Билеті 25 мың теңге: Астанадағы океанариумда «дискотека» өте жаздады
Қоғам наразылығынан соң бизнес өкілдері ойланған
Астанадағы ойын-сауық орталығы мен кофехана өкілдері бірігіп, Қазақстандағы ең үлкен океанариумда «дискотека» жасамақ болған. Оған желі белсенділері қарсылық танытты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Біз Ailand океанариумында жоспарланған кофе‑рейвті тоқтату туралы шешім қабылдадық. Іс-шараны ұйымдастыру кезінде команда алаңның техникалық талаптары мен ұсыныстарын мұқият ескерді, және біздің мақсатымыз океанариум жануарларына зиян келтіру немесе олардың тыныштығын бұзу емес еді», - делінген хабарламада.
Ұйымдастырушылар қоғамдағы наразылыққа құлақ түргенін айтады.
«Билеттердің барлығы дерлік сатылып кеткен еді, біз әрқайсыңыздың қызығушылығыңыз бен қолдауыңызға шын жүректен ризамыз. Барлық қонақтарға билеттердің толық құны қайтарылады», - деді олар.
Теңіз мақұлықтарының тыныштығын бұзатын би кешінің билеттері 25 мыңнан сатылған. Келетін қонақтар саны – 90 адам болған.

Айта кетейік, океанариум Гиннестің рекордтар кітабына кірген. Мұнда жыл сайын жарты миллионға жуық турист келеді. Океанариумда жүз түрлі 3 мыңға жуық теңіз жануары өмір сүреді. Оларды күтетін арнайы ихтиологтар, аквариумистер, су асты мамандары жұмыс істейді.