Жаңаарқада шаруаларға заңсыз субсидия алып беріп отырған шенеунік айыппұл арқалады
Лауазымды тұлға үнемі пара алып отырған

Жаңаарқа аудандық соты «Жаңаарқа ауданының ауыл шаруашылығы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің бас маманына қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Аудан прокуратурасы ұсынған қылмыстық іс материалдарына сәйкес, сотталған шенеунік 2023 жылы қызметтік лауазымын пайдалана отырып, шаруа қожалықтарының басшыларынан жүйелі түрде субсидия алуға жәрдемдескені үшін заңсыз сыйақы алып отырған, сондай-ақ алаяқтық жолмен ақша қаражатын иемденген.
«Сот оны пара алу және алаяқтық бойынша кінәлі деп танып, 9 784 896 теңге көлемінде айыппұл салу жазасын тағайындап, оны мемлекеттік және қаржы мекемелерінде лауазымды қызмет атқару құқығынан айырды. Қылмыстық іс бойынша келген залал толығымен өтелді», - деп хабарлайды Ұлытау облысының прокуратурасы.
Үкім заңды күшіне енген.
«Жаңаарқа ауданының прокуратурасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша жүйелі жұмысын жалғастырып жатыр», - деп хабарлаған Ұлытау облысының прокуратурасы.