Киберкеңістіктегі діни қауіпсіздік: жастарды деструктивті ағымдардың ықпалынан қалай қорғаймыз

Діни сауат – ол ақпараттың дұрысын бұрысынан ажырата білу, заң талаптарын түсіну және күмәнді жағдайда кәсіби маманға жүгіну қабілеті, дейді маман

Киберкеңістіктегі діни қауіпсіздік: жастарды деструктивті ағымдардың ықпалынан қалай қорғаймыз
Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев/Azattyq Ruhy

Әлеуметтік желі діни білім алуға да, ақпарат таратуға да мүмкіндік берді. Бірақ осы кеңістікті радикалды идея таратушылар да тиімді пайдаланып отыр. Жастардың назарын аудару үшін діни мазмұндағы бейнероликтер, жабық топтар, жеке хабарламалар және эмоционалды әсер ету тәсілдері қолданылуы мүмкін. Мұндай контенттің қауіптілігі неде және одан қорғанудың жолы қандай? Осы мәселелер туралы ҚР ҒЖБМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институты Дінтанулық зерттеулер орталығының ғылыми қызметкері, Алматы қаласы ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі Нұрмұхаммед Рысбайұлы Azattyq Rýhy тілшісіне берген сұхбатында баяндады.

– Бүгінде жастардың діни ақпарат іздейтін негізгі алаңының бірі – әлеуметтік желі. Радикалды діни идея таратушылар осы мүмкіндікті қалай пайдаланады? Жастардың назарын аудару үшін қандай тәсілдерге жүгінеді?

– Экстремизм мен терроризм – заңмен тыйым салынған әрекеттер. Қазақстанда терроризмге қарсы іс-қимылды реттейтін арнайы заң да бар. Қылмыстық заңнамада діни алауыздықты, ұлттық және нәсілдік өшпенділікті қоздыруға бағытталған материалдарды таратуға қатысты жауапкершілік қарастырылған. Мұны радикалды идея таратушылардың өздері де жақсы біледі. Сондықтан олардың әрекеті көбіне ашық емес, жасырын сипатта болады.

Қазіргі кезде олар әлеуметтік желілердің мүмкіндігін барынша пайдалануға тырысады. Түрлі бейнероликтер әзірлейді, жабық топтар құрады. Алғашқы кезеңде діни уағыздар, жалпы діни тақырыптағы жазбалар арқылы адамның қызығушылығын оятуы мүмкін. Кейін мазмұн біртіндеп өзгеріп, белгілі бір радикалды көзқарасты насихаттауға көшеді.

Мысалы, Таяу Шығыстағы қақтығыстарды пайдаланып, «біз мұсылман ретінде бір-бірімізге көмектесуіміз керек» деген мазмұндағы үндеулер таратады. Мұнда діни мәтіндер, аяттар мен хадистер контекстен бөліп алынып, өз мақсатына қарай қолданылуы мүмкін. Одан кейін пайдаланушыны басқа арнаға бағыттайтын сілтемелер беріледі. Көбіне мұндай сілтемелер Telegram сияқты жабық байланыс арналарына апарады.

Сондықтан жастар үшін интернеттегі діни ақпараттың сыртқы көрінісіне ғана емес, оның мақсатына, мазмұнына және қайда бағыттап тұрғанына назар аудару маңызды.

– Яғни қауіпті контент бірден радикалды сипатта көрінбеуі мүмкін. Адамның сол ақпараттың ықпалына түскенін қандай белгілерден байқауға болады? Жастарды мұндай идеологияға не итермелейді?

– Бұл жерде психологиялық тәсілдерге де мән берген жөн. Радикалды идеологияны таратушылар адамның қорқынышы мен алаңдаушылығын пайдалануы мүмкін. Мысалы, діни мәтіндерді бұрмалап немесе контекстен бөліп алып, «мына нәрсені орындамасаң, осындай жағдайға түсесің» деген сияқты үрей тудыратын түсіндірулер береді.

Тағы бір тәсіл – адамға жақындау. Оны «махаббатпен арбау» деп сипаттауға болады. Яғни жеке хабарлама жазып, дос болуға, аға немесе бауыр болуға ұсыныс жасауы мүмкін. Алдымен қарапайым қарым-қатынас орнатып, кейін адамның сеніміне кіріп, көзқарасына әсер етуге тырысады. Бұдан кейін адамның ойлау жүйесіне тілдік және психологиялық тәсілдер арқылы ықпал етуге көшеді. Араб тіліндегі діни мәтіндерді немесе қазақ ойшылдарының сөздерін пайдаланып, олардың мағынасын өз мақсатына қарай түсіндіруі мүмкін. Мұндайда адам бастапқыда діни ақпарат алып жатырмын деп ойлағанымен, біртіндеп өз өмір салтына, айналасындағы адамдарға, қоғамға деген көзқарасын өзгерте бастайды.

Сондықтан ата-ана мен жақындарының баланың мінез-құлқындағы өзгерістерге немқұрайды қарамағаны дұрыс. Бірақ кез келген діни қызығушылықты радикализмнің белгісі деп қабылдауға болмайды. Мұнда мәселені мамандармен бірге байыппен бағалау маңызды.

