Астанада бір тұрғын үй кешенінің ақшасын тұтастай «жұта салған» директор 7 жылға сотталды (ВИДЕО)
Оның сыбайласы әлі халықаралық іздеуде

Астанада көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысын қаржыландыруға бөлінген бюджет қаражатын иемденіп, талан-таражға салған «Дорстройтрест» ЖШС басшысы Ерден Нұрбаев 7 жылға сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қаржы мониторинг агенттігінің ақпаратына сүйенсек, ол «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ның бұрынғы басқарушы директорымен бірге 2,6 млрд теңгені талан-таражға салған.
«Samruk-Kazyna Construction» АҚ мен «Дорстройтрест» ЖШС арасында құрылысқа инвестиция тарту туралы шарт жасалып, оның аясында мердігерге 2,6 млрд теңге аванс аударылған. Алайда құрылыс жүрмеген, белгіленген мерзімде аяқталмаған. Аванстың едәуір бөлігі құрылысқа қатысы жоқ қарыздарды өтеуге және автокөлік сатып алуға жұмсалған. Бұдан бөлек, 650 млн теңге жалған шарттар арқылы аффилирленген компаниялардың шоттарына аударылып, қолма-қол ақшаға айналған», - деп хабарлайды ҚМА.
Сот «Дорстройтрест» ЖШС басшысы Ерден Нұрбаевты 7 жылға соттаған. Оның 131 млн теңге болатын мүлік мемлекет кірісіне тәркіленген.
«Ал «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ның бұрынғы басқарушы директоры халықаралық іздеуде», - деп хабарлайды ҚМА.