Ауруханада қайтыс болған әйелдің жақындары 3 жылдан кейін дәрігерлердің кінәсін дәлелдеді
Олар 3 млн теңге шығын өндіріп алды

Оралда ауруханада жатып қайтыс болған әйелдің жақындары дәрігерлерден 3 млн теңге моральдық шығын өндіріп алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сот материалдарына сәйкес, 2022 жылғы наурызда 45 жастағы әйел ауруханаға түскен. Оған жедел жұқпалы ауру диагнозы қойылып, ем алған. Алайда оның жағдайы күрт нашарлап, бір аптадан соң қайтыс болды.
Қайғылы оқиғадан кейін марқұмның анасы мен әпкесі дәрігерлердің салғырттығына шығамданып, облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен аурухананы сотқа беріп, моральдық шығынды өндіруді талап еткен. Олар қызы мен әпкесінен айырылған соң ауыр психологиялық күйзеліске түсіп, арада үш жыл өтсе де психикалық, физикалық және эмоционалдық азапты бастан кешіріп отырғанын айтқан.
Аурухананың үш дәрігері сапасыз медициналық қызмет көрсеткені үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Сот моральдық зиянды өтеу туралы талапты негізді деп таныды. Марқұмның анасы мен әпкесіне 3 млн теңгеден астам қаражат өндірілді.