«Мұндай «әзілдердің» салдары ауыр болады»: полиция пікір жазатындарға ескерту жасады
Қауіпті пікір жазған жас жігіт ұсталды
Интернетте жарылыс жасау туралы пікір жазған адам ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ПД ақпаратына сай, 2004 жылы туған алматылық ер адам діни бірлестіктердің қызметіне қатысты жарияланымның астына қорқыту мазмұнындағы пікір қалдырған. Бұл дерек бойынша «102» пультіне хабарлама келіп түскен.

«Интернетте қалдырылған болса да, кез келген қорқыту полиция тарапынан қоғамдық қауіпсіздікке нақты қауіп ретінде қаралады. Мұндай «әзілдердің» ауыр салдары бар. Әр хабарлама мұқият тексеріледі және кінәлілер заңға сәйкес жауапкершілікке тартылады», – деді, Алматы қаласы ПД Экстремизмге қарсы күрес Басқармасының бастығы Асхат Дәулетияров.
Алматы полициясы азаматтарды әлеуметтік желілерді қолдануда жауапкершілік танытуға және қорқыту немесе құқыққа қайшы мазмұндағы хабарламаларды жариялауға не таратуға жол бермеуге шақырады.