Айтуынша, бұрынғы жұбайы желіге емін-еркін кіріп, ар-намысына тиетін жазбалар жариялап отырады
Әнші Индира Елемес қиын жағдайға тап болғанын айтып, көмек сұрады. Түрмеде отырған бұрынғы күйеуінің кесірінен қазір балаларымен бірге далада қалғалы отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«2018 жылдан бері балаларыммен «Иль де Франс» тұрғын үй кешенінде тұрамын. Өз қаражатыма үш пәтерді сатып алып, оларды біріктіруге рұқсат алғанмын»,- дейді ол.
Индираның айтуынша, тұрғын үй кешенінің құрылысын жүргізген компания мен оның өкілдері оның мүлкіне байланысты заңсыз әрекеттерге барған.
«Менің бұрынғы жұбайым Иманмади Қалилхан 2024 жылдың қарашасында қамауға алынған, қазіргі уақытта Алматы қаласындағы №72 мекемеде жазасын өтеп жатыр. Жақында балаларыммен тұрып жатқан пәтерімізді 25 миллион теңгеге құрылыс компаниясының өкілі сатып алғанын білдім. Бұл пәтердің нарықтағы бағасы 125 миллион теңге. Енді сол адам мені өз үйімнен қуып жатыр», – дейді Индира Елемес.
Әншінің сөзінше, экс-жұбайы мен компания өкілі оған айтпай сыртынан келісімшарт жасасқан.
«Олар өзара келісім жасап, 2025 жылдың 5 қыркүйегінде мәміле рәсімдеген. Мен бұл туралы жақында білдім. Қалайша қамауда отырған Иманмади Қалилхан менің атыма қатысы бар құжаттарға қол қойып, арыз жазған? Ол еш қатысы жоқ адам ғой», – дейді ол.
Индираның айтуынша, оның бұрынғы күйеуі түрмеде отырса да, сырттағы адамдармен байланысып, мәмілелер жасасқан.
«Ол түрмеде отырып, сот орындаушысы Әділ Байжұмановамен сөйлескен, ал бұл сот орындаушы менің көлігімді нарық бағасынан үш есе арзанға сатып жіберген. Бұрынғы күйеуім күні-түні Instagram желісінде отырады, менің абыройыма нұқсан келтіретін жазбалар жариялап, туыстарыма және маған қоқан-лоқы көрсетеді», – дейді ол.
Әнші бұл жағдай бойынша Медеу аудандық полиция басқармасына жүгінген.
«Пәтерімді рейдерлік жолмен тартып алу фактісі бойынша арыздандым. Бірақ топ болып, аса ірі көлемде жасалған ауыр қылмыстың барлық белгісі бар екеніне қарамастан, полиция қылмыстық іс қозғауға негіз тапқан жоқ», - деді Индира Елемес.
Ол президенттен әділдік сұрап, мемлекеттік органдардың әрекетсіздігіне шағымданды.
«Құрметті президент! Сізден мені және балаларымды мемлекеттік органдардың немқұрайлығынан, заңсыз әрекеттерден қорғауыңызды сұраймын. Олар тек формалды жауап берумен және қылмысты жасырумен айналысып отыр», - деді әнші.
Редакция оқиғаға байланысты Алматы қаласының полиция департаментіне сауал жолдады.