Байқоңырда таңғы сағат 06.00-ден кешкі 21.00-ге дейін үйден шығуға шектеу қойылды
26 маусымдағы жағдайға сәйкес, Байқоңырда коронавирус инфекциясын жұқтырған 143 адам тіркелген
Коронавирус инфекциясының таралуына байланысты, Байқоңыр қаласына кіріп-шығуға шектеу қойылды. Қала ішінде таңғы сағат 06.00-ден кешкі 21.00-ге дейін үйден себепсіз шығуға да тыйым салынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасай отырып.
«Біз осы жылдың наурыз айында қолға алған шектеу шараларына қайтып келеміз деп шештік. Өйткені, сол кезеңде вирус таралмаған еді. Сондықтан, 5 шілдеге дейін қалаға кіріп-шығуға шектеу қойдық. Енді тек арнайы рұқсат қағазбен жүруге болады. Қаланың ішінде, алыс-жақын кенттерде вирустың таралу ошақтары тіркелді, сондықтан, қаладан шығып, инфекцияны ары қарай таратпаған абзал», - деген қала азаматтарына арнаған үндеуінде Байқоңыр қаласының басшысы Константин Бусыгин.
Шектеу шараларының ең бастысы, адамдарға таңғы сағат 06.00-ден кешкі 21.00-ге дейін үйде оқшауланып, жұмысқа, емханаға барудан басқа мақсатта үйден шығуға тыйым салынды. Қалада сауда орындары, балабақшалар, бассейндер, моншалар мен сауналар, спорт нысандары түгел жабылған. Ал, дәмханалар тек тапсырыспен жеткізу режимінде жұмыс істейді.