«Дәрігер бола тұра, анамның деменциясын байқамай қалдым»: Астанадағы ғалым Альцгеймерді көбі «алжумен» шатастыратынын айтты

Ең қиыны – халықтың бұл мәселе туралы түсінігі әлі де төмен екені жасырын емес , дейді ол

«Дәрігер бола тұра, анамның деменциясын байқамай қалдым»: Астанадағы ғалым Альцгеймерді көбі «алжумен» шатастыратынын айтты
Фото: istockphoto.com

Жас келе ұмытшақтық пайда болады, ешкімнің сөзін көтере алмайтын қасиет тағы қосылады. Жасы алпыстан асқан кезде әр адамға үрке қарап, әрбірінен қауіп көретіндер де кездеседі. Ал мұны көбі қарапайым қарттықпен шатастырып жатады. Дегенмен бұл – Альцгеймер ауруының салдары болуы ықтимал. Адам миының өлуіне әкелетін сырқатты дер кезінде анықтап, әрі қарай асқынуын тоқтатпаса, аурудың өзіне емес айналасындағы жақындарына күн жоқ дейді мамандар.  

Жалпы барлық қарт адам Альгеймер ауруына шалдыға ма? Оны қалай анықтауға болады? Емі қандай? деген сауалдарға бүгін дәрігер-ғалым, Назарбаев Университеті жанындағы Биоинженерия және регенерациялық медицина зертханасының басшысы Шолпан Асқарова  Azattyq Rýhy редакциясына берген сұбатында айтып берді.

– «Қазақстандағы ресми деректерге сүйенсек, Альцгеймер ауруы диагнозымен тіркелген науқастар саны 400-ге де жетпейді» деген едіңіз. Бұл шын мәнінде елдегі жағдайды көрсете ме, әлде біз үлкен мәселені әлі толық көрмей отырмыз ба?  

Әрине бұл көрсеткіш шынайы жағдайды мүлде көрсетпейді. Бұл жерде мәселе аурудың сиректігінде емес, керісінше оның жеткілікті деңгейде анықталмай отырғанында дер едім. Яғни біз сырқаттын нақты таралуын емес, диагностика жүйесінің әлсіздігін көріп отырмыз. Егер халықаралық тәжірибеге сүйенсек, әсіресе дамыған елдерде деменция, соның ішінде Альцгеймер ауруы егде жастағы адамдар арасында әлдеқайда кең таралған. Мұндай елдерде науқастар саны ондаған мыңмен есептеледі. Ал біздегі ресми цифрлардың тым төмен болуы – бұл диагноздың уақытында қойылмайтынын көрсетеді.

– Бұрын-соңды мұндай сырқат түрі ресми түрде болған ба елімізде?

Нақты айтқанда, бұл диагноз біздің елде салыстырмалы түрде жақында ғана, яғни 2015 жылдан бастап ресми тіркеуге енді. Оған дейін ол ауру ретінде жүйелі түрде есепке алынбады. Екіншіден, мұндай диагнозды нақты қоя алатын білікті мамандар өте аз, олар негізінен ірі қалаларда ғана жұмыс істейді. Ал өңірлерде, әсіресе ауылдық жерлерде, бұл ауру көбіне мүлде анықталмайды немесе басқа диагнозбен ауысып кетеді. Сонымен қатар халықтың да бұл мәселе туралы түсінігі төмен. Көп жағдайда адамдар алғашқы белгілерді қалыпты қартаюдың көрінісі деп қабылдайды. Ұмытшақтық, ашушаңдық, мінездің өзгеруі – мұның бәрі «жас ұлғайғанның белгісі» деп ойлайды. Соның салдарынан дәрігерге кеш жүгінеді. Өкінішке қарай, кейбір жалпы тәжірибе дәрігерлерінің өздері де осындай көзқараста болуы мүмкін, бұл жағдайды одан әрі қиындатады. Бұған қоса, қоғамдағы стигма да әсер етеді –  яғни туыстар мұндай өзгерістерді жасырып, сыртқа шығармауға тырысады.

– Аурудың алғашқы белгілері қандай? Қай сәтте «жай ұмытшақтық» пен қауіпті симптомдардың арасын ажыратып, дабыл қағу керек?

Ең жиі кездесетін жағдай – адамның бір сұрақты қайта-қайта қоюы, жақында ғана болған оқиғаларды ұмытып қалуы. Заттарын жиі жоғалтып, кейін оны мүлдем таба алмауы. Кейін бұрын күнделікті оңай істеп жүрген әрекеттері, яғни тамақ пісіру не есеп-қисап жүргізден біртіндеп қинала бастайды. Сонымен қатар мінез-құлықта айқын өзгерістер пайда болады: бұрын сабырлы болған адам ашушаң, тіпті жанжалға бейім болып кетуі мүмкін. Бұл белгілерді қалыпты қартаюмен шатастыруға болмайды, мұндай жағдайда міндетті түрде маманға қаралу қажет.

Жалпы бұл ауру көбіне қай жаста байқалады?

Қазіргі ғылыми деректерге сүйенсек, аурудың өзі бірден пайда болмайды. Яғни мидағы патологиялық өзгерістер өте ерте басталуы мүмкін. Кей жағдайларда бұл үдеріс тіпті 30–40 жастан бастап-ақ жүре бастайды. Бірақ соған қарамастан, нақты клиникалық белгілер көбіне тек 65 жастан кейін ғана байқалады. Сонымен қатар тұқым қуалаушылықтың да рөлі бар. Егер адамның жақын туыстарының арасында деменциямен ауырғандар болса, онда оның да сырқаттану тәуекелі жоғары болады. Бірақ бұл міндетті түрде ауру дамиды дегенді білдірмейді. Мұнда нақты қорытынды жасау үшін генетикалық зерттеулер қажет.

Альгеймер ауруының дамуына не себеп болуы мүмкін?

Өмір салты дер едім. Яғни, қимыл-қозғалыстың аздығы, дұрыс тамақтанбау, соның салдарынан пайда болатын гипертония, қант диабеті, атеросклероз сияқты аурулар – бәрі де деменцияның, Альгеймер ауруының даму қаупін арттырады. Сонымен қатар ұйқының бұзылуы да маңызды рөл атқарады. Ұйқыға кеш жататын адамдар көп,  бұл ми жұмысына кері әсер етеді. Сондықтан әсіресе жас кезде ми белсенділігін сақтап, оны үнемі «жаттықтырып» отыру керек.   Сол арқылы болашақта аурудың даму қаупін азайтуға болады.

Бұл сырқат түрінің белгісін өзінен не туысынан байқаған жан қай маманның көмегіне жүгінеді?

– Ең алдымен невролог немесе психиатр дәрігердің қарауынан өтеді. Арнайы тесттер арқылы маман есте сақтау, ойлау қабілеттерін бағалайды. Осы тексерулердің нәтижесінде бұл жай ғана жеңіл когнитивті бұзылыс па, әлде деменцияның бастапқы белгілері ме – соны анықтауға болады. Егер күдік туса, қосымша мидың магниттік-резонанстық томографиясы немесе компьютерлік томографиясы тағайындалады.

Егер диагноз анықталып жатса, емдеуге бола ма?

–Бұл ауруды толық жазып жіберетін ем жоқ. Сондықтан негізгі мақсат – аурудың үдеуін мүмкіндігінше баяулату, науқастың өзін-өзі күту қабілетін ұзақ уақытқа сақтап қалу, мінез-құлықтағы өзгерістерді жеңілдету. Яғни біз ауруды толық жоймаймыз, бірақ оның әсерін барынша азайтуға тырысамыз. Егер Альгеймер ауруы айқын дамып, мидағы өзгерістер тереңдеп кеткен болса, онда оны толық тоқтату мүмкін емес. Себебі бұл кезеңде ми жасушаларының едәуір бөлігі зақымданып, жойылып кетеді, ал оларды қайта қалпына келтіру немесе «жаңасына алмастыру» қазіргі медицинада мүмкін емес құбылыс.

Аурудың емі болмаса да, алдын алу шаралары бар шығар...

– Әлбетте. Ең алдымен, артериялық қысымды, қандағы қант пен холестерин деңгейін тұрақты бақылауда ұстау керек. Бұған қоса,  физикалық белсенділікке көңіл бөлуді ұмытпаған жөн. Тамақтану да үлкен рөл атқарады. Қазір дәрігерлер Жерорта теңізі типіндегі рационды ұсынып жүр.  Алайда бұл зерттеулер негізінен еуропалық популяцияларда жүргізілгенін ескеру керек, сондықтан біздің өңірге бейімделген деректер де қажет. Көп жағдайда Альцгеймер ауруның еленбей жүретін тағы бір  көрінісі –  есту қабілетінің төмендеуі. Бұл да  осы сырқаттың дамуымен байланысты. Сонымен қатар күйзелісті де уақытында емдеу қажет. Жалпы алғанда, интеллектуалдық белсенділік пен әлеуметтік белсенді өмір салты ми қызметін ұзақ уақыт сақтауға көмектеседі.

Отбасында Альцгеймермен ауыратын адам болғанда, жақындары қандай қиындықтарға тап болады? Қазақстанда мұндай отбасыларға медициналық, әлеуметтік және психологиялық қолдау жеткілікті деңгейде көрсетіліп жатыр ма?

– Енді қиындықтарға келсек, мен бұл мәселені тек дәрігер ретінде емес, жеке тәжірибем арқылы да білемін. Менің анам деменциямен ауырды. Тіпті осы салада жұмыс істейтін маман бола тұра, мен де бастапқыда оның белгілерін қалыпты қартаюмен байланыстырдым. Бұл – көп адамның басты қателігі. Ал нақты диагноз қою қажеттігін түсінген кезде, біз көп қиындықтарға тап болдық. Ең үлкен мәселе –  жүйелі қолдаудың жоқтығы еді. Кейде дәрігерлер нақты диагноз қоя алмайды. Алдына барсаң жалпы «қантамырлық деменция» сияқты жалпылама қорытындымен шектеледі. Ал емдеу мүмкіндігі шектеулі болғандықтан, көбіне «осымен өмір сүру керек» деген жауап естисіз. Сонымен қатар мұндай науқастарға үйде күтім көрсететін арнайы дайындалған мамандар да  жоқтың қасы. Ауру өтіп кеткенде адамды жалғыз қалдыру мүмкін емес, оны тәулік бойы бақылау керек. Біз де анама күтім жасайтын адам табуға тырыстық, бірақ көп жағдайда медбикелер мұндай диагнозды естіген соң жұмыс істеуден бас тартады. Осындай сырқатпен күресіп жатқан адамдарға қолдау көрсететін арнайы мекемелер де өте аз. Ол кезде, мысалы, мұндай орталықтар тек Алматыда ғана болған, Астанада мүлде болмаған. Қазір біртіндеп пайда болып жатыр, бірақ олардың көбі жекеменшік және бәріне бірдей қолжетімсіз. Сондықтан бүгінгі таңда бұл мәселені шешуде ең маңызды қадам – тек ем іздеу емес. Бізге ең алдымен ауруды ерте анықтау жүйесін дамытуымыз керек. Себебі ауру ерте кезеңде анықталса, оның дамуын баяулатуға мүмкіндік бар.  

Сұхбатыңызға рахмет!