ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте 78 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды

Қызылордалық Нұрай Абайдың 200-ден астам шығармасын жатқа біледі

Ол бір шумақты бір оқығаннан есте сақтап алатын қабілетке ие

Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Нұрай Өмірзақова Абайдың 200-ден астам шығармасын жатқа біледі. Жас дарын өлең шумақтарын бір қайталағаннан жадына тоқып алады. Есте сақтау қабілеті ерекше дамыған бойжеткен бірнеше тілді қатарынан меңгеріп жүр. Нұраймен Azattyq Rýhy тілшісі сұхбаттасқан еді.

СҮЙІКТІ АВТОРЛАРЫНЫҢ 400 ӨЛЕҢІН ЖАТҚА БІЛЕДІ

Нұрай Өмірзақова Қызылорда облысына қарасты Арал ауданы Қосжар ауылында тұрады. Ізденімпаз оқушы қолы қалт етсе, өлең жаттап, кітап оқиды. Әсіресе Махамбет Өтемісұлы, Мұхтар Шаханов, Мағжан Жұмабаев, Қалқаман Сарин сынды ақындардың поэзиясын жақсы көреді. Түрлі авторлардың 400-ден астам өлеңін жатқа біледі. Соның ішінде, қазақтың біртуар тұлғасы Абай ақының қаламынан шыққан 200-ден астам шығармасын жадына тоқыған.

«Абайдың 200-ден астам шығармасын жаттадым. Оның 180-і – өлең. Ұлы ақынның шығармаларын зердеме тоқуға маған қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен сабақ берген Серікбай Зелемхан есімді мұғалім себепші болды. Ол маған Семей жерінде өтетін республикалық «Абай оқуларына» қатысып, бағымды сынап көруге кеңес берген еді. Мен қасиетті мекенге баруды армандайтынмын. Осы тілегім де мені алға итермелегендей болды. Сол жолы аудандық, облыстық сайыстарда үздік атанып, республикалық кезеңге қатысып, арнайы дипломға ие болдым. Одан кейін «Абай оқуларына» қатысқан емеспін», - дейді Нұрай.

Дегенмен, мектеп оқушысы ақын шығармаларын жаттауды әлі күнге дейін жалғастырып келеді. «Абай жолы» эпопеясын ата-анасының кеңесімен 3-ші сыныпта толық оқып шыққан. Содан кейін ақынның шығармашылығына деген қызығушылығы арта түскен. Жуырда бірегей туындыны қайтадан қолына алыпты.

ЕСТЕ САҚТАУ ҚАБІЛЕТІН ЖАҚСАРТУДЫҢ ӨЗ ҚҰПИЯСЫ БАР

Сайысқа қатысуға дайындық кезінде 6-сынып оқушысы Абайдың 150-ге жуық шығармасын небәрі екі айда жаттап алыпты. Келер оқу жылында Нұрай 11-ші сыныпқа барады. Жас дарынның есте сақтау қабілетін жақсартудының құпиясы қарапайым.

«Мен жадымды жақсарту үшін арнайы жаттығу жасап, дәрумен қабылдаудан аулақпын. Тек күн сайын жаңа жырлар жаттауға уақыт бөлемін. Әрдайым жаңашылдыққа ұмтылып, тың дүниелерді санама тоқып алғанды құп көріп тұрамын», - дейді Нұрай.

Күрделі өлең болмаса, Нұрай бір шумақты бір оқығаннан есте сақтап алатын қабілетке ие. Ол Зияткерлік мектептегі оқу үлгерімі үздік шәкірттердің бірі.

«Нұрайды ерекше дарын иесі деуге болады. Мектебімізде оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруды мақсат еткен «100 кітап» жобасы жүзеге асырылады. Оның түрлі бағыттары бар. Солардың бірі - «Руханият» үйірмесі. Онда да Нұрай үнемі алғы шепте жүреді. Өз ісіне жауапты, айтқанды бірден қағып алады», - дейді Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткердік мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Айгүл Бибатырова.

Нұрай – отбасының тұңғыш баласы. Ол дүние есігін ашқан кезде-ақ әжесі қазақи салтпен үлкен немересін бауырына басыпты. Күлпаш әжей оның аяғын ерте басып, тілі де тез шыққанын айтады.

«Екі жасында ойын анық жеткізетін. Кішкентай кезінен білуге құштар еді. Көп сұрақ қоятын. Мінезі – қайсар. Ойына алған мақсатына жетпей қоймайды. Креативті ойлай біледі. Кейде қырсық мінез көрсетеді. Қандай да бір шаруа «қолыңнан келмейді» дегенде, қайтпас қайсар мінезімен «мен дәлелдеймін, осы істі соңына дейін жеткіземін» деп үнемі ұмтылыс танытады. Оның жетістікке жетуінің кілті де осы деп ойлаймын. Нұрай өте ашық бала. Құбылмалы мінезі жоқ, үнемі бірқалыпты, өте бауырмал, көпшіл», - дейді Күлпаш Алмағамбетова.

«Абай шығармашылығы мен үшін өте қызық. Ұлы ақынның әсіресе, «Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап» атты өлеңі жаныма жақын. Өйткені, бұл жыр жолдарында Абай адамның адам болып қалыптасуы үшін, биік белестерді бағындыруы үшін өзгелердің мақтау сөзіне емес, өзіңе сенуге шақырады. Біз толағай табыстарға ақыл мен еңбектің күшімен ғана жете аламыз. Осыны ақын поэзиялық көркем тілмен жеткізген. Абайдың осы өлеңі маған мотивация береді», - дейді оқушы.

КҮНІНЕ 4-5 КІТАП ОҚИ АЛАДЫ

Нұрай Абайдың 16 қара сөзін жатқа біледі. Ол мұнымен тоқтап қалмақ емес. Зияткерлік мектеп оқушысы күніне 4-5 кітап оқи алады. Алғырлығымен де көзге түседі. 11-сынып оқушысының мақсаты айқын, болашаққа деген сенімі бекем. Қандай мамандық таңдайтынын да осы бастан айқындаған.

«Өз болашағымды медицина саласымен байланыстыруға ниеттімін. Нейрохирург болуды армандаймын. Ұлы Абайдай болмасам да, ХХІ ғасырдағы халқымның таңдаулысы болғым келеді. Менің ұлтжанды азамат болып қалыптасуыма ақынның шығармашылығы зор ықпал етті», - дейді Нұрай.

Зейінді әрі алғыр қыз қолы қалт етсе уақытын түрлі ұлттардың тілін меңгеруге арнайды. Қазір қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде еркін сөйлеп, ойын іркілмей жеткізе алады. Оған қоса француз, неміс тілдерін меңгеріп жүр. Болашақта бұл тізімді түрік тілімен толықтырмақ.

Эльмира Мәмбетқызы