Ым-ишара тілімен жол ережесін түсіндірген полицей көпшіліктің ықыласына бөленді (ВИДЕО)
Ол жүргізушінің сөйлегенде қиналатынын байқап, бірден ым-ишара тіліне көшкен
Ақтау - Жетібай тас жолында полицей мен жүргізуші арасындағы ерекше қарым-қатынас Қазнетте қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жоспарлы тексеріс барысында полиция старшинасы Құрбанияз Демеков бір көлікті тоқтатқан. Ол жүргізушінің сөйлегенде қиналатынын байқап, бірден ым-ишара тіліне көшкен. Жүргізушіге жол қозғалысы ережелерін түсіндіріп, сұрақтарына жауап беріп, сыпайы түрде қоштасқан.
Оқиға бейнежазбасы әлеуметтік желілерде кең тарап, қолданушылар тарапынан оң пікірлерге ие болды. Пікір қалдырушылар «Жарайсың», «Осындай қызметкерлер көп болса екен» деген лебіздерін білдіруде.
Ал Құрбанияз Демеков мұндай назарды күтпегенін айтады. Оның сөзінше, бұл – күнделікті қызметтің бір бөлігі ғана. Сондай-ақ, қазіргі таңда полицейлерге ым-ишара тілінің бастапқы дағдылары үйретіліп жатқанын жеткізді.