– Осындай қауіптің алдын алуда ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының орны қандай? Жастарға экстремизм мен терроризмнің айырмашылығы мен құқықтық салдарын түсіндіру қалай жүргізіледі?

– Алматы қаласының Дін істері жөніндегі басқармасы жанында ақпараттық-түсіндіру тобы жұмыс істейді. Мен де бірнеше жылдан бері осы топтың құрамындамын. Біз тек Алматыда ғана емес, басқа өңірлерде де кездесулер өткіземіз. Жастармен мешіттерде, жоғары оқу орындарында, мектептер мен колледждерде кездесіп, діни экстремизм мен терроризмге қарсы мемлекеттік саясат, қолданыстағы заң талаптары туралы түсіндіреміз.

Экстремизмнің діни, саяси және ұлттық түрлері бар екенін түсіндіреміз. Ал терроризм – қоғамда үрей туғызуға бағытталған қылмыстық әрекет. Яғни радикалды идея белгілі бір жағдайда нақты қылмыстық әрекетке ұласуы мүмкін. Сондықтан жастар мұндай әрекеттердің құқықтық жауапкершілігі бар екенін білуі керек.

Сонымен бірге діни ақпаратты кез келген адамның кез келген жерде тарата беруіне болмайтынын түсіндіреміз. Діни мазмұндағы ақпаратпен жұмыс істеудің де заңда белгіленген тәртібі бар.

– Түсіндіру жұмыстары тек қауіп туралы ескертумен шектелмейтін сияқты. Жастарға зайырлылық пен діни сенімнің арақатынасы да дұрыс түсіндірілмесе, ақпараттық кеңістіктегі түрлі пікірлер олардың түсінігін шатастыруы мүмкін ғой.

– Әрине. Қазақстан – зайырлы мемлекет. Зайырлылық дегеніміз дінді жоққа шығару емес, мемлекет пен діни бірлестіктердің арақатынасын құқықтық негізде реттеу. Азамат дін ұстануы да, ұстанбауы да мүмкін, оның құқықтары заңмен қорғалады. Біздің еліміздегі діни бірлестіктердің заң алдындағы теңдігі де маңызды. Жастар осыны білуі керек. Ешбір діни топ немесе конфессия қоғамдағы өзге азаматтардан жоғары тұрмайды.

Сондықтан ақпараттық-түсіндіру кездесулерінде қауіп-қатермен қатар дәстүрлі құндылықтарды, табиғатты аялау, руханият, мемлекетке және қоғамға құрмет сияқты ұғымдарды да сөз етеміз. Мақсат – жастарға белгілі бір көзқарасты таңу емес, олардың діни және құқықтық сауатын арттыру.

– Ал жас адам әлеуметтік желіден күмәнді діни контентке кезігіп қалса, ең алдымен не істеуі керек? Көп жағдайда адам мұндай ақпараттың қауіпті екенін білмеуі немесе қайда жүгінерін түсінбеуі мүмкін.

– Мұндай жағдайда ең бастысы – күмәнді материалды әрі қарай таратпау және бірден маманға жүгіну. Алматыда дін саласына жауапты мемлекеттік органдар бар. Мысалы, қалалық Дін істері жөніндегі басқармасына немесе оған қарасты Дін мәселелерін зерттеу орталығына хабарласуға болады.

Азамат телефон арқылы немесе тікелей барып, өзіне қандай да бір діни идеология ұсынылғанын айтып, оның мазмұнына қатысты кеңес сұрай алады. Мамандар материалды, парақшаны немесе аккаунтты қарап, қажет болған жағдайда оны діни сараптамаға жібереді. Онлайн түрде де жүгінуге мүмкіндік бар. Мәселен, Дін істері басқармасының «Дін Алматы» парақшасына хабарлама қалдырып, мәселені тіркеуге болады.

Ең маңыздысы – күмәнді ақпаратпен жалғыз қалмау. Діни мәселеде түсініксіз нәрсе кездессе, әлеуметтік желідегі кездейсоқ пікірге емес, саланың маманына және ресми ақпарат көзіне жүгінген дұрыс.

– Демек, киберкеңістіктегі діни қауіпсіздік тек тыйым салынған контентті анықтаумен шектелмейді. Оның бір бөлігі адамның ақпаратты дұрыс қабылдай білуіне байланысты. Бұл ретте бүгінгі жастарға айтар басты кеңесіңіз қандай?

– Интернеттегі кез келген діни ақпаратты шындық ретінде қабылдамау керек. Оның авторы кім, қандай мақсат көздейді, ақпараттың түпкі дереккөзі қандай – осы сұрақтарға мән берген жөн. Әсіресе діни мәтінді контекстен жұлып алып, қорқыныш немесе өшпенділік тудыратын мазмұнға айналдырған ақпараттан сақ болған дұрыс.

Діни сауат – тек көп ақпарат білу емес. Ол ақпараттың дұрысын бұрысынан ажырата білу, заң талаптарын түсіну және күмәнді жағдайда кәсіби маманға жүгіну қабілеті. Жастардың осындай дағдысы қалыптасса, интернеттегі деструктивті идеологиялардың ықпалына қарсы ең маңызды қорғаныстың бірі де осы болады.

– Сұхбатыңыз үшін алғыс білдіреміз!