Мобильді аударымдар: мамыр айынан бастап қазақстандықтарға ескерту келе бастайды
Қазір деректер өңделіп жатыр
Қаржы вице–министрі Ержан Біржанов мобильді аударымдар бойынша барлық ақпарат келіп түскенін айтты. Енді салық органдары сол бойынша азаматтарға ескерту қағаздар жібереді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Жұмыстың қорытындысы бойынша айтар болсақ, бүгінгі күнге барлық банктер өздеріндегі деректерді ұсынды. Біз бұл ақпаратты қабылдап алдық, қазір оны өңдеу және талдау жұмыстары жүріп жатыр. Қазіргі кезеңде нақты қандай санаттар анықталатыны, қандай шаралар қолданылатыны туралы түпкілікті қорытынды айту мүмкін емес. Себебі алынған мәліметтерді мұқият талдап, салыстыру қажет», – деді Біржанов Мәжіліс кулуарында.
Ол атағандай, азаматтардың мәртебесі нақты айқындалуы тиіс: ол жеке кәсіпкер ме, өзін-өзі жұмыспен қамтыған ба, бейрезидент пе немесе өзге санатқа жата ма, осының бәрі жеке-жеке қарастырылады.
«Сонымен қатар бір азамат туралы мәлімет бірнеше банктен түсуі мүмкін екенін ескеру керек. Сондықтан барлық деректерді біріктіріп, қайталанған деректерді жойып, сәйкестендіріп жатырмыз. Осы себепті қазір нақты сан немесе категория бойынша толық ақпарат беру мүмкін емес. Жалпы, біз барлық деректерді жинадық, енді оларды жүйелеп, талдау нәтижесіне қарай тиісті шешімдер қабылданады. Бұған қатысты алғашқы хабарламалар мен ескертулер тек мамыр айында жіберіле бастайды», – дейді ол.