«Бурабай» ұлттық паркінде 3 гектарға жуық орман өртенді
Өртті толық сөндіруге бір тәуліктен астам уақыт кетті

Ақмола облысы Бурабай ауданында орманнан өрт шығып, 2,8 гектардан астам жасыл желек отқа оранды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Ақмола облысының төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқиға орнына жеткенде өрт сөндірушілер «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің көл маңы орман шаруашылығының 35 кварталындағы ағаштың жанып жатқанын анықтады. Өрт сөндірушілер Бурабай ауданының Сарыбұлақ ауылының маңындағы қалың орманнан шыққан өртті тәулік бойы сөндірген.
«Өртті толық сөндіруге бір тәуліктен астам уақыт кетті. Өртті сөндіруге Щучинск қаласының өрт сөндіру бөлімі, Бурабай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің қызметкерлері мен техникалары, сонымен қатар «Қазаве орман күзеті» қызметкерлері жұмылдырылды. Жалпы 2,8 гектар алқаптағы орман өртенді. Материалдық шығындар мен өрт себептері анықталып жатыр», - деді Бурабай аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Қанат Бабаев.
Абзал Алпысбайұлы,
Ақмола облысы