бір-ақ сезіндім. Ол сезімді айтып жеткізе алмаймын. Әке болу барлық ер азаматтың арманы ғой. Оның үстіне, мен қатарластарыма қарағанда кеш үйлендім. Жұбайыммен негізі оқып жүргенде университетте танысқанмын.

- Келіншегіңіз де дәрігер болды ғой?

- Иә, дәрігерлер отбасымыз. Келіншегім дәрігер-терапевт. Қатар оқыдық. Бірақ оқып жүргенде қарым-қатынасымыз амандасудың айналасында еді. Кейін мен оқу бітіріп кеттім. Бірақ маңдайға жазған жазу бар. 2018 жылы отбасын құрдық. Қазір Алматы қаласында учаскелік терапевт болып жұмыс істейді. Бала күтіміне байланысты үйде. Кішкентай қызымды бағып отыр. Қызыма қазір екі ай болды, денсаулығы жақсы. Алматыда, отбасыммен біргеміз.

- Қызыңыздың есімін кім деп қойдыңыз?

- Дария деп қойдық. Есімін өмірден өткен марқұм әкем қойып кетті. Көзі тірісінде немеремнің біреуінің атын Дария қоямын деп айтып жүретін. Кейін бауырларымның отбасында қыз болмады, бұл есім менің қызыма бұйырды. Әкемнің арманы орындалды. Өмірде бәрі қатар жүреді ғой. Қиын кезде қызым өмірге келді. Әкемнің армандаған аты қойылды.

- Kaspi.kz-тің әлеуметтік ролигінің кейіпкері болдыңыз. Көңіліңізден шықты ма?

- Әр саланың өз қиындығы бар ғой. Kaspi.kz-тің көп қызметін тұтынамыз. Әлеуметтік роликке түсуге шақырғанда әріптестерім – дәрігерлердің қазіргі қызметі туралы айтқым келді. Өйткені дәл қазіргі уақытта қаhарман ол – дәрігер. COVID-19 инфекциясымен күресте адам өмірі үшін өздерінің өмірін қиғаны қаншама?! Күнделікті жұмыс барысында науқастардың қиналғанын көрудің өзі өте ауыр. Сол дәрігерлерді қаhарман деп айтуға болады. Ал өзімді қаhарман деп санамаймын, өйткені халыққа қызмет көрсету – парызым. Әрбір дәрігердің парызы. Бірақ, ол парызын артығымен орындап жүрген қаhармандар бар. Олардың еңбегін айту, көрсету – парыз. Мен осыны айтуға, көрсетуге аз болса да үлес қосқым келді.

- Қазіргі індетпен күресте басты ереже қандай болуы керек?

- Бір ғалым «бірден-бір сұлулық ол – денсаулық», деп айтқан екен. Бұл аурудың ерте белгілері анықталса, дереу дәрігерлерге жүгінген дұрыс. Оған дейін қарапайым сақтық шараларын орындау маңызды. Ол – маска тағу, қолды жиі жу.  Бұл екеуі өте қажет. Күнделікті қиын жағдайға тап болған адамдарды көріп жүрмін. Әрине, дәрігерлер барынша ем жасайды, парызын орындайды. Бірақ ең бастысы – денсаулыққа жауапты болу әр адамның өз қолында. Отандастарыма денсаулықтарын күтіп, қадірін білуін тілеймін.

- Әңгімеңізге рахмет!