Қонақтардың алдында ұятқа қалдырған: Тараздағы мейрамхана той иелеріне ақшасын қайтарды
Сондай-ақ ернін үлкейткісі келген тұрғын да косметологиялық орталықтан қаражатын қайтарды

Таразда мейрамхананың дастарханына көңілі толмаған той иелері мен жанармай құю бекетінде тиісті ақпарат ала алмаған азамат және Маңғыстау облысында ернін үлкейтемін деп қиындыққа тап болған тұрғын қызмет алған орындарға төлеген ақшасын қайтарып алды. Олар ҚР СИМ аумақтық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сауда және интеграция министрлігінің мәлімдеуінше,Тараз қаласының тұрғыны анасының 80 жас мерейтойын атап өту үшін мейрамханаға алдын ала тапсырыс берген. Отбасы мерекеге мұқият дайындалып, мәзірді бірнеше рет мекеме иесімен келісіп, тағамдардың сапасы мен мөлшеріне ерекше мән берген. Тапсырыс беруші қажетті өнімдерді сатып алу үшін соманы бірден төлеуге дайын екенін айтқан. Сонымен қатар, егде жастағы қонақтардың келетінін ескертіп, дастарқанның мол әрі дәмді болуын сұраған.
Алайда мереке күні ұсынылған тағамдар келісілген мәзірге мүлде сәйкес келмеген. Ыстық тағамдар дәмсіз, еттің қамыры жабысып, ет мөлшері тым аз болған. Әр үстелге бір ғана апельсин мен мандарин қойылған. Уәде етілген сазан балығы орнына бір ғана скумбрия ұсынылып, танымал кондитерлік өнімдер белгісіз өндірушінің тәттілерімен ауыстырылған. Мерекенің ортасына қарай үстелдер босап қалған. Тапсырыс берушінің айтуынша, отбасы қонақтардың алдында үлкен ұятқа қалған.
«Мейрамхананың иесіне 200 мың теңге көлеміндегі залалды өтеу туралы ұсыныс жасалғанымен, ол қызметтің сапалы көрсетілгенін айтып, бас тартқан. Осыдан кейін тұтынушы Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінді. Мамандардың көмегімен талап арыз дайындалып, оған фото және видео айғақтар қоса тіркелді. Екі күн ішінде кәсіпкер тұтынушыға 150 мың теңге қайтарып берді. Бұл жағдай қоғамдық тамақтану саласында тұтынушының құқығы қорғалуы мүмкін екенін дәлелдеді», - деп жазды департамент.
Тағы бір жағдай Тараз қаласында тіркелген. Қала тұрғыны жанармай бекетінен жанар-жағармай сатып алмақ болғанда, тұтынушыларға арналған міндетті ақпараттың жоқ екенін анықтап, бұл жайлы департаментке шағым түсірді. Ол бекет пен кеңсе аумағындағы ақпараттың жоқтығын растайтын фотосуреттерді де ұсынды. Маман¬дар тексеру жүргізіп, бұл деректерді растады. Сонымен қатар, қосымша бірнеше заң бұзушылық анықталды. Атап айтқанда, тұтынушыны қазақ және орыс тілдерінде ақпараттандыру болмаған, сатушының аты-жөні көрсетілген бейджі жоқ, бақылау чегін алу қажеттігі туралы ескерту де орналастырылмаған.
«Тексеру нәтижесінде кәсіпкерге 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды және бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді. Егер бұл талап орындалмаса, 100 АЕК-ке дейін айыппұл салынуы мүмкін. Қазіргі таңда барлық заңға сай ақпарат бекет аумағында көзге көрінетін жерде орналастырылған», - делінген хабарламада.
Маңғыстау облысында да тұтынушы құқығы табысты қорғалды.
«31 шілде күні Ақтау қаласының тұрғыны ерін үлкейту процедурасын жасау үшін сұлулық салонына жүгінген. Процедура алдында ол маманға бала емізу кезеңінде екенін, яғни бұл қызметті алуға медициналық тұрғыдан қарсы көрсетілім бар екенін ескерткен. Алайда косметолог бұл ескертуді елемей, инъекция жасаған. Нәтижесінде тұтынушыда ауырсыну, көпіршіктер және жалпы жайсыздық пайда болған», - деп хабарлайды дереккөз.
Жәбірленуші E-өтініш платформасы арқылы ресми түрде шағым түсірген. Департаменттің араласуымен ол 80 мың теңгесін қайтарып алған.