«Айдалаға апарып, ұрып-соққан»: Талғар соты Хасан Қасымбаевты 12 жылға соттады
Оның бір сыбайласы бұрын адам өлтірген болып шықты
Алматы облысының Талғар аудандық соты Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша айыпталған атышулы Хасан Қасымбаевты 12 жылға соттады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Соттың мәліметіне сүйенсек, Хасан Қасымбаев адам ұрлау, қасақана ауыр зиян келтіру, қорқытып ақша боспалау баптары бойынша сотталып отыр.
Істің мән-жайына сүйенсек, Хасан Қасымбаев пен оның төрт сыбайласынан екі адам зардап шеккен. Оның бірі - кәсіпкер Әріпжан Тәжиев болса, екіншісі фитнес-тренер – Арман Әлімов.
«Хасан Қасымбаев алдын ала сөз байласа отырып, азамат Әлімовке күш қолданып, елді мекеннен тыс аумаққа алып шығып, ұрып соққан. Ал кәсіпкер Тәжиевті қорқытып, 1 млн теңгесін алып алған», - деп жазады дереккөз.
Сот «Хуторлық» деген лақап атқа ие Хасан Қасымбаев пен оның бес сыбайласының кінәлары толық дәлелденді деп тауып, оларды ұзақ жылға соттады.
Соның ішінде,
- қылмыстық топтың ұйымдастырушысы болып танылған Хасан Қасымбеков 12 жылға;
- бұрын адам өлтіргені үшін сотталған Нұрмұхамет Сұлтановты 22 жылға;
- Мадияр Кәлімжановты 9 жылға;
- Сайлау Ақтановты 8,5 жылға;
- Данияр Асқаровты 8 жылға соттады.
Айта кетейік, Хасан Қасымбаевтың аты Талғардағы жасөспірім Шерзат Полаттың өлімінен кейін белгілі болған еді.