Петропавл тұрғыны синтетикалық есірткі таратқаны үшін 7 жылға сотталды (ВИДЕО)
Жеңіл ақша тапқысы келген ер адам енді ұзақ уақыт қамауда отыратын болды

Петропавл қаласының 32 жастағы тұрғыны синтетикалық есірткі сатқані үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тергеу дерегінше, ол қаңтар айында интернет арқылы «жеңіл табыс табу» ниетімен есірткі саудасымен айналысатын онлайн-дүкендердің бірінде ораушы (фасовщик) ретінде жұмыс істей бастаған. Кураторынан тапсырма алып, ірі көлемде жеткізілген есірткіні шағын зип-пакеттерге бөліп, тапсырыс берушілерге жасырын орындар арқылы таратқан.
Біраз уақыттан кейін оның әрекеті құқық қорғау органдарының назарына ілікті. Ақпан айында күдікті Петропавл қаласының шетінде ұсталды. Тінту кезінде жалдамалы пәтерінен:
- 200 грамнан астам мефедрон мен α-PvP есірткі заты табылды;
- ал кейін анықталған жасырын қоймадан жарты келіден астам синтетикалық есірткі тәркіленді.
Бұл — биыл Солтүстік Қазақстан облысында анықталған ең ірі есірткі партияларының бірі болды.
Сот айыпталушыны аса ірі көлемде есірткі заттарын дайындап, сақтап және таратқаны үшін кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.