Германия депутаттары парламентте тарихи оқиғаға куә болды
Депутат әйел баласын трибунаға алып шықты

«Жасылдар» партиясының өкілі Ханна Штайнмюллер Германия тарихында алғаш рет баласын көтеріп тұрып парламент мінберінен сөз сөйледі. Ол бюджет тақырыбын көтерген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Spiegel.de басылымына сілтеме жасап.
Парламент өкілдері депутаттардың бұрын-соңды трибунаға баласын алып шықпағанын айтты.
Ханна Штайнмюллер сөйлегенде құшағындағы баласы тәтті ұйқыда жатқандай болды. Сәби былтыр желтоқсанда дүниеге келген. Штайнмюллер бұған дейін баласын жалпы отырыс залына алып келген, бірақ мінберге алғаш рет алып шықты.
Парламент төрайымы Юлия Клёкнер әлеуметтік желіде әріптесін құттықтап, оның жұмыс пен баланы қатар алып жүргеніне жоғары баға берді. Сондай-ақ белгілі жағдайларда нәрестелердің жалпы отырыс залына кіруіне рұқсат етуге болатынын айтқан.
Германияда парламентке баласымен келу мәселесі бұрыннан талқыланып келеді. 2009 жылы бірнеше әйел-депутат Берлин парламентінің төрағасымен осыған байланысты дауласып қалған. 2014 жылы Баден-Вюртемберг федералды аймағында тұңғыш рет депутаттарға бала күтіміне байланысты демалыс енгізді. 2017 жылы Бундестагта балалар ойнайтын бөлме жасақталды.