Перизат Қайрат пен оның анасы қай қалада қамалып отырғаны белгілі болды
Бұл сұраққа прокурордың көмекшісі Индира Жұмағали жауап берді

Бүгін Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты атышулы істің апелляциясы өтіп жатыр. Апелляцияның шешімі кешкі сағат 17.30-да белгілі болады. Прокурордың көмекшісі Индира Жұмағали бірінші соттың үкімін өзгеріссіз қалдыруды сұрады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Перизат Қайрат пен Ғайни Алашбаеваға қатысты қылмыстық іс халық арасында резонанс тудырды. Қайырымдылық қорының атын жамылған ол азаматтардың сенімін пайдаланды, ал ақша аударған адамдардың арасында әлеуметтік осал топтары адамдар да болған. Бұл – қоғамның сенімі мен адал қайырымдылық институтының атына кір келтірді. Іс БАҚ беттерінде көп жазылды. Сотталған азаматшалардың әрекеті қайырымдылық саласындағы бүкіл жұмысқа нұқсан келтірді», - дейді Индира Жұмағали.
Сондықтан ол Перизат Қайрат пен анасының жазасын өзгеріссіз қалдыруды сұрады. Оның айтуынша, қазір сотталғандар Астананың уақытша қамау изоляторында отыр.
Айта кетейік, Перизат Қайрат 10 жылға, ал анасы 7 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Негізгі сот процесі 14 шілдеде басталған. Істе 51 жәбірленуші бар, ал іс құжаттарының көлемі 100 томнан асады.
Айта кетейік, Перизат Қайрат 2024 жылдың қарашасында қазақстандықтардың қайырымдылыққа деп жинаған 3 млрд теңгеден астам қаражатын өз қажетіне жұмсап, талан-таражға салғаны үшін ұсталған.
Бұл қаражат мүмкіндігі шектеулі балаларға, Қазақстандағы су тасқынынан және Таяу Шығыстағы қақтығыстан зардап шеккендерге қайырымдылық көмегі ретінде жиналған. Қылмыстық іс сотқа жолданды. 9 шілдеде Астана сотында ұрланған қаражаттың жалпы сомасы нақтыланып, 3,5 миллиард теңгені құрағаны айтылды.
Қылмыстық іс бойынша сот процесі екі аптаға созылды. Ол ішінара жабық режимде өтті. Сотта дәлелдер журналистердің қатысуынсыз зерттелді.
Сот Перизат Қайраттың мүлкі мен жылжымайтын мүлкіне тыйым салды. Әңгіме элиталық жылжымайтын мүлік, люкс автокөліктер, қымбат әшекей бұйымдар мен аксессуарлар туралы болып отыр.
2025 жылдың қаңтар айының соңында ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі Перизат Қайратқа қатысты жаңа тергеуді тіркеді. Ол мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталығын салу үшін ақша жинау кезінде алаяқтық жасады деп айыпталды.
Күдікті өзін бизнес-ханым ретінде көрсетуге тырысып, заңсыз иемденген миллиардтарды заңдастырмақ болған. Ол тергеу органдарымен байланыс орнатудан бас тартып, жауап беруден де бас тартқан.