Жамбыл облысында әйел тереңдігі төрт метрден асатын шұңқырға құлап кетті
Құтқарушылар зардап шеккен әйелді жедел жәрдем бригадасына тапсырды
Жамбыл облысында құтқарушылар терең шұңқырға құлап кеткен әйелге көмекке келді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқиға Жамбыл ауданындағы Айша бибі ауылында болған. Әйелдің құтқарушылардың көмегіне мұқтаж екені туралы хабарлама облыстық ТЖД кезекші бөліміне түсті.
«Оқиға орнына жедел жеткен Жедел-құтқару жасағының құтқарушылары альпинистік құралдарды пайдаланып, тереңдігі төрт метрден асатын шұңқырға түсіп, зардап шеккен әйелді абайлап зембілге салып жоғары көтеріп, жедел жәрдем бригадасына тапсырды», - деп жазылған хабарламада.
Құтқарушылардың жедел әрі үйлесімді әрекетінің арқасында әйел аман қалды.
Еске сала кетейік, Балқаш қаласында 1970 жылы туған ер адам абайсызда тереңдігі 4 метр ашық құдыққа құлап түскен болатын